• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
17 Тамыз, 2017

Экология – ел тынысы

6294 рет
көрсетілді

Экология тақырыбының бүгінде көкейкесті екені мәлім. Осы орайда біз әркімнің күнделікті тыныс-тіршілігінде ерекше орын алатын бұл саланың айрықша маңыздылығын ескере отырып, Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Сәбит Нұрлыбайды әңгімеге тартқан едік.

− Сәбит Нұрлыбайұлы, экология қай елдің де өмірінде айрықша орын алатын мәселе екені белгілі. Әсіресе, ел экономикасына шетел инвестициясы кеңінен тартылып, бірлескен кәсіпорындар көбейіп отырған соңғы кезеңдерде бұл саланың салмағы ауырлай түскені анық. Әңгімемізді республикамыздағы экологиялық ахуалдың жай-күйінен бастасақ...

− «Жасыл экономика» бүгінгі күні еліміздің тұрақты да­муын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі болып табылады. Елбасының Жарлығымен Қа­зақстан Республикасының «жа­сыл экономикаға» көшу тұжы­рым­дамасы бекітілген. «Қазақ­стан-2050» Стратегиясы дамудың «жа­сыл» жолына негізделген эконо­миканың тұрақты моделін қалыптастыру үшін бағдар жасап, алдына өр мақсаттар қойды. 

Биыл Қазақстан «Болашақ энергиясы» тақырыбында энергия үнемдеу саласында ең озық әлемдік технологияларды, баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа зерттемелері мен технологияларын тартуға мүмкіндік беретін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізуде. Экологияның ел өмірінде ай­рықша орны бар сала екенін бұрын да білуші едім, ал басы-қасына келгеннен кейін оның мол жауапкершілігі мен айрықша ауыртпашылығын тіпті айқын сезінгендеймін. Тыныс алып отырған мынау ауаңыздан бастап, күнделікті пайдаланып отырған ас-суыңызға дейін осы экологияға байланысты екені кім-кімге де белгілі. Сайып келгенде, ол адамның денсаулығына келіп тіреледі. Ал халықтың денсаулығы − мемлекетіміздің ең алтын қазы­насы, баға жетпес байлығы. 

Ал енді сұрағыңызға тікелей жауап беруге көшсек, бұл арада айта кететін бір қызғылықты жайт бар. Ел экономикасының негізі өнер­кәсіп десек, осы сала қарыштап өс­кен сайын, экологиялық ахуалға ауыртпалық соғұрлым ауырлай түспек. Бұл жерде енді қалдықсыз өнім өндіруге бейімделген жаңа тех­нологиялардың, күнделікті аузы­мыздан түспейтін жаңа инно­ва­циялардың пайдасы зор болмақ.

Бүгінгі кезеңде көптеп ашылып жатқан шетелдік және отан­дық кәсіпорындар жөнінде өзіңіз де аузыңызға алып қалдыңыз. Әри­не, олардың бәріне бірдей шошына қарауға болмас. 

Соңғы уақыттарда North Cas­pian Operating Company деп атала­тын Қашаған жобасының, «Теңіз­шев­ройл» ЖШС Болашақ өркендеу жобасы аясындағы үшінші буындағы зауыттың, Атырау мұнай өңдеу зауытында «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің» және Біріктірілген газ-химия кешенінің іске қосылуы экологиялық ахуалды ауырлата түскені жасырын емес. Олардан елімізге түсетін пайда өз алдына, тұрғындар үшін қыруар жұмыс орнының ашылуының өзі неге тұрады? Алайда, еліміздің экология­сын кірпік қақпай қадағалап, ондай орындарға жоғары талап қойып отыру − біздің халық алдындағы міндетіміз ғана емес, абыройлы парызымыз да.

− Аймақтардағы экологиялық ахуалды зерделеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?

− Энергетика министрлігі ай­мақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту жолында облыстардың әр­қайсысына жеке-жеке ластау­шы заттар эмиссиясының, яғни шы­ғарындылардың мөлшерлі көлемі белгіленген тиісті құжаттарды дайындауға бастамашылық танытты. Бұл бағыттағы ғылыми әзірлеме қазірдің өзінде барлық аймақтарда дайындалып жатыр. Алайда, бұл келелі іске Ақмола, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыс­тары әкімдіктерінің күні бүгінге дейін тиісті қаржы бөлмей отыр­ғаны мүлдем түсініксіз. Біз өндіріс ошақтары көптеп ашылып жатқан бүгінгі күні әрбір әкімдік өз өңіріндегі экологияның тынысын ғылыми негізде жіті қадағалап оты­руы тиіс деген ойдамыз. Мұ­ның артында тұрғындардың ты­ныс-тіршілігі тұрғанын әсте ұмыт­пауымыз керек.

− Сіз эмиссиялардың, яғни та­­биғатқа зиянды заттардың та­ра­луын төмендету жайын қоз­ғап отырсыз. Осы мәселенің қазір­­гі жай-күйі қалай және осы бағыттағы жұмыстарыңызды ашың­­қырап айтып берсеңіз. Қа­лай дегенмен де, бұл басты міндет­теріңіз ғой?

− Орынды сұрақ. Бұл үшін біздің ведомствода осыған қатысты барлық түйінді мәселелер жан-жақты қарастырылған стратегиялық жоспар жасалынған. Ол бойынша барлық эмиссия көздері үшін жыл сайын ластаушы заттарды 100 мың тоннаға төмендетіп отыру көз­делінген.  Бұл мақсатқа комитеттің орта­лық аппараты ғана емес, оның бар­лық аумақтық департаменттері жұ­мылдырылып отыр. Бұл жұмыста облыстық әкімдіктердің зор рөл атқаратынын жоғарыда айттым. Осы жолда біз олармен меморандум да бекітіп алдық.

Осындай әрекеттеріміздің нәти­же­лері де жаман емес. Мәселен, бі­рін­­­ші жартыжылдықтың қорытын­дысы бойынша ластану ли­миті Солтүстік Қазақстан облы­сы бо­йын­ша − 25 пайыз, Қызыл­орда облы­сында − 23 пайыз, Батыс Қа­зақ­стан мен Жамбыл облыстарында − 17 пайыз, Қостанай об­лысын­да − 7 пайыз, Маңғыстау облы­­­сында 5 пайыз төмендесе, Аста­на­да ол 19 пайызға, Алматыда 8 пай­ыз­ға азайғаны байқалды, басқа аймақтарда да осы мәселені қолға алып жатырмыз.

Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды да тартып отырмыз. Бұл арада жалпы жұртшылықты да жұ­мыл­дырудың маңызы зор.

− Жөн екен. Оларды экология проблемаларын шешуге кеңінен тартудың қандай жолдарын қарастырып отырсыздар?

 − Иә, бұл іске бүкіл жұртшы­лық­ты жұмылдырудың маңызы аса зор. Сондықтан да біз жақында жарты жылдың қорытындысы бойынша өткізілген жиында бұл мәселеге ерекше мән бердік.

Осы мақсатта орталық аппараттан бастап, барлық аумақтық департаменттерде сарапшылар кеңесі құрылып, оның құрамына қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми инс­ти­тут­тардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен БАҚ өкілдері кіретін болады. Енді ірі табиғат пайдаланушылар жобаларына сараптамалар осы қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жасалмақ. Сондай-ақ, бұл іске қоғамдық тыңдау міндетті түрде енгізіліп, ол жобаларды талқылауда тұрғындар мен жұртшылықтың пікірлері ескерілетін болады.

Осы мақсатта аумақтық бө­лім­ше­лер басшыларына бұл кеңес­тер қызметінің ашықтығын, тұрғын­дармен кері байланыс механизм­дерін реттейтін, сондай-ақ мем­лекеттік қызмет көрсету мен эко­логиялық бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді.  Осы арада сіздердің беделді ба­­сы­лымдарыңызды пайдаланып, бұл жұ­мыстарда азаматтарды белсене ат­салысуға шақырғым келеді. Қор­шаған орта жағдайының біздің қай-қай­сымызға да қатысы бар. Қазіргі уақытта қоғамдық бақы­лауға заңды тұрғыда азаматтардың еркін қатысуына барлық жағдай жасалған.

Өзіңізді мазалаған қандай да бір мәселе жөнінде комитеттің сайты арқылы, хат жазып немесе сенім те­лефонымен қоңырау шалып, тіке­лей хабарласуға болады.

− Соңғы уақытта эколо­гия­лық заңнамадағы әкімшілік тос­қауыл­дардың рұқсат беретін құ­жаттар алуда түрлі қиындықтар тудырып, сөзбұйдаға салуға жол берілетіні жиі айтылады. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұлдардың да көлемі көпшіліктің қабырғасына ба­татын сияқты. Өзіңіз де заң орны­нан келдіңіз ғой, бұған не айтасыз?

− Халықтың көкейіндегі тағы бір сауалды орынды көтеріп отыр­ған­ыңызға рахмет. Бұл − бүгінгі күні мықтап қолға алынып отырған мәсе­леміздің бірі. Расында да қазір­гі IT-технология заманында бұ­рынғыша қағазбастылыққа жол берудің жөні жоқ дер едім. Осыларды ескере келіп, табиғатты пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін ең алдымен әлгі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жартысына жуығын қысқартумен ғана шектелмей, олардың орындалу мерзімін де 4 есе азайтуды қолға алып отырмыз.

Сөйтіп, эмиссияға берілетін рұқ­сат­тама мен экологиялық сарап­тама жобаларын бір қызметке бірік­тіретін боламыз. Бұл өз кезегінде «Doing Business», яғни бизнесті жүргізуді барынша жеңілдетуге бағытталған принцип рейтингінің көрсеткіштер индикаторына оң ықпалын тигізетін болады. Мемлекеттік қызмет көрсету ба­рысында рұқсат беретін құжат­тар алуға қатысты да табиғат пай­даланушылардың түрлі қиын­дықтарға тап болатыны белгілі болып отыр. Енді олар да 45 жұмыс күні ішінде ескертулерді орындаған соң оң қорытынды алатын болады. Қазір бұл үшін ең алдымен тиісті заңнамалық өзгерістерді енгізуді қауырт қолға алып жатырмыз.

Бұл олқылықтарды түбірімен жою үшін рұқсат беру рәсімдерін то­лығымен автоматтандыру мін­деті тұр. Ол адамдардың тікелей бай­ла­ны­сын жойып, табиғатты пайда­ла­ну­шылар мен шенеуніктер аралар­ын­дағы өзара қарым-қаты­нас­тар­дың ашықтығын қамтамасыз етіп, сы­байлас жемқорлықтың жолын кеседі.

Ал әкімшілік айыппұл жайы­на келсек, бұл орайда профи­лак­ти­калық шараларға қарай көшу жа­йын ойластырып отырмыз. Ал тексерулер негізінен компаниялардың табиғатты қорғау іс-әрекеттерін қолдауға бағытталатын болады.

Егер табиғатты пайдаланушылар заң бұзушылықтарын жоймай­тын болса, онда аумақтық экология департаменттері әкімшілік шара қолдануға мәжбүр болатыны түсінікті ғой деп ойлаймын. Бұл ретте табиғатты пайдаланушылар мен аумақтық департаменттер арасында өзара түсінушілік ахуалының болуы үлкен рөл атқармақ. Біз бұл жұмысты одан әрі өрістететін боламыз.

− Бүгінде кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың түрлі тексерулерден әбден мезі болған жайы бар. Соңғы кезде осы жөн-жо­сық­сыз тексерулерге тыйым салынып, оны барынша азайту үрдісі бай­қалып отыр. Еліміздің жоғары экологиялық бақылау органы­ның басшысы ретінде бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? 

− Меніңше, бұл орайда таби­ғат­ты пайдаланушылармен әріптестік қарым-қатынас бірінші орында болуы керек. Ал мұндай оң ахуал ор­наған жағдайда, тексеру деген өзі­нен өзі кейінге ысырылып қалмақ. 

Енді аздап цифрға жүгінелік. Өткен жылы комитет тарапынан 3177 тексеру жасалса, биылғы жыл­дың жарты жылында 900 тексеру жүргізілген. Ал алдағы жарты жыл­да небәрі 253 ішінара тексеру күті­ліп отыр. Осы мысалдан бизнеске әкімшілік кедергі келтіруді азайту жолында жүйелі жұмыс жасап отырғанымыз айқын көрініп тұр. 

Әлбетте, қоршаған ортаға немесе тұрғындардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда, дереу сол жер­ден табылу – біздің міндетіміз. Нақтылап айтсақ, біздің жұмы­сы­мызда заң бұзушылықтарды анық­тағаннан гөрі, оның алдын алудың маңызы әлдеқайда зор. Экологиялық заң бұзушылықтың зар­даптарының орнын толтыру оңай емес, тіпті кейде ол мүмкін де емес. Сондықтан да, оны болдырмау – біздің басты міндетіміз. Экологиялық қауіпсіздік біз­де ұлттық қауіпсіздік ұғымы құры­лы­мына енгізілген. Осыдан барып қоршаған ортаны қорғау мәсе­лелеріне бізде ерекше көзқарас болуы қажет. Ендеше, қазіргі қоршаған ортаны қорғау механизміне терең талдау жасап, жетілдіріп отыру – бүгінгі заман талабы.

Әңгімелескен 

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,

«Егемен Қазақстан»