412 шаршы метр аумақты алып жатқан павильонда табиғи ресурстарға басымдық берілген. Күн, жел және судан қуат алатын тың жаңалықтарын бейнетаспа арқылы көруге болады. Олар қарапайым ағаш жапырақтарын синтездеу арқылы қуат алуға болатындығын дәлелдеді. Павильонның қақ ортасында «Өмір ағашы» деп аталатын үлкен бәйтерек орнатылған.
Шараның ресми бөлімінде Мажарстан қаржы министрі Михай Варга сөз сөйлеп, халықаралық көрмеге Мажарстан мемлекетінің қатысуы «жасыл» энергетиканы дамыту саласында тәжірибелері мен жетістіктерін көрсетуге мүмкіндік бергенін айтты. «Жаңғырмалы энергия көздеріне көшу – барлық мемлекеттерде өзекті мәселе. Сол себепті осы бағытта әлем елдері арасындағы ынтымақтастықтың маңызы зор. Халықаралық мамандандырылған ЭКСПО-2017 көрмесі қатысушыларына өзара тәжірибе алмасуға барынша жағдай жасады. Көрме – 2017 жылғы әлемдік экономикадағы ең маңызды іс-шара. Бұл Қазақстан мен қатысушылар үшін табыспен өтуде», деді ол.
Қазақстанның Ұлттық экономика вице-министрі Мадина Әбілқасымова ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу маңызды әрі жауапты миссия екенін жеткізді. «Мажарстан – Еуропаның орталығында орналасқан мемлекет. Қазақстан Еуропалық Одақ кеңістігінде ол елді маңызды стратегиялық, сауда-экономикалық серіктес ретінде қарастырады. Қазіргі таңда Мажарстанның жетекші компаниялары Қазақстанда табысты жұмыс атқаруда. Бізде елуге жуық ортақ кәсіпорын бар. Мемлекет олармен экономикалық ынтымақтастықты дамыта түсуге мүдделі. Біз қос тарап арасындағы достықты жоғары бағалаймыз және екі халықтың игілігі үшін оны нығайтуды көздейміз», деген вице-министр «Болашақ энергиясы» тақырыбы барша әлемді ойландыруы тиіс екенін, Мажарстан ұлттық стратегиясының басымдығы «жасыл» экономикаға арналғанын әңгімеледі. Биыл Қазақстан мен Венгрия республикаларының дипломатиялық қарым-қатынас орнатқанына 25 жыл толады. Осы уақыт аралығында мемлекеттердің барлық салаларында екіжақты жоспарлы ынтымақтастық нығайды. Екі мемлекеттің болашақ серіктестігін арттыруға барлық жағдай жасалған. Джордж КОССА, Венгриядағы экологиялық көлік шығаратын компания басшысы:
– Біз электр энергиясы арқылы жүретін автобустарды шығара бастадық. Олар Будапешт көшелерінде жүйткіп, халықтың игілігіне жарап тұр. Бұл – қоршаған ортаны ластамайтын экологиялық таза көлік. «Жасыл» технологияның дамуына осылайша өз үлесі- мізді қоспақпыз. ЭКСПО-2017 көрмесі арқылы да жаңа жобалармен танысуға мүмкіндік туғанын айтқым келеді. Енді әлем елдері табиғатымызды, қоршаған ортамызды қорғауға, сақтауға бұрынғыдан да жоғары деңгейде күш салатынына сенімдімін. Өйткені, өзіміз тұратын, өмір сүретін ортақ үйімізді қадірлеу – бәрімізге міндет.
«ANIM» ұжымы ауған өнерін паш етті
Халықаралық көрменің төрінде Ауғанстанның ұлттық күні мен тәуелсіздік күні мерекеленді. Ислам елі атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулла бастаған делегация Ұлы Жібек жолы плазасына келіп, мемлекеттің павильонын аралады. Басқосуда екі елдің әнұрандары орындалып, тулары көтерілді. Ал мәдени шарада «ANIM» Ауғанстанның ұлттық музыкалық аспаптар ұжымы өнерін көрсетті.
Ауғанстанның Қазақстанмен ынтымақтастығы 1992 жылы басталды және бүгінде өте жақсы дамып келеді. Өткен жылы қос тарап арасындағы сауда-саттық айналымы шамамен 500 млн АҚШ долларын құраған. Бұл елдің тәуелсіздік жылдарында жаңғырмалы энергетика, яғни қуат көздерін өндіруде алдыңғы қатарға шығу мүмкіндіктері бола тұра, саяси жағдайларға байланысты бәсеңдеп қалды. Десе де, Ауғанстанның ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне қатысуының өзін үлкен жетістік деп бағалауға болады.
Ұлттық күннің ресми бөлімінде сөз алған Қазақстанның Инвестициялар және даму министрі Жеңiс Қасымбек ауған компанияларын ел нарығындағы инвестициялық белсендiлiгiн арттыруға шақырды. Өйткені, екi ел арасындағы қарым-қатынастың әлеуетi зор.
Жиында Ауғанстан Ислам Республикасы Коммерция және индустрия министрi Хумайон Расаев Қазақстан мен басқа халықаралық қатысушыларға жасаған көмектерi үшiн алғыс айтты. «Сiздердiң қолдауларыңыз ауған халқының өмiрiн жақсы жаққа өзгерттi. Бiз барлық салада достық әрi әрiптестiк қарым-қатынасымыз нығаяды деген үмiттемiз. Энергия осы байланыстың өзегi саналады және солай қала бермек. Астанада жоғары деңгейде өтiп жатқан ЭКСПО көрмесi бүкiл әлемге Қазақстанның даңқын шығарды. Көрме бiздiң де энергетикалық басымдықтарға, мiндеттерге және болашақ ынтымақтастық саласына назар аударуымызға көмектестi», деген ол бұл халықаралық шараға қатысу зор мәртебе екенiн жеткізді.
* * * Тақырыпқа орай айта кетерлігі, Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті әлеуметтік желідегі парақшасында Қазақстан мен Ауғанстан арасында халықаралық әуе рейстері тұрақты қатынайтынын хабарлады. Бұл келісім Ауғанстан атқарушы билігінің басшысы Абдулла Абдулланың Қазақстанға ресми сапары аясында бекітілген. «Екі елдің әуе әкімшіліктері басшылары мемлекеттер арасындағы тұрақты ұшуларды орындау үшін Құқықтық база құру туралы келісімге қол қойды. Құжат бойынша аптасына 3 халықаралық рейс орындау қарастырылған», делінген хабарламада. Бүгінге дейін ауғандық «Кам Эйр» әуе компаниясы арқылы Алматы-Кабул бағыты бойынша чартерлік ұшулар ғана орындалған болатын.
Гуандунмен байланыс күшейеді
ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында Қытайдың Гуандун провинциясының апталығы салтанатты жағдайда ашылды. Жиында аймақтың бас хатшысының орынбасары Ли И Вей сөз сөйлеп, көрменің «Болашақтың энергиясы» атты тақырыбы Қытайдың «жасыл» экономикалық дамуымен тығыз байланысты екенін айтты.«Қытайда жақсы тәмсіл бар: «Кездесу үшін мың шақырым жерден жақсы достар ғана келеді». Осы шара аясында жолығуымыздың өзі тағдырымыздың ортақ екенін көрсетіп тұр. Астанада ұйымдастырылған ЭКСПО тақырыбы біздің еліміздің «жасыл» экономикалық дамуының тұжырымдамасымен үндес әрі тығыз байланысты екенін аңғардым. Гуандун провинциясы ежелгі теңіз Жібек жолының маңызды нүктесі», деді Ли И Вей. Оның айтуынша, апталық барысында гуандундықтар өздеріндегі жаңғырмалы энергияның жаңа көздерін, технологиялар, зерттеулер және әзірлемелер саласындағы барлық жетістіктерін көрсетпек.
Жиында Қазақстан инвестициялық ынтымақтастық агенттігінің бас директоры Айдын Байеділов экономикалық дамуы бойынша Қытайдың ірі әрі қуатты провинцияларының бірімен ынтымақтастық орнатудың маңыздылығын баса айтты. Гуандун Қытайдың оңтүстік-шығысындағы субтропикте орналасқан, аумағы 177,9 мың шаршы шақырымды құрайды. Провинцияның 3368 шақырым құрлықтық желісі бар және теңіз биологиялық ресурстарға өте бай. Теңіз қайраңында мұнай өндірісі де жолға қойылған. Өзге де пайдалы қазбалар арасында германий, висмут, таллий, тантал, селен сынды сирек кездесетін металдардың кен орны аса үлкен маңызға ие. Гуандунда Шэньчжэнь, Чжухай, Шаньтоу атты Қытайдың үш арнайы экономикалық аймағы бар. Гонконгпен және Макаомен көршілес орналасуы да провинцияның экономикалық дамуына оң ықпалын тигізеді. Қазіргі уақытта Гуандун ІЖӨ көлемі бойынша ҚХР провинцияларының алдыңғы қатарында тұр.
Балаларға арналған прототиптік жобалар Қазақстандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) халықаралық көрмеде «Урбанистік әлемдегі балаларға арналған инновациялар» атты хакатон өткізді. Онда еліміздің жас программистері қалада тұратын балалар үшін туындайтын көптеген әрі ұдайы өзгеріп отыратын, ауа ластануынан және қауіпсіздікті күшейтуден бастап, көлікке қолжетімділікті қамтамасыз етуге дейінгі түйткілді мәселелердің прототиптік шешімдерін ұсынды. Олардың қатарында апат жағдайында балаларға көмек көрсетуге арналған қосымшалар мен ойындар, ірі қалаларда өмір сүруге қатысты кеңестер және мектепке дейінгі жастағы балаларға математика үйрету құралдары бар.
«Бүкіл әлемде инновациялар көптеген адамдардың өмірін өзгертіп жатыр. Десе де сол инновациялардың балаларға көмек көрсетудегі әлеуетін іске асыру – әлі де болса болашақтың еншісінде. Осы хакатон жастарды тек инновацияларды әзірлеп және даярлап қана қоймай, өз машық-дағдыларын игі істерге арнауға ынталандырады. Нәтижесінде, жеткіншектерге пайдалы болатын керемет прототиптік шешімдерге қол жеткіземіз. Бізде қатысуға және өз үлесін қосуға дайын іріктелген жас программистер тобы да бар», деді Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілінің орынбасары Фиакра Макейзи. Үздік және өнертапқыш прототиптер ғана ең жоғары марапаттарға ие болатынына қарамастан, ЮНИСЕФ үздік шешімдерді Алматыдағы ЮНИСЕФ Инновациялар зертханасы арқылы немесе ЮНИСЕФ-тің Жаһандық инновациялық қоры арқылы қаржыландыру мен дамыту мүмкіндігін қарастыратын болады.
Топтаманы әзірлеген Асхат Райқұл,
суреттерді түсірген Ерлан Омар, «Егемен Қазақстан»