• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
24 Тамыз, 2017

Құқықтық сауаттылық құндылығы

1230 рет
көрсетілді

Талай мәрте айтылған істің нәти­жесі шықпайтындығына налы­ған­дар «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деген тіркесті тілге тиек етіп, анда-санда бір күрсініп  қоятыны рас.

Әрине, бұл тұрғыдан қарағанда, қай салада болсын, қолға алынған игі істің орындалғаны жақ­сы ғой. Дегенмен,  кез келген істің өз қи­сыны болмай қоймайтындығы сөз­сіз. Ал әр істің қисынын келтіріп, заң­дылығын таппай әрекет ету орынсыз жерге пышақ ұрғандай бо­лып, ақыры «суға кеткен тал қармайдының» кері келмек.

Бұлай деп сөз саптауымыздың өз жөні бар. Мәселен, осы мемлекеттік ті­­лі­­міздің төрге оза алмай тұрғаны жөнінде талай айтылып келеді. Бірақ, байқасаңыз, сол айтылғандардан гөрі бұл салада нақты атқарылған істің сал­мағы жеңіл секілді. Себебі, тек айтыла береді. Ал нәтижесі көп адамның кө­ңілін көншітпейді. Неге? Себебі та­ғы белгілі. Елбасы «Қазақ қазақпен қазақ­ша сөйлессін» деп бекер айтқан жоқ қой. Конституциямызда тайға таңба бас­қандай Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл – қазақ тілі екендігі жа­зылып тұр. Өзіміз, Елбасының айт­қанындай, басымыз қосыла қалғанда, үй­де, түзде, жиналыста, т.б. жерлерде қа­зақ тілінде сөйлессек, өзгелер бұған мән беретіні сөзсіз. Бәрінен бұрын заң бар ғой, ал заң талабы бәрімізге тең, бірдей.

Алайда, бұл істе де әркім өз оң­ды іс-­әрекетін көрсете білуі керек сияқ­­­ты. Құрғақ сөзден гөрі заңға сай іс-­әрекет әлдеқайда тиімді әрі өтімді болмақ. Соның бір көрінісі ретінде қазақ тілі деп түн ұйқысын төрт бөліп жүрген Жасұлан Қыздарбекұлы деген азаматтың оңды ісін айтуға болады. Ол Президент айтқан «Нағыз патриот – өз елін мақтайтын емес, нағыз патриот кемшіліктерді байқап, оларды түзеуге ықпалдасатындар» деген сөзді іс жүзіне айналдыра білді. Қалай дейсіз бе? Ж.Иса өзі тұратын үй кешені тұрғындарына қызмет көрсететін «Bikom Realty» ЖШС-нің кемшіліктерін көздеріне нұқып тұрып көрсетті.  Ол қандай кемшіліктер еді? Онда анау-мынау емес, Тіл туралы Заңымыздың талаптары мүлде ескерілмейді екен. Жасұлан Қыздарбекұлы аталған серік­тестікпен 2013 жылы келісімшартқа отыруды көздейді. Ондағы заңгерден келісімшартты қазақ тілінде толтыруды сұраса, қазақ тілінде шарт жоқ дейді. Содан ол «Жайна» тұрғын үй кешеніндегі пәтеріне 2015 жылы қоныстанған соң бұл мәселе тағы алдынан шығады. Қазақ тілі мұнда мүлде ескерусіз қалған. Барлық құжаттар тек өзге тілде. Ал негізінде екі тілде жазылуы керек қой. 

Бұл арада мемлекеттік тілде сөй­леймін, қазақша үйренемін деген аза­маттардың заңды құқы бұзылып отыр. Біле білсеңіз, тіл туралы заңнама мем­лекеттік тілді дамыту және енгізу жө­ніндегі барлық мемлекеттік билік ор­гандарының міндеттерін белгіледі. Онда барлық органдар, қоғамдық ұйымдар, жергілікті өзін өзі басқару органдары өзінің қызметін мемлекеттік тілде жүзеге асыруға, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізу үшін тиісті жағдайлар жасауға, қолдау көрсе­туге тиісті. Ал заң орындалмаса, осы заңсыздықтарды қадағалайтын, тез­ді жөнге салатын елімізде арнайы құзыр­лы органдар бар. Соған сай Ж.Иса атал­ған кемшіліктерді көрсетіп, тікелей тиіс­ті органдарға шығады.

Мемлекеттік тіл – елдің бар аума­ғындағы қоғамдық қатынастар саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін және іс- қағаздарын жүргізу тілі дейміз. Бұл орайда Үкімет, өз­ге де мемлекеттік, жер­гілікті өкілді жә­не ат­қарушы органдар мемлекеттік тіл­ді барынша дамытуға міндетті. Мұны жергілікті қызмет көрсету орындары білмеуі мүмкін емес. Өйткені, мем­лекеттік тілде сөйлеймін, оқимын, қа­жетті ақпарат аламын деп талпынған адам­дар амалсыздан құқықтарын бұзып, өз­ге тілге көшуге мәжбүр болады. 

Тіл – адам өміріне қажетті дүниенің бастауы. Сондықтан, Президентіміздің «Кеше болмағанның бүгін болуы мүм­кін, бүгін болмағанның ертең бо­луы мүмкін, бірақ ана тіліне мән бер­меушіліктің, оны құрметтемеудің салдары орны толмас олқылықтарға соқ­тыратыны сөзсіз» дегеніндей, заңды бұзбаған дұрыс», дейді Ж.Иса. 

Міне, осы жағдайларды Жасұлан Қыздарбекұлы құзырлы органның алдына қояды. Олар тексеріп жібе­ріп, заңға қайшы келетін, яғни тек ресми тілге ғана басымдық бере­тін кемшіліктердің бар екенін ай­ғақ­тайды. Артынша, көп ұзамай, жоға­рыдағы орын алған кемшіліктер бір­тіндеп мәдениетті түрде түзетілді. Осылайша, орынсыз байбаламнан гөрі, нақты оң іс-әрекеттің арқасында заңдылық үстемдік құрады. Демек, біздің елімізде тіл мәселесінің өрке­ниетті түрде шешілуіне толық жағдай бар. Тек сөзден іске көшетін уақыттың келгенін ескеру қажет.

Александр ТАСБОЛАТ, «Егемен Қазақстан»