Ол Бұланды ауданындағы Макин құс фабрикасының құрылысымен танысып, «Макинск элеваторы» ЖШС-інде болып, қуаты жылына 34 мың тоннаны құрайтын базальт минерал тақталар шығаратын зауытын («Политерм» ЖШС) аралады. Депутат маңызды инвестициялық жобаларды нәтижелі жүзеге асыру ауданның алдағы уақытта экономикалық дамуына жақсы серпін береді деп санайды.
Р.Әкімов әлеуметтік саланың ахуалымен де танысты. «Арайлым» балалар бақшасында, аудандық емханада болып, еңбек ұжымымен дәрігерлік қызмет көрсетулерді дамыту және азаматтарды медициналық сақтандыру институтының енгізілуі мәселелерін талқылады. Ақкөл ауданының басшылығымен кездесу барысында әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты мәселелер талқыланды. Сенатор Парламенттің жоғарғы Палатасы жұмысының нәтижелері туралы жан-жақты хабардар етті.
Рашит Әкімов аудандық мәслихат хатшысымен және депутаттармен кездесу барысында қазіргі кезде Парламент палатасының қарауында 80-нен астам заң жобасы бар екенін атап өтті. Олардың қатарында еліміздің орман қорын қорғауға бағытталған құжаттар да бар. Өзекті мәселелердің қатарында өртке қарсы және ағаштардың заңсыз кесілуіне қарсы шаралар ғана емес, орман аймақтарында мал жаю, орманды өз мақсатында пайдаланбау, орман қорына жататын жерлердің қатарында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер де бар. Соған байланысты орманды сақтау ғана емес, оның аумағын кеңейту мақсатында орманды қорғауды заңмен реттеу жұмыстарын жүзеге асыруға тура келеді.
Сенатор Астрахан ауданы, Қызылжар ауылындағы жөндеуден өткен клубта, «Ырысты-Астық» астық жинау мекемесінде, «Федоренко ИК» және «Фермер-2002» серіктестіктерінде болды.