Шекарашылардың ширек ғасырлық мерейтойының қарсаңында біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан ДІЛМАНОВҚА жолығып, бірнеше сұрақ қойған едік.
– Дархан Айтқалиұлы, сізді және барлық қазақстандық шекарашыларды 25 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймыз. Біздің оқырмандарымызға шекара қызметінің қалыптасу жолдары туралы қысқаша айтып берсеңіз?
– Шекара қызметінің құрылуы тәуелсіздіктің басқа да атрибуттарын қалыптастыру сияқты күрделі жағдайда өтті. КСРО-дан қалған Шығыс шекаралық округін қазақстандық шекарашыларға беру белгілі себептермен көптеген кедергілерге ұрынды, соған қарамай Президенттің қолдауымен, қазақстандық әскери қолбасшылардың іскерлігінің арқасында шекара қызметі қалыптасты. Оның алғашқы басшысы қазір құрметті демалыста жүрген генерал-лейтенант Болат Зәкиев. 1995 жылы шекара әскерлері Шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитет, ал 1997 жылдың наурызынан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы Мемлекеттік шекара күзетінің күштері болып өзгертілді. Шекара күзетінің күштері миграциялық ағынның күшеюімен мемлекеттің экономикалық мүдделерін қорғау мақсатында есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестерге маманданды. Қазір еліміздің мемлекеттік шекарасы толық периметрінде күзетке алынған. Күзетілетін шекараның ұзындығы алғашқы 1783 шақырымнан қазір 8,5 есе артып, 15132 шақырымға дейін созылды. Өткізу бекеттері мен жолаушылар ағыны ондаған есеге көбейді. Шекара қызметінің белсенділігі артып, қызметі ұлғайғаны ескеріліп, 1999 жылы Президент өзінің Жарлығымен оны Қарулы Күштер қатарынан шығарып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметі етіп өзгертті.
– Соңғы жылдары қандай нәтижелерге қол жеткізілді? Мемлекеттік шекараны бұзушылар бар ма? Қанша контрабандалық тауарлар тәркіленді?
– Үстіміздегі жылдың алғашқы жартысында мемлекеттік шекара тәртібін бұзған 12000-ға жуық адам ұсталды. Бұл былтырғы жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 4,6 пайызға төмен. Жалпы, ұсталғандар азайғанымен өткізу бекеттерінен тыс жерлерде шекара бұзушылар саны артып отыр. Шекаралық режімді бұзушылар саны аталмыш кезеңде 2100 адам болды, бұл былтырғыдан 42 пайызға артық. Ал мемлекеттік шекара режімін бұзушылар саны 19 пайызға артып, 400 адамды құрады. Өткізу бекеттеріндегі шекара тәртібін бұзушылар саны да азаймай отыр, ол былтырғымен салыстырғанда 13 пайызға артты. Қазір шекара тәртібін бұзушыларды анықтайтын инженерлік құрылғылардың пайдасы зор. Сондай құрылғылар орнатылғаннан кейін Қазақстан мен Өзбекстан шекарасын бұзушылар саны 23,6 пайызға азайды. Бізді Қазақстанның территориялық суларындағы, атап айтқанда, Каспий теңізіндегі шекара тәртібін бұзушылардың саны арта түскені алаңдатуда. Ондағы ұсталған бұзушылардың саны былтырғыдан 50 пайызға артты. Сонымен қатар биылғы жылдың басынан бері есірткі заттарын анықтауда үлкен нәтижелерге қол жеткізгенімізді атап айтқым келеді. Нақты айтсақ, биыл есірткі тасымалының 123 фактісі анықталып, 63 келі көкнәр, 22 келі марихуана және 1,4 келі апиын шикізаты тәркіленді. Әкімшілік жазаға тартылған адамдар саны – 11600, мемлекеттік бюджеттің есебіне 14 миллион теңгеден астам айыппұл төленді.
– Шекара күзетінің қырағылығын жетілдіре түсу бағытында қандай жұмыстар істелуде?
– Шекара әскерлерінің дайындығы бұл жұмыстың нәтижелілігінің ең басты шарты деп айтуға болады. Бүгінгі таңда біз оңтүстік және оңтүстік-батыс стратегиялық бағыттарының жұмысын жетілдіру, осы бағыт әскерлерінің дайындығын шыңдай түсу тұрғысында кешенді шаралар жүргізудеміз. Соңғы кездегі шекара тәртібін бұзу оқиғалары заңсыз миграциямен тығыз байланысты болып отыр. Біз ҰҚШҰ-ға мүше елдердің аумағына үшінші елдің азаматтары тарапынан заңсыз миграцияны болдырмас үшін жыл сайын жасалатын «Нелегал» жедел профилактикалық бірлескен шараларына қатысамыз. Сондай-ақ, ТМД аумағына Ауғанстан жерінен террорлық топтар, қару-жарақ, есірткі заттарының өтуі мен заңсыз миграцияға жол бермеу үшін бірлескен шекаралық арнаулы операцияларға қатысып отырамыз. Мәселен, нақ осы күндері шекарашыларымыз «Көкнәр-2017» профилактикалық шараларына қатысуда.
Шекара құрылымдарының кәсіби деңгейінің артуына қатты көңіл бөлінеді. Осы мақсатпен үстіміздегі жылы олардың әскери дайындығын арттыру шаралары белгіленген. Соның ішінде биыл шекарашыларымыз командалық-штабтық 4 әскери ойынға, сондай-ақ, штабтық және Қорғаныс министрлігі мен Ішкі істер министрлігі бөлімдерімен бірлескен жаттығуларға қатысты. Мұндай шаралар тұрақты өткізіліп тұрады, шекарашылардың кәсіби дайындығын үнемі жетілдіріп отыруды алдымызға басты міндет етіп қойғанбыз. Барлық құрылымдарымыз бойынша айтқанда биыл 4600 шекарашы қатыстырылған 240 дайындық шаралары өткізілді. 320 шекарашы білім мен кәсіби шеберлікті жетілдіру курстарынан өтті. Жасыратыны жоқ, бүгінгі таңда мемлекеттік шекараның барлық периметрі бойынша оперативтік жағдай күрделене түсуде. Соған орай шекара күзетінің әскери қызметтік дайындығы да үнемі арттырылу үстінде. Жаңа қатерлердің алдын алу мақсатымен осы бағыттағы құқықтық құжаттар да жетілдіріліп, шекара қызметінің жетілдіріле түсуіне заңнамалық негіз қаланды. Соның арқасында қосымша штаттық бірліктер енгізіліп, кадрлармен қамтамасыз етудің бірінші кезектегі проблемалары шешілді. Атап айтқанда, Қытай Халық Республикасымен арадағы шекараның өткізу бекеттері қайта құрылды. Оңтүстік және оңтүстік-батыс бағытындағы заставалардағы жауынгерлер саны талап етілетін деңгейге жеткізілді. Сондай-ақ, әскери резервтер деп аталатын қосымша бөлімшелер құрылды. Өткізу бекеттері де қосымша күштермен толықты. Әскери тәртіпті күшейту шаралары да үнемі назарда болып, соның арқасында жауынгерлер арасындағы құқық бұзушылықтар мен түрлі жарақат алулар азайды. Әскерді қару-жарақпен, техникалармен және ізшіл иттермен қамтамасыз ету арттырылып, материалдық қамтамасыз етудің басқа да өзекті мәселелері шешілді. Сондай-ақ, техникалық бақылау бекеттеріне стационарлық радиолокациялық стансалар қайтадан орнатылды. Олар бұрынғы ескі емес, бәрі де жаңартылған техникалар. Көптеген заставаларға арнайы РЛС құрылғысы, дабыл кешендері мен бақылау құралдары бар кешендер орнатылды.
– Шетелдік шекара қызметтерімен ынтымақтастық мәселелері қалай шешілуде?
– Шекара қызметі алдымен Қазақстан Республикасының, сосын ынтымақтастық келісімдеріне сәйкес ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ-ға мүше елдердің ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қызмет етеді ғой. Міне, биыл мемлекет басшыларының шешімімен құрылған ТМД елдері Шекара қызметі басшылары кеңесіне 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде ынтымақтастық шарттары мүлтіксіз орындалып, шекараларды бірлесе қорғау шаралары жоспар бойынша жүргізіліп келеді. Шекара әскерлері командашыларының кеңесі өзара тәжірибе алмасып, ортақ тәуекелдерді бағалау мен оларға қарсы әрекеттерді жоспарлау істерін жүргізуге тиімді алаң болып отыр. Өзара мүдделерімізді тоғыстыратын тетіктерді әзірлеу ісі де осы ұйымның көмегімен жүзеге асырылады.
Жоғарыда аталған халықаралық ұйымдар шеңберіндегі ынтымақтастық шекара қызметтерінің сыртқы қатерлерге қарсы күштерін біріктіруге, сондай-ақ, шекараларды күзету бойынша халықаралық келісімдерді қабылдауға, өзара жедел ақпараттармен алмасуға мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ, әскери-техникалық саясат пен шекараға байланысты көптеген мәселелерді реттеу үшін ұйымның әрбір мүше мемлекеттерінде әріптестердің шекара ведомстволарының өкілдіктерін ашуға жағдай туғызылған. Осы ұйымдарға мүше мемлекеттердің құқық қорғау органдары заңсыз миграцияға, есірткі трафигіне, тауар контрабандасына және т.б. қарсы шекаралық бірлескен операцияларды көптен бері жүргізіп келеді.
– Шекара күзеті қызметі елімізде өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қаншалықты үлес қосуда?
– ЭКСПО-2017 еліміз үшін аса маңызды халықаралық оқиға және біздің ұлттық аса мәнді жобамыз ғой. Оның тамаша өтуіне шекара қызметі де өзінің үлесін қосуда, атап айтқанда, астаналық әуежайда мемлекеттік шекараны қорғау жұмысына үлкен мән беріліп отыр. Қазақстанға көрмеге келген шетелдік азаматтарға шекаралық бақылау жұмыстарын жүргізушілердің барынша тиянақты және мұқият болу шаралары жасалған. Соның ішінде «Астана әуежайындағы қауіпсіздік пен комфорт» атты кешенді жобаны іске асыру үшін «Астана» шекаралық бақылау қызметкерлері мен лауазымды тұлғалар арасында үлкен дайындық жұмыстары жүргізілді. Қызметкерлердің халықаралық қатынас тілдерінде жауаптаса алуына дайындық және психологиялық тренингтер Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп жасалды. Шекараларда болуы мүмкін трансұлттық қылмыстарға қарсы күрес бойынша әскерилер арнайы семинарлардан өтті. Шекаралық бақылау құрамына енген қызметкерлермен жиындар өткізіліп, онда кәсіби біліктілігі барынша жетілдірілген, өз ісінің шеберлері бола білген қызметкерлер таңдалды.
– Бүгінгі таңдағы шекарашылардың материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуі қандай? Шекара заставаларында қызметкерлерге жағдай жасалған ба?
– Шекараның материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілуіне ведомство басшылары ғана емес, Мемлекет басшысының өзі үлкен қамқорлық жасап отыр. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен орта мерзімді мемлекеттік бағдарлама қабылданып, ол шекара күзеті қызметінің барлық аспектілерін қамтыды. Қазір іске асырылып жатқан осы бағдарлама шекара күзету қызметін барынша жетілдірілген осы күнгі жүйемен және қару-жарақпен қамтамасыз етуді, авиа және теңіз техникаларымен жарақтандыруды, шекара заставалары мен отрядтарының, сондай-ақ, шекаралық мекендердің инфрақұрылымын дамытуды қарастырған. Осы бағдарламаның арқасында 2013-2015 жылдары ғана 15 шекаралық застава жаңадан ашылды, сондай-ақ, тұрғын үй қорын жаңалау жұмыстары, казармалар мен күзет орындарын күрделі жөндеуден өткізу және оларды абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Үстіміздегі жылдың екінші жартысында Қордай шекаралық отрядының әскери қалашығы іске қосылатын болады. Соңғы 2-3 жылда шекара қызметінің теңіз және авиация паркіне осы заманғы 4 кеме, 6 тікұшақ және 1 ұшақ қосылды. Қызметкерлердің әлеуметтік жағдайының жақсаруы да артып келеді. Соның бір мысалына Елбасының әскери қызметкерлердің жалақысын өсіру туралы шешімін айтуға болады.
Бүгінгі таңда «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Жағалық бақылау» аймақтық басқармаларының аумақтары инженерлік жарақтармен толық қамтамасыз етілген. Барлығы да дуалдармен қоршалып, стационарлық стансаларға арналған бақылаушы темір мұнаралармен және мачталармен қамсыздандырылды. «Оңтүстік» аймақтық басқармасының учаскесінде геоақпараттық жүйе жасалып, іске асырыла бастады. Ол жылжымалы нысандар туралы ақпараттар алып, оның қадамдарын бақылау үшін электронды карталарға түсіре алады. Астана халықаралық әуежайының жаңа терминалындағы өткізу орнына адамдарды танитын жүйе орнатылды. Ол ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне келген шетелдік қонақтарды өткізу орнынан бөгетсіз жіберуге мүмкіндік беріп отыр.
– Мерейтойды атап өтуге байланысты қандай шаралар қолға алынбақ?
– Шекарашылар күні мерекесінде «Шекара қызметінің 25 жылдығына – жоғары деңгейдегі әскери дайындық пен кәсіби шеберлік» айдарымен әскери жарыстар өтеді. Қалыптасқан дәстүр бойынша мамыр айында Шекара қызметінің 25 жылдығына арналған эстафета басталған. Оның символы Қарасай шекаралық отрядына табыс етілді, одан әрі ол Алматы, Өскемен, Павлодар, Петропавл, Қостанай, Ақтөбе, Орал, Атырау, Ақтау, Қызылорда, Сарыағаш, Шымкент, Леңгір, Тараз қалаларын басып өтіп, Шекарашылар күні – 18 тамызда Астана қаласында, аяқталады. Үш айда ол 15 мың шақырым жол жүреді деп күтілуде. Бұл Қазақстан шекарасының жалпы ұзындығына тең қашықтық. Эстафета шекарашы жауынгерлердің мемлекеттік шекараны күзету мен қорғау дәстүрлерін, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, аға ұрпақты сыйлау, ТМД елдерімен достықты насихаттау мақсатымен жүргізіліп отыр. Жалпы, мерекелік шаралар әртүрлі, бірақ біз бұл кезде де шекара күзетіндегі қырағылықты кемітпейміз, сол күндерде кезекші болатын шекарашылар өз міндеттерін мүлтіксіз атқаратынына сенімдіміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»