Бұл істің басты қозғаушысы – Президент Н.Ә.Назарбаевтың 2014 жылдың 17 қаңтар күні жариялаған «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы. Мұнда Ақтөбе қаласының урбанистік орталық және инвестициялық тартымдылығы мол аймақ ретіндегі өзіндік орнына басымдық берілген. Сонымен бірге, еліміздің батыс өңіріндегі жыл сайын өсіп өркендеп келе жатқан ірі қаланың сапалы медициналық қызмет көрсетуге де бейім тұрғаны айтылған.
Айталық, агломерация талаптарына сәйкес Ақтөбе қаласы мен оның маңайын қосымша құрамдармен толықтыру міндеті қойылды. Соған сәйкес оған алты ауданның 69 елді мекені кірікті. Дәл осындай біріктіру бағыты денсаулық сақтау саласында да жүргізіле бастады. Бұл бағыт өз кезегінде аймақтық медициналық кластер қалыптастыру қажеттілігін туғызды. Осы орайда бүгінгі күндері өңірдегі денсаулық сақтау жүйесіне түбегейлі өзгерістер енгізілуде. Оның алғашқы нәтижелері де бар. Облыс орталығында халыққа медициналық қызмет көрсететін аумақтық медициналық кластер құрылды.
Күрмеуі көп күрделі іс қалай іске асты? Бұл үшін ең алдымен қуаттылығы 813 төсектік ірі, көп бейінді шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының есігі айқара ашылды. Мүмкін еместі мүмкін еткен тағы бір жағымды жайт, облыстық клиникалық және облыстық балалар клиникалық ауруханалары мен облыстық кеңес беру диагностикалық ауруханаларының біріктірілуі еді. Өңірдегі мұндай басты денсаулық сақтау нысандарының қатарын облыстың басқа да медициналық ұйымдары толықтыра түспек. Осы арада медициналық кластер құру жөнінде арнайы тұжырымдама қабылданғанын айта кеткен жөн. Оның басты мақсаты Ақтөбедегі денсаулық сақтау қызметін жаңғырту арқылы тұтастай республиканың батыс өңіріндегі Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Маңғыстау және ішінара Қызылорда облыстары тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.
– Бұл өте ауқымды және аса жауапты міндет, жоғары жауапкершілік болып табылады. Кластерлік медицина талаптары томаға-тұйықтық пен оқшаулануды көтермейді. Сондықтан, біз медициналық ұйымдардың өзара тығыз қарым-қатынастары мен байланыстарын тереңдету арқылы кластердің кезекті тораптары – акушер-гинекологиялық, педиатриялық, кардиологиялық, хирургиялық, онкологиялық, зертханалық және оңалту орталықтарын құруды ұйғарып отырмыз. Мұндай жағдайда медициналық кластер қызметіне жүгінген әрбір пациентке бірегей медициналық қызметтер кіретін арнайы пакет қолжетімді болады, – деді бұл тұрғыда газет тілшісіне Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, медицина ғылымдарының докторы Әсет Қалиев.
Кластер жағдайында медициналық қызмет көрсету үдерісі үзіліссіз және кешенді түрде көрсетіледі. Оған қосарымыз, медициналық қызмет көрсетудің жаңа қағидаты мен медициналық қызмет пакеті емделушілерге медициналық қызметті күту мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, мұндай тәсіл медициналық ұйымның экономикалық тұрғыдан тиімді бола түсуіне де септігін тигізеді. Бүгінгі күні медициналық кластердің қызметі толыққанды болуы үшін бүгінгі заманғы медициналық технологиялардың трансфертін әлемдегі медицинасы озық дамыған елдерден жеткізу жолдары шешімін тапты. Бұл үшін Оңтүстік Корея, Израиль, Ресей, АҚШ, Қытай, Түркия және Беларусь клиникаларымен әріптестік тұрғыдағы келісімдер жасалды. Осының ішінде ең басты стратегиялық әріптес Оңтүстік Кореяның Сеул қаласы болып белгіленді.
Қандай іс болсын, ең алдымен жақсы, оң нәтижеге қол жеткізу мақсатын көздейді. Бұл ретте медициналық кластер қызметінен қандай оң нәтижелер күте аламыз? Әрине, бірінші кезекте халықтың орташа өмір сүру деңгейін 73,2 жасқа дейін жеткізу міндеті тұр. Жоғарыда айтылғандай, тұтастай еліміздің батыс өңіріндегі халықтың өміру сүру сапасын жақсарту басты міндет болып қала береді. Келесі кезектерде кластер шеңберінде әрекет ететін медициналық қызметтің қолжетімділігін көтеру ісі тұр. Медициналық қызмет сапалы әрі қауіпсіз болуы тиіс. Бірегей емдеу әдістерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету де осы қатарда. Тағы бір айтарымыз, кластерлік ұйымдар ауқымын одан әрі ұлғайта түсуге ықпалы тиетіндей жаңа құрылымдар құрылмаса басталған іс жартыкеш күйінде қалып қоюы әбден мүмкін. Бір сөзбен айтқанда, Ақтөбе өңірінде құрылып жатқан меди- циналық кластер – халықаралық деңгейдегі тұтастай технологиялық желі. Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен шешімін тауып келе жатқан келешегі кемел істің тағы бір басты мақсаты бәсекеге қабілетті қызмет құру болып табылады.
Өзінің мәні мен маңызы тұрғысынан қарастырғанда медициналық кластер құру ісінен бір мысқал кем түспейтін тағы бір міндет бар. Бұл өңірдегі медициналық туризмді дамытуға қажетті барлық жағдайларды туғызу болып отыр. Бұған қажетті алғышарттардың мол екені істің нәтижелі болуына негіз қалайды. Түйіп айтқанда, медициналық кластер құрылымы – инновациялық даму қағидатының басты бір құрамдас бөлігі. Оның бастауында Ақтөбе агломерациясы тұр.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ