• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
21 Тамыз, 2017

Адырна неге адыра қалды?

1240 рет
көрсетілді

Қазақ халқының көне музыкалық аспаптары туралы айтатын болсақ, ол ешбір халықтың құндылығына ұқсамайтын, өз алдына бөлек шал­қыған жеке бір шалқар айдын-ау. Тауқымет шеккен тағдырлар секілді тарих толқынында бұлардың бірі мүлде жоғалса, енді біразы әлі де қайта өңдеп, жетілдіре түсуді, терең зерттеу мен талдауды қажет ететінін уақыт-төреші дәлелдеп бағуда.  

Бұл ретте 250-ден астам музыка аспаптарын жинап, сақтаған, 500 жыл бойы жоғалдыға саналған шертер мен жетігенді тауып, қазақтың көптеген көне музыкалық аспаптарын ХХ ғасырда зерттеп, халқымен қайта қауыштыруға бүкіл саналы ғұмырын сарп еткен, 1968 жылы олардан арнайы ансамбль ұйымдастырған белгілі ғалым Болат Сарыбаев есімін әрдайым ардақ тұтамыз. 

Сол дәстүрді жалғастырушы шә­кірт­терінен бүгінде белгілі музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрімнің еңбегі айрықша аталады. Өйткені, тарихи-мәдени мұраларымызды жаңғыртып, халқымен қайта табыстыруда орасан зор тер төккен мұндай тұлғалар һәм толағай еңбектер ешқашан ел есінен шықпақ емес. Сондай-ақ, көне аспаптардың ойнау тәсілдерін қайта өңдеуге, қалпына келтіруге, дәстүрлі түр-тұрпатын сақтап қалуға елеулі еңбек сіңірген еліміздегі этнографиялық-фольклорлық оркестрлер мен ансамбльдерге, жекелеген этнотоптарға рахмет. Ежелден кең тараған домбыра, қобыз аспаптары қатарын жетіген, сазсырнай, сыбызғы, үскірік, адырна, шертер, асатаяқ, дауыл­паз тәрізді т.б. ұлттық музыкалық мұралармен толықтырып, ата-бабаларымыз кейінгі ұрпаққа аманат етіп тапсырған музыкалық аспаптарды түрлентіп, түлетуге айрықша атсалысып келе жатқандығы үшін. 

Алайда, еліміздің түрлі музейлерінің қорларында 400-ден астам көне музыкалық аспаптар сақтаулы деген деректі көзіміз шалғанда, апыр-ай, бұл сан біз үшін жағымды жаңалық па, әлде толғандырар мәселе ме деген ойға тірелдік. Себебі, мұншама байлығы бар қазақ неткен бақытты еді. Дедік. Ал бірақ олардың көбінің текке музейде «мұздап», мүлгіп тұрғанынан не пайда? Оларды еліміздегі ұлт-аспаптар оркестрлеріне енгізуге не кедергі болып отыр дейміз ғой баяғы. Осы үшін қазақ ұлт аспаптары оркестрлеріндегі музыкалық аспаптарға әдейілеп назар аударып көрдік. Олар: домбыра, қылқобыз, қобыз, шертер, альт-қобыз, контрабас  қобыз, прима қобыз, сырнай, бас домбыра, домбыра контрабас, флейта, гобой, литавра, барабан, тарелка, тоқылдақ аспаптары екен. Домбыра мен қобыздың жаңғыртылған  түрлері қосылды дегеніміз болмаса, арасынан жоғарыда аталған байырғы саз аспаптарының  бірде-бірін көрмейсіз. Ал бірлі-жарым төл аспаптың заманауи талапқа сай жаңғыртылып, дамытылуы ешкімге бүгінде таңсық іс емес. Мұндай үрдіс басқа халықтарда да кездеседі. Мысалы, орыстың музыкалық аспап шебері В. Андреев әріптесі С. Налимовпен бірігіп ХІХ ғасырдың аяқ шенінде балалайканың прима, альт, бас, контрабас түрлерін жасап шығарған болатын. Соған қарамастан бұлардан біздің халықтың ерекшелігі – музыкалық мұраларымыздағы көптеген құнды байлық (мысалы, күйлер) төл аспаптардың құдіретімен орындалды. Данадан далаға жеткізуші насихатшысы, үні жалғыз солар болды. Осы реттен келсек, бізде толып жатқан тамаша мұралар бар емес пе, солардың жүзіне неге қан жүгіртпеске, домбыра мен қобыздың үнімен осыларды неге жарасымды үйлестірмеске деген аңсардың арнасы ернеуінен асып таси жөнеледі. Мына әңгімені ортаға салу себебіміз – келешекте ұлт аспаптары және фольклорлық-этнографиялық оркестрлер сахнаға жүз пайыз өзіміздің төл музыкалық аспаптарымызбен жарқырап шығар күн туар ма екен деген айпара ой ғой. Әрине, бірақ бұл іс оп-оңай оң жамбасқа өңгерілер олжа болады деп айта алмаймыз. 

Белгілі композитор, академик Ахмет Жұбанов: «Халық аспаптарының шектерінде ғасырлар бойғы даналық тұнып тұр»  деген екен. Сайып келгенде, ел Президентінің биылғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының түпкі идеясы, жалпы басты мақсат-мұраты да негізінен сол құндылықты халық болып, Қазақ елі болып жұмыла қорғай білу емес пе? «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс» делінген мұнда. Демек, бірде-бір төл аспап назардан тыс қалып қоймауы тиіс. Халқымыздың ұлттық музыкалық төл аспаптарының бәрі бірдей ойнап, әрдайым әрекетте, ұдайы ұмтылыста, қозғалыста болуы керек. Ешкім ойнамай, керегеде босқа ілулі тұрған домбыраның үні бітеліп, тарта бастағанда-ақ шектері құмыға ызыңдап, бастапқы қасиетінен мүлде айырылып қалмай ма? Соны ойлағанда сыбызғы, қурай-ысқырғыш, үшпелек, саз сырнай, үскірік, тастауық, ысқыруық, ұран, қамыс сырнай, қос сырнай, қауырсын сырнай, мүйіз сырнай, ұран, бұғышақ, керней, даңғыра, кепшік, дабыл, дудыға, дауылпаз, шыңдауыл, шаңқобыз, асатаяқ, шың, сылдырмақты қамшы, қоңырау... т.б. байырғы музыкалық аспаптар үні неге бүгін өшіп тұр, адырна неге адыра қалды деген жартасқа барып бір-ақ тірелесің...

Қарашаш Тоқсанбай, «Егемен Қазақстан»