Ақынның алпыс жылдығына арналған кеш те өтті. Астанада. «Мөлдіреген бастауың боп, бастауың боп қалайын» − деп жырлағанындай, кіл мөлдір өлеңдері оқылды. Бұл жолы сайдың тасындай жас ақындар шықты сахнаға. Табиғатты адаммен, адам тағдырымен шендестіріп жырлайтын, жылдың барлық мезгіліне арналған өлеңдерінен мұң мен сағыныштың, әдемі аңсаулардың, жып-жылы мейірімнің лебі есіп тұратын, ұлттық менталитетіміздің ерекшеліктерін «Менің драмам», «Адам», «Еркек», «Ананың айдаһары бар», «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» атты көптеген драмалық жырлармен бедерлеген ақынның туындылары оқырмандардың жүрегіне жетіп жатты.
Кеш барысында ақын туралы он минуттық деректі фильм көрсетілді. Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау облыстық музыкалық-драма театрының әртістері оның бірлік пен ерлікті ту еткен түркі жұртының өмір сүру қалыбын, ар-иман, обал-сауап, бақ пен сор ұғымы жайлы түсінігін жоғары деңгейде жырлаған «Ғайша бибі» поэмасынан шағын театрландырылған көрініс қойды.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов ақынға құттықтау сөзін арнады. Бірлік пен елдікті жырлаған оның өлеңдері халық жүрегінен мәңгі орын алатынына тоқталды. Есенғали ақынның алпыс жылдығын Маңғыстау топырағында өткізбек ниеттерін мәлімдеді. Осы кеште бірқатар әншілер ақынның сөзіне жазылған ән-жырларды орындады. Елена Әбдіхалықова «Сыңар құсым», Амандық Көмекұлы «Көкмойнақтың үйірі», Есенбек Құлиев «Есентай өзені» ән-жырларымен ортаға шықты.
"Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ. Үйірімен ағакем кірді отқа айдап. Ақ жалынның ішінде алқын-жұлқын, Аласұра шыңғырып жүр көп бейбақ» деп басталатын әйгілі жырында ағасы түсінде көкмойнақ айғырдың үйірін отқа айдап кіретін. Ақын «тым болмаса құтқаршы құлынды ана» деп көк айғырға тіл бітіп сөйлегенін, оның даусын әкесінің даусына ұқсатқанын, соңында әке де, аға да жайына қап, өзі түнге кіріп жоғалғанын жырлаған. Бұл өлеңді көзіқарақты кез келген адам тек жылқының емес, елдің трагедиясы деп те түсінеді. Жалпы, оның өлеңдерінде көкмойнақ, көкжұлын, қаракөк атты жылқылар көп кездеседі. «Ат – ер қанаты» деп жылқыны серік қылған, сахараны тұлпарларының тұяғымен дүбірлеткен көшпенді қазақ рухының биік болуына ең бірінші себепкер – жылқы десек онша қателеспейміз. Ал ақын елінің жылқылары жай емес, «атасы құлан, анасы бұлан» кіл көкмойнақ жылқы. Көкмойнақ жылқыны идеалдау арқылы рух көтеруді мақсат еткен өлең бұл. Ақынның алпыс жылдығына арналған кештің «Біздің елдің жылқысы кіл көкмойнақ» аталуының да сыры осында болса керек. Кешті жүргізген «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері, маңғыстаулық айтулы ақын Светқали Нұржан осы өлеңді оқығанда төбе құйқамыз шымырлап отырды.
Кеш соңында сахнаға өлеңсүйер қауымның «қандай жаңа жырлар жазды екен» деген қызығушылықпен іздеп жүріп оқитын сүйікті ақыны, кеш иесі Есенғали Раушанның өзі шықты. Кешті ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Жастарға алғысын айтты. Бұл күнде марқұм болған ақын ағаларына деген сағынышын сездірді. Бейдауа бір сезімдерге ерік беретін «Тоғыз қайық» өлеңін оқыды. Соңында кеш бітсе де, ақынды сахнадан жібергісі келмей, дүркірете қол соғып көрермен тұрды.
Айгүл СЕЙІЛ, «Егемен Қазақстан»