Отандық сарапшы мамандар «Нұрлы жол» бағдарламасы жаһандық қатерлерден туындайтын сыртқы факторларға қарсы жауап қана емес, ішкі экономикалық өсімді қамтамасыз етуді көздеген кешенді шаралардың біртұтас жиынтығы деген ойда. Бағдарламаның басты өзегі отандық инфрақұрылымды дамыту болып табылатындықтан, ол еліміздегі ұлттық идея – индустрияландыру саясатымен де біте қайнасып жатыр. Сондай-ақ, әлеуметтік жаңғырту бағытындағы кешенді шаралардың бағытын анықтап, отандастарымыздың лайықты өмір сүруіне қажетті басымдықтарды қолдауға арналғандығымен де қызу қуаттауға ие болды. Сарапшылардың пікірінше, әлеуметтік саладағы баспанамен қамту, тұрғын үйлерді жаңғырту, көлік-жол инфрақұрылымын жақсарту бағыттары бойынша қолға алынған жұмыстарға жұрт риза. Және бұл жұмыстар оң нәтижесін бере бастады. Негізінен, тиімді көліктік-логистикалық инфрақұрылым құру, индустриялық инфрақұрылымды және туристік инфрақұрылымды дамыту, бірыңғай электр энергиясы жүйесі шеңберінде энергетикалық инфрақұрылымды нығайту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының инфрақұрылымын және жылумен, сумен жабдықтау мен су бұру желілерін жаңғырту, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыру, білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту және кәсіпкерлік субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін жетілдіру сияқты бірнеше сүбелі бағыттарды қамтитын мемлекеттік бағдарламаның жүзеге асуы орта мерзімге жоспарланғанымен, жекелеген салаларда «Нұрлы жолдың» шарапаты дәл қазіргі күні анық сезіліп отыр. Біз бүгін осы бағдарламаның бір сүбелі бағыты – бірыңғай электр энергиясы жүйесі шеңберінде энергетикалық инфрақұры- лымды нығайту жұмыстарындағы қол жеткен нәтижелер туралы тілге тиек етпекпіз.
Жалпы, электр жарығынсыз қазіргі өмірді елестетуге бола ма? Әрине, мүмкін емес! Адамзаттың осы энергияға деген тәуелділігі 1882 жылдың 4 қыркүйегінен басталған екен. Дәл осы күні Томас Эдисон деген өнертапқыш электр тогын қосатын қондырғыны бұрап Манхеттендегі бір үйді жарықтандырған болатын. Ол үй «J.P.Morgan банкі» қаржы мекемесінің кеңсесі еді. Эдиссонның шағын электр стансасында өндірілген қуаттың күші жүзге жуық шағын лампаны жағуға жетіп, әлем тарихында жаңа бетбұрыс жасалды.
Айтпақшы, заманында Лениннен қалған «Коммунизм дегеніміз – бүкіл елді электрлендіру» деген сөздің жаны бар. Әдебиет пен көсемсөзде «Ильич шамы» деп әсіре суреттелген энергиямен қамтамасыз ету саясаты адамдардың лайықты тұрмысқа қол жеткізуі мен мемлекеттегі өндіріс пен шаруашылықтың қарыштап дамуына да орасан ықпал етті. Бірақ, Қазақстандағы ең шалғай ауылға электр шамын жаққан Кеңес Одағының тұсында да елді жаппай қуат көзімен қамту толыққанды шешілген жоқ.
Еліміз тәуелсіздіктің 25 жылдығында қуат көзіне зәрулік сезінбесе де, мемлекеттік саясаттың басты ұстанымы ретінде аймақтарды тұрақты әрі арзан энергиямен қамтамасыз ету күн тәртібінен түскен емес. «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы қазір осы ауқымды міндетті атқарып, негізгі мақсатқа қол жеткізу үшін алтын көпір болып отыр. Мысалы, байтақ елді сапалы қуат көзімен қамту мақсатында «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік энергия тасымалдау желілерінің» құрылысы жүріп жатыр. Бұл теңдессіз жобаның жүзеге асырылуы екі кезеңнен тұрады. Алғашқы кезеңі – қуаттылығы 500 кВ болатын Екібастұз – Шүлбі – Өскемен желісінің құрылысы болатын. Жобаның жүзеге асу уақыты 2011-2017 жылдар аралығы еді. Қуаныштысы, қаржылық құны 53,3 млрд теңге болатын жоба мерзімінен бұрын аяқталып, 2016 жылдың 6 желтоқсанында өткен «Индустрияландару күні» шарасында Елбасы Н.Назарбаевтың қатысуымен іске қосылған болатын.
Айтуға оңай болғанымен, бұл алып жоба аясында тартылған 405 шақырымды қамтитын, тасымал қуаттылығы 500 кВ болатын Екібастұз – Семей желісі мен 192 шақырмға созылған Семей – Өскемен учаскесі желісінің өзі қыруар еңбек пен қаржыны қажет ететіні аян. Және бұл жобаны жүзеге асыруға кеткен қаржы мемлекеттің есебінен емес, «KEGOK» компаниясының капиталынан жұмсалды. Яғни, бағдарлама таза инвестиция тарту арқылы сәтті жүргізілді.
«Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамыту бағдарламасының негізінде еліміздің энергетикалық мүмкіндіктерін арттыру жалғасып жатыр. Әлгінде айтылған «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік энергия тасымалдау желілерінің» құрылысы толықтай 2018 жылы аяқталады деп күтілуде. Қуаттылығы 500 кВ болатын Шүлбі ГЭС-інен басталған екінші бағыт Ақтоғай – Талдықорған арқылы жалғасып, Алма стансасына дейін созылады. Қағаз бетіне оңай жазылғанымен, аталған учаскелердің арасы көз жетпейтін қашықтық екені және рас. Мәселен, Семей мен Ақтоғайдың арасы 400 шақырым шамасында болса, Ақтоғай мен Талдықорғанның қашықтығы 288 шақырым екен. Ал соңғы жеткізу нүктесі саналатын Алма стансасына дейін тағы 200 шақырымнан асатын қашықтық қосылады. Мұның сыртында тасымалдау желілері өтетін аумақтардағы ішкі желілер, жолай қосылатын тірек стансалары сияқты қыруар жұмыс және атқарылды. Қазір бұл жоба бойынша тиянақтау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұйырса, 2018 жылы еліміз өз тәуелсіздігінің тарихында ішкі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кезекті жеңісін тойлайтын болады. Бұған дейін батыс аймақта ішкі тасымал желілері бойынша жұмыстар сәтті аяқталған болатын.
Айтпақшы, «Солтүстік – Шығыс – Оңтүстік энергия тасымалдау желілерінің» толықтай іске қосылуы Отанымыздағы кен өндірісіне қажетті энергия шығындарын азайтып, темір жол бойы тұтынатын қуат көзін қолжетімді етеді. Сондай-ақ, бұл жобаның жүзеге асуы шекара бойындағы аудандар мен басқа да жүздеген елді мекенді толықтай энергиямен қамтамасыз етіп, арзан әрі тұрақты қуат көзіне қосылуға мүмкіндік береді. Ендеше, «Нұрлы жолдың» жарық сәулесі алыстан көз тартатын күн жақын.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»