Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше назарындағы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы ауылдық аймақтарды да қанаттандырып отыр. Бабатай темір жол стансасындағы «Акватерм НС» ЖШС кәсіпорны жұмысқа қосылғалы көп болмаса да, олар шығаратын кондиционерлер, жылумен қамтамасыз ететін жабдықтар көпшілік назарын аударуда. Оны сапалы өнімдерге сұраныстың арта түскенімен дәлелдеуге болады.
Бір қуаныштысы, уақытпен үндес серіктестік басшылары игі ізденістерін жалғастыра түсуде. Жуырда кәсіпорында жаңа цех ашылып, қуат үнемдегіш технология ауқымындағы өнімдер дайындалды. Бабатайлықтар қазір өз әріптестеріне күн сәулелі батареялар мен жылу сақтағыш пештерді жөнелте бастады. Жобаның құны 65 миллион теңгені құрайды. Осында 15 жаңа жұмыс орны ашылса, ЖШС қызметкерлерінің барлығы жергілікті тұрғындар екендігі де үлгі аларлық қадам.
«Акватермнің» айрықша сипаттағы өнімдері сынақтан ойдағыдай өтіп, Астана рыногын толықтырды. Бұл жабдықтардың жұртшылыққа кеңінен әйгілі Бейбітшілік және келісім сарайында, «Хан Шатыр» сауда-көңіл көтеру кешенінде, «Астана-Арена» жабық стадионында қолданылатыны мерей өсіреді.
Бақберген АМАЛБЕК.
Ақмола облысы, Аршалы ауданы.