• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
23 Тамыз, 2017

Қазақ тілінің қадірін білейік

1418 рет
көрсетілді

Қазақтың бастау бұлақтай тұ­нық тіліне кім тамсанбаған дейсіз. Әуез­ділігін әнге теңеген. «Француз тілі Еуро­паға қалай әсер етсе, қазақ тілі түркі мәде­ниетіне дәл солай әсер еткен», депті В.Радлов.

«Қазақ – біртұтас, айрықша ұлт» деген өз Әуезовіміз: «Ұлттың тілі – оның жаны, рухы, жүрегін соқ­тырар қантамыры іспетті, ал сол кү­ре­тамырдан айырылса, адамның күні не болары белгілі. Көген көз қазағыма қаратып мінбе қойып, сол мінбеге шығарып, «Ақырғы діліңізді айтыңызшы, Мұхтар!» десе, тілімнің ұшында жүрген сөз төмендегіше: тас үгі­тіліп құмға айналады, темір тозады, ұрпақ озады, дүниеде өлмейтін сөз ға­на, халқымызбен бірге жасасып келе жатқан асыл мұра сөзімізді арзандатып алмайық», дейді. Сол ұлылар өмір сүрген кезде тіл шұбарланып, сөз бұзыла бастаса, олар атқа «қонып», араша түсіп жататын. Тілші ғалымдар тыныш отыра алмайтын. Сөзіміз жалаң болмас үшін бір мысал келтіре кетейік. 1968 жылы қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты мен Қазақстан Жазушылар одағы «Тіл мәдениеті және баспасөз» деген тақырыпта алқалы жиын өткізіп, қазақ руханиятының жақсылары мен жайсаңдары қазақ тілінің баспасөзде алашұбар болып бара жатқанына үн қатқан болатын. Сәбит Мұқанов: «...бой суыттық деп жазыпты біреу» дейді де суыттық сөзінің мағынасын тарата айтып, ұлт ұрпағы баба сөзін қолданғанда сақ болу керектігін ескертіп, «Орыс сөзін алғанда қазақ тіліне бағындырып алу керек» екенін айтады. Белгілі тіл маманы М.Балақаев біріккен сөздерді жазудағы ала-құлалыққа жол беруге болмайтынын ескертіп, мұндай іс дендеп кетсе таза тілді таздың басындай ететінімізді назарға салады. Сол ғылыми конференцияның түйінінде «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас»,  деген Абай сөзіне жүгініп, кестелі тілімізді бүлдіріп алмауда ұлт ұрпағына ұран ретінде тастайды. Сол секілді 1984 жылы қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы Ғабит Мүсірепов бастаған алыптар өнер алды қызыл тілді шұбарламауды тақырып етіп алып, сөз зергері кеткен кемшіліктерді екі сағат бойы баяндағаны есте. Ғабиден Мұстафин, Әбдуәли Қай­даров, Тахауи Ахтанов, Қадыр Мырза­лиев, бүгін арамызда жүрген абызымыз Серік Қирабаев, тағы басқалар тілді бұрмалаудағы орашолақтықты жеріне жеткізе талқылағаны есте. 

Тілші ғалымдар әр басылымда шық­қан мақалалардағы сөздерге талдау жасап отыруды өздеріне парыз санайтын. Соның бір дәлеліне көрнекті тілші ғалым Ғ.Мұсабаевтың кітаптарын парақтап отырғанда көз жеткіздік. Біз мұны неге айтып отырмыз, ол кезде қазақ тілінің тек-тамырын терең білетін, өздерінен бұрынғылардан көңілдеріне түйген көп көнекөздер бар еді. Қазір олар сиреді. Жаңа қоғамның берген еркіндігін еркелік деп ұққандар ондай асылдарды кейде тыңдай қоймайды. Тек өз сөздерімен жүруге ұмтылады. Тіл заңдылығын көп ескере бермейді. Содан келіп, малға айтылатын сөз адамға, адамға айтылатын сөз малға телініп жүр. Мысалы, «қызуы көтеріліп, мал өліп жатыр» дейді. Тағы біреу «ескі нан» десе, үшінші тіл бұзар «күшіктің анасы» дегенді сөзіне қоса салады. Мұндай оралымсыздықтарды ақпарат құралдарына зейін салып қарасаң жиі кездестіресің.  Жалпы, қазақ сөзге тоқтаған ха­лық. Аталы сөзді аттап өтпеген. Жас­тар үлкен­нің алдында сүйреңдеп сөй­лемеген. Ақындар айтысқанда уәжді сөз­ге ұйы­ған. Болсын-болмасын соза бермеген. Құлмамбет ақын айтпақшы, «Сөзімнің қыл сыймайды арасына» дегенге дөп келіп жатқан. Қазір сөздің арасынан қыл емес, атан түйе жүгімен өтіп кететін болды. Сөздің мағынасына мән бермей, қазақша сөйлеп тұрмын дейтіндер көбейіп барады. Сондай тілі мүкістердің ісі ұлт тіліне жасаған жақсылығы емес, тигізген кесапаты орасан десек, артық айтқандық болмайды. Ондайлар өзін-өзі түсінгенмен, жұрт түсіне алмай, не деп тұр бұл шіренген, шіркін, деп жатады. Тіпті тұспал сөзді ұқпайтын дәрежеге де таяп келеміз. Оны турасынан қабылдап, мақтаныш көретіндер де жоқ емес. 

Соңғы айтар байламымыз, тіл тазалығын сақтауға қатысты алдыңғы толқынның өнегесін жаңғыртып, әсіресе тілдің тірлігінде жүрген ғалымдар, қаламгерлер, ұлт зиялылары үн көтеріп, атой салмаса, ұлт тілінің құны құлдырай береді-ау. Алда мысалға келтірген екі жиын секілді ғылыми конференциялар өткізіп, онда бүгінгі тілдің қолданыс аясы туралы ой қозғасақ, ұтылмас едік. Бұл кейінгі өскін жастың ойлануына септігін тигізері сөзсіз. Руханият саласындағы осындай жылында бір өтетін басқосуды, күнде өтетін жиналыстың қатарына қоссақ, қазақ тілінің қадірі артып, өзім білем дегендер аяғын тарта басып, ұлт тілінің ойыншық еместігін көкейлеріне қорғасындай қорытарына шүбә келтірмейміз. 

Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»