− Сәбит Нұрлыбайұлы, экология қай елдің де өмірінде айрықша орын алатын мәселе екені белгілі. Әсіресе, ел экономикасына шетел инвестициясы кеңінен тартылып, бірлескен кәсіпорындар көбейіп отырған соңғы кезеңдерде бұл саланың салмағы ауырлай түскені анық. Әңгімемізді республикамыздағы экологиялық ахуалдың жай-күйінен бастасақ...
− «Жасыл экономика» бүгінгі күні еліміздің тұрақты дамуын қамтамасыз ететін маңызды құралдардың бірі болып табылады. Елбасының Жарлығымен Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшу тұжырымдамасы бекітілген. «Қазақстан-2050» Стратегиясы дамудың «жасыл» жолына негізделген экономиканың тұрақты моделін қалыптастыру үшін бағдар жасап, алдына өр мақсаттар қойды.
Биыл Қазақстан «Болашақ энергиясы» тақырыбында энергия үнемдеу саласында ең озық әлемдік технологияларды, баламалы энергия көздерін пайдаланудың жаңа зерттемелері мен технологияларын тартуға мүмкіндік беретін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін жоғары деңгейде өткізуде. Экологияның ел өмірінде айрықша орны бар сала екенін бұрын да білуші едім, ал басы-қасына келгеннен кейін оның мол жауапкершілігі мен айрықша ауыртпашылығын тіпті айқын сезінгендеймін. Тыныс алып отырған мынау ауаңыздан бастап, күнделікті пайдаланып отырған ас-суыңызға дейін осы экологияға байланысты екені кім-кімге де белгілі. Сайып келгенде, ол адамның денсаулығына келіп тіреледі. Ал халықтың денсаулығы − мемлекетіміздің ең алтын қазынасы, баға жетпес байлығы.
Ал енді сұрағыңызға тікелей жауап беруге көшсек, бұл арада айта кететін бір қызғылықты жайт бар. Ел экономикасының негізі өнеркәсіп десек, осы сала қарыштап өскен сайын, экологиялық ахуалға ауыртпалық соғұрлым ауырлай түспек. Бұл жерде енді қалдықсыз өнім өндіруге бейімделген жаңа технологиялардың, күнделікті аузымыздан түспейтін жаңа инновациялардың пайдасы зор болмақ.
Бүгінгі кезеңде көптеп ашылып жатқан шетелдік және отандық кәсіпорындар жөнінде өзіңіз де аузыңызға алып қалдыңыз. Әрине, олардың бәріне бірдей шошына қарауға болмас.
Соңғы уақыттарда North Caspian Operating Company деп аталатын Қашаған жобасының, «Теңізшевройл» ЖШС Болашақ өркендеу жобасы аясындағы үшінші буындағы зауыттың, Атырау мұнай өңдеу зауытында «Мұнайды тереңдетіп өңдеу кешенінің» және Біріктірілген газ-химия кешенінің іске қосылуы экологиялық ахуалды ауырлата түскені жасырын емес. Олардан елімізге түсетін пайда өз алдына, тұрғындар үшін қыруар жұмыс орнының ашылуының өзі неге тұрады? Алайда, еліміздің экологиясын кірпік қақпай қадағалап, ондай орындарға жоғары талап қойып отыру − біздің халық алдындағы міндетіміз ғана емес, абыройлы парызымыз да.
− Аймақтардағы экологиялық ахуалды зерделеу жұмыстары қалай жүріп жатыр?
− Энергетика министрлігі аймақтардағы экологиялық ахуалды жақсарту жолында облыстардың әрқайсысына жеке-жеке ластаушы заттар эмиссиясының, яғни шығарындылардың мөлшерлі көлемі белгіленген тиісті құжаттарды дайындауға бастамашылық танытты. Бұл бағыттағы ғылыми әзірлеме қазірдің өзінде барлық аймақтарда дайындалып жатыр. Алайда, бұл келелі іске Ақмола, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары әкімдіктерінің күні бүгінге дейін тиісті қаржы бөлмей отырғаны мүлдем түсініксіз. Біз өндіріс ошақтары көптеп ашылып жатқан бүгінгі күні әрбір әкімдік өз өңіріндегі экологияның тынысын ғылыми негізде жіті қадағалап отыруы тиіс деген ойдамыз. Мұның артында тұрғындардың тыныс-тіршілігі тұрғанын әсте ұмытпауымыз керек.
− Сіз эмиссиялардың, яғни табиғатқа зиянды заттардың таралуын төмендету жайын қозғап отырсыз. Осы мәселенің қазіргі жай-күйі қалай және осы бағыттағы жұмыстарыңызды ашыңқырап айтып берсеңіз. Қалай дегенмен де, бұл басты міндеттеріңіз ғой?
− Орынды сұрақ. Бұл үшін біздің ведомствода осыған қатысты барлық түйінді мәселелер жан-жақты қарастырылған стратегиялық жоспар жасалынған. Ол бойынша барлық эмиссия көздері үшін жыл сайын ластаушы заттарды 100 мың тоннаға төмендетіп отыру көзделінген. Бұл мақсатқа комитеттің орталық аппараты ғана емес, оның барлық аумақтық департаменттері жұмылдырылып отыр. Бұл жұмыста облыстық әкімдіктердің зор рөл атқаратынын жоғарыда айттым. Осы жолда біз олармен меморандум да бекітіп алдық.
Осындай әрекеттеріміздің нәтижелері де жаман емес. Мәселен, бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ластану лимиті Солтүстік Қазақстан облысы бойынша − 25 пайыз, Қызылорда облысында − 23 пайыз, Батыс Қазақстан мен Жамбыл облыстарында − 17 пайыз, Қостанай облысында − 7 пайыз, Маңғыстау облысында 5 пайыз төмендесе, Астанада ол 19 пайызға, Алматыда 8 пайызға азайғаны байқалды, басқа аймақтарда да осы мәселені қолға алып жатырмыз.
Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар мен тәуелсіз сарапшыларды да тартып отырмыз. Бұл арада жалпы жұртшылықты да жұмылдырудың маңызы зор.
− Жөн екен. Оларды экология проблемаларын шешуге кеңінен тартудың қандай жолдарын қарастырып отырсыздар?
− Иә, бұл іске бүкіл жұртшылықты жұмылдырудың маңызы аса зор. Сондықтан да біз жақында жарты жылдың қорытындысы бойынша өткізілген жиында бұл мәселеге ерекше мән бердік.
Осы мақсатта орталық аппараттан бастап, барлық аумақтық департаменттерде сарапшылар кеңесі құрылып, оның құрамына қоғамдық бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдар мен ғылыми институттардың өкілдері, тәуелсіз сарапшылар мен БАҚ өкілдері кіретін болады. Енді ірі табиғат пайдаланушылар жобаларына сараптамалар осы қоғамдық ұйымдардың қатысуымен жасалмақ. Сондай-ақ, бұл іске қоғамдық тыңдау міндетті түрде енгізіліп, ол жобаларды талқылауда тұрғындар мен жұртшылықтың пікірлері ескерілетін болады.
Осы мақсатта аумақтық бөлімшелер басшыларына бұл кеңестер қызметінің ашықтығын, тұрғындармен кері байланыс механизмдерін реттейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету мен экологиялық бақылауды қамтамасыз етуге бағытталған нақты тапсырмалар берілді. Осы арада сіздердің беделді басылымдарыңызды пайдаланып, бұл жұмыстарда азаматтарды белсене атсалысуға шақырғым келеді. Қоршаған орта жағдайының біздің қай-қайсымызға да қатысы бар. Қазіргі уақытта қоғамдық бақылауға заңды тұрғыда азаматтардың еркін қатысуына барлық жағдай жасалған.
Өзіңізді мазалаған қандай да бір мәселе жөнінде комитеттің сайты арқылы, хат жазып немесе сенім телефонымен қоңырау шалып, тікелей хабарласуға болады.
− Соңғы уақытта экологиялық заңнамадағы әкімшілік тосқауылдардың рұқсат беретін құжаттар алуда түрлі қиындықтар тудырып, сөзбұйдаға салуға жол берілетіні жиі айтылады. Сондай-ақ, әкімшілік айыппұлдардың да көлемі көпшіліктің қабырғасына бататын сияқты. Өзіңіз де заң орнынан келдіңіз ғой, бұған не айтасыз?
− Халықтың көкейіндегі тағы бір сауалды орынды көтеріп отырғаныңызға рахмет. Бұл − бүгінгі күні мықтап қолға алынып отырған мәселеміздің бірі. Расында да қазіргі IT-технология заманында бұрынғыша қағазбастылыққа жол берудің жөні жоқ дер едім. Осыларды ескере келіп, табиғатты пайдаланушыларға қолайлы болуы үшін ең алдымен әлгі көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің жартысына жуығын қысқартумен ғана шектелмей, олардың орындалу мерзімін де 4 есе азайтуды қолға алып отырмыз.
Сөйтіп, эмиссияға берілетін рұқсаттама мен экологиялық сараптама жобаларын бір қызметке біріктіретін боламыз. Бұл өз кезегінде «Doing Business», яғни бизнесті жүргізуді барынша жеңілдетуге бағытталған принцип рейтингінің көрсеткіштер индикаторына оң ықпалын тигізетін болады. Мемлекеттік қызмет көрсету барысында рұқсат беретін құжаттар алуға қатысты да табиғат пайдаланушылардың түрлі қиындықтарға тап болатыны белгілі болып отыр. Енді олар да 45 жұмыс күні ішінде ескертулерді орындаған соң оң қорытынды алатын болады. Қазір бұл үшін ең алдымен тиісті заңнамалық өзгерістерді енгізуді қауырт қолға алып жатырмыз.
Бұл олқылықтарды түбірімен жою үшін рұқсат беру рәсімдерін толығымен автоматтандыру міндеті тұр. Ол адамдардың тікелей байланысын жойып, табиғатты пайдаланушылар мен шенеуніктер араларындағы өзара қарым-қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлықтың жолын кеседі.
Ал әкімшілік айыппұл жайына келсек, бұл орайда профилактикалық шараларға қарай көшу жайын ойластырып отырмыз. Ал тексерулер негізінен компаниялардың табиғатты қорғау іс-әрекеттерін қолдауға бағытталатын болады.
Егер табиғатты пайдаланушылар заң бұзушылықтарын жоймайтын болса, онда аумақтық экология департаменттері әкімшілік шара қолдануға мәжбүр болатыны түсінікті ғой деп ойлаймын. Бұл ретте табиғатты пайдаланушылар мен аумақтық департаменттер арасында өзара түсінушілік ахуалының болуы үлкен рөл атқармақ. Біз бұл жұмысты одан әрі өрістететін боламыз.
− Бүгінде кәсіпкерлер мен кәсіпорындардың түрлі тексерулерден әбден мезі болған жайы бар. Соңғы кезде осы жөн-жосықсыз тексерулерге тыйым салынып, оны барынша азайту үрдісі байқалып отыр. Еліміздің жоғары экологиялық бақылау органының басшысы ретінде бұған сіздің көзқарасыңыз қандай?
− Меніңше, бұл орайда табиғатты пайдаланушылармен әріптестік қарым-қатынас бірінші орында болуы керек. Ал мұндай оң ахуал орнаған жағдайда, тексеру деген өзінен өзі кейінге ысырылып қалмақ.
Енді аздап цифрға жүгінелік. Өткен жылы комитет тарапынан 3177 тексеру жасалса, биылғы жылдың жарты жылында 900 тексеру жүргізілген. Ал алдағы жарты жылда небәрі 253 ішінара тексеру күтіліп отыр. Осы мысалдан бизнеске әкімшілік кедергі келтіруді азайту жолында жүйелі жұмыс жасап отырғанымыз айқын көрініп тұр.
Әлбетте, қоршаған ортаға немесе тұрғындардың денсаулығына қауіп төнген жағдайда, дереу сол жерден табылу – біздің міндетіміз. Нақтылап айтсақ, біздің жұмысымызда заң бұзушылықтарды анықтағаннан гөрі, оның алдын алудың маңызы әлдеқайда зор. Экологиялық заң бұзушылықтың зардаптарының орнын толтыру оңай емес, тіпті кейде ол мүмкін де емес. Сондықтан да, оны болдырмау – біздің басты міндетіміз. Экологиялық қауіпсіздік бізде ұлттық қауіпсіздік ұғымы құрылымына енгізілген. Осыдан барып қоршаған ортаны қорғау мәселелеріне бізде ерекше көзқарас болуы қажет. Ендеше, қазіргі қоршаған ортаны қорғау механизміне терең талдау жасап, жетілдіріп отыру – бүгінгі заман талабы.
Әңгімелескен
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»