• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2010

ЖОҚ, БҰЛ КӘРІМ ТОҚТАБАЕВ ЕМЕС... ИСА ТОҚТЫБАЕВ!

1967 рет
көрсетілді

1990 жылы ақпан айында Қызылорда педагогикалық институтында “Шежіре” тарихи-өлкетану бірлестігінің ұйымдастыруымен КСРО Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Мырқы Исаевпен кездесу өтті. Біз бұрын оны өмірдің кейбір келеңсіз жақтарын жазатын фельетоншы деп білсек, бұл кездесуде журналист ағамыз басқа қырынан көрінді. Ол қоғам қайраткері, қазақ халқының көрнекті ағартушысы Иса Тоқтыбаев жайлы зерттеу мәліметтері бойынша ойлы баяндама жасады. Біздің білетініміз аз екен. Қызылорда қаласында оның есімімен небәрі 30 метрлік тұйық көше аталған. Ол тұрған үйде жазулары өшкен сұрықсыз ескерткіш тақта ғана тұр. Қаладағы №235 мектепті қалалық атқару комитетінің 1985 жылғы қаулысымен Иса Тоқтыбаевтың атына беру туралы шешімі қағаз жүзінде қалған. Шынында да, Иса Тоқтыбаев Түркістан Республикасы кезінде ондағы жарқын тұлғалардың бірі болған. Мырқы Исаевтың құжаттар, суреттер, анықтама арқылы оны дәйектеуі студенттерді ерекше қызықтырып, тарихи әділетсіздік толғандырды. Осы тақырыпты игеруге зерттеуші жиырма жыл уақытын сарп еткен. Иса Тоқтыбаев жайлы біз не білдік, нені білмейді екенбіз? Ол төмендегідей. Кейіпкеріміз 1884 жылы 13 желтоқсанда қазіргі Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы бұрынғы ХVІІІ партсъезд атындағы кеңшар аумағында дүниеге келген. Әке-шешесі осы өңірдегі иіндеп ағатын Сырдарияның бір бұрылысына қоныс тепкен, Ұлы жүздің жалайыр руы мекендеген балықшы ауылының тұр­ғындары болған. Мұнда қазірде де өмір сүріп жатқан дулат, ошақты, қаңлылар бар. Олар ертеде Жетісудан мал-жайымен көшіп келіп Кіші жүз ішіне қоныстанып қалған. Иса кішкентайынан Перовскідегі байлар мен саудагерлерге жалданған. Рафаил деген дүкеншіде жұмыс істеп жүріп, өз бетінше білім алуға ұмтылады. Албырт жастың қабілеттілігін Щипков сияқты сол уақыттың алдыңғы қатарлы ауқатты адамдары да байқап, оған қамқорлық жасайды. Ағайынды Щипковтардың Ақмешітте бұратаналарға арналған үш мектебі бар-ды. Міне, соның бірінде Иса өзінің досы – кейін Қарақалпақ АССР-інің алғашқы басшысы болған Әбу Құдабаевпен бірге орысша оқып, 1908 және 1912 жылдары ол білім ұясын, одан кейін Ташкенттегі мұғалімдер семинариясын бітіреді. Онда жүріп маркстік-лениндік үйірмелерге қатысып, 1916 жылы Тоқмақ стансасындағы жұмысшылар ереуіліне барғаны үшін жандармерия тарапынан тұтқынға алынады. 1917 жылдың қазанында ескі Ташкент жұмыс­шыларының көтерілісіне қатысып, Уақытша Үкіметті құлатуға белсене араласады да сондағы жұмысшы, солдат және мұсылман депутаттары Кеңесінің хатшысына сайланады. Бандалар мен басмашыларға қарсы күреседі. 1918 жылы И.Тоқтыбаев Түркістан Кеңес Республикасының Орталық Комитетінің мүшелігіне сайланып, 1919 жылы ақпанда большевиктер партиясы қатарына қабылданады. Сол жылы қарашада тұңғыш рет Орталық Азия мен Қазақстан халықтарының ағарту институты құрылғанда оған Үкімет осы жоғары оқу орнын ұйымдастыруды және басшылық жасауды жүктейді. Оны мұндай жоғары лауазымдарға ұсыну кеңес қайраткерлері В.В.Куйбышев пен Тұрар Рысқұлов тарапынан болған-ды. 1918 жылы Перовск өңірінде аштық жайлап, “Билік – жергілікті жерде” деген ұранмен бұл аймақта Иосиф Гержод атты қанішер білгенін істейді. Қасындағы милиция Жорабек Есенов екеуі мұндағы қазақтарды қынадай қырады. Жерлестері Мұстафа Шоқайды да сабайды. Бұл сұмдық жауыздық туралы Алаш арысы өзінің “Түркістан Советтер билігінде” кітабында анық жазған. Міне, сол жылғы 17 шілдеде Перовск тұрғындарының арызын тексеруге И.Тоқтыбаев бастаған төтенше комиссия құрылып, істі тексеруге аттандырылады. Олар келе жатқанда И.Гержод Перовскіде бұларды тұтқындап, атуға бұйырады. Бірақ Иса Тоқтыбаев, чекист Тілеубай Жетербаев, Шиелі стансасы шаруашылық серіктігінің тұңғыш төрағасы, Қалжан Қоңырат­баев пен Түркістан стансасының мұғалімі, жергілікті кеңес депутаты Садық Өтегенов тура келген өлімнен құдай сақтап, кездейсоқ аман қалады. Осыдан соң Түркістан ХКК 1918 жылы 15 тамызда екінші рет қаулы қабылдап, Ташкент депутаттар кеңесінен құрамында Тоқтыбаев, Ибрагимов және Бөлебаев бар төтенше комиссия құрып, оны тағы да Перовскіге жібереді. Олар Гержодты және оның жақтастарын ұстап Ташкентке алып келіп соттайды. Бірақ, бұл қанішерлер осындағы эсерлердің ықпалымен жер аударылады да жеңіл жазамен құтылып кетеді. 1920-1922 жылдары Иса ағамыз “Ақжол” газетінің редакторы болып тағайындалады. Оған дейін бұл қызметті Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Сұлтанбек Қожанов атқарған еді. Оған ұлтшыл-алашор­дашы деген атау осы кезден тағылды. Содан бастап И.Тоқтыбаев Түркістан Кеңес Респуб­ликасы тұрғындарының арасында үлкен беделге ие бірден-бір көрнекті қайраткерге айналады. 1921 жылы көшпелі тұрғындар арасында Білім тарату комиссиясының төрағасы, Халық ағарту комиссарының орынбасары,  Түркістан Орталық Атқару комитетінің өкілі, мемлекеттік Баспа төрағасының орынбасары және республиканың Халық ағарту комиссариаты алқасының мүшесі қызметтерін қоса атқарады. Сөйтіп жүріп Таш­кенттегі Орталық Азия мемлекеттік универ­ситетін оқып бітіреді. Бұл кезеңде ол журналистік және шығар­машылық қызметке де өз күшін аямай пайда­ланады. “Ақжол” газетінің редакторы бола жүріп, сонымен қатар, теориялық журнал “Қызыл Қазақстан”, саяси-қоғамдық басылымдар “Шолпан”, “Сәуле”, “Сананың” сарапшысы бол­ған. Сондай-ақ, ол бір жағынан өлкелік комитеттегі баспа секторының меңгерушісі де еді. Кейіпкеріміз сонымен қатар қазақ интелигенциясының шығармашылығына ерекше көңіл бөліп отыр­ған. Оны И.Тоқтыбаевтың халық ақын-жы­раулары Тұр­ма­­ғамбет Із­тілеуов пен Омар Шо­раяқовтың ең­бек­терін “Ақ­жолға” ұсынып, редак­ция қыз­меткер­лерін қа­зақ­тың мәдени мұра­ларын жи­нап, қорғауға белсене қатыс­тыру үшін олар­ды 40 түйемен ел ішіне жіберген. Өкінішке қарай бұлардың дені қазір Өзбекстан мұрағат­тарында жатыр. Осы орайда сол экспедицияға Әбубәкір Диваев, Ыбырай Тәжиев, Есіркеп Қалымбетов, Ахмет Өтеевтің қосқан үлестерін атап өткен ләзім. Олардың ішінде кейін Ыбырай Тәжиев Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, мемлекеттік Жоспарлау комитетінің бас­шысы қыз­мет­терін атқарған. 1922 жылдан бастап Таш­кентке жиналған қазақ зиялы­лары­на деген Үкімет көз­қара­сында салқын­дық байқала бастайды. Олар­ды қудалау басталды. Бұл жөнінде ақын Сәкен Сейфуллин: “Алаш­орда­шылардың бір бөлігі Қожанов және пікірлестерінің демеуіне сүйене отырып, Ташкентке келіп алды. Сорақылығы ТОАК органы “Ақжол”, Шолпан”, және “Са­на”, оның қазақ-қырғыз бөлімі басылым­дары ұлттық көзқарастар­дың ошағына айналды. Олар Түркістанды “түркілердің отаны ” деп жариялап, Ташкентті алаш­орда­шылар жауынгер­лерінің қона­қүйіне айналдырды” – деп жар салды. Осындай дабыл зардаптары “Ақжолдың” басшысы болған И.Тоқты­баевқа да тиіп, қызмет­­тер­ден шеттетіле бастайды. 1926 жылы Орынбордағы жұмы­сы­нан кетуге мәжбүр болып, Семейде шыға­тын “Қазақ тілі” газетінің редакторы қызметіне тағайын­далады. 1930 жылы өлкелік партия комитетінің бюро­сы Ленинградқа аспиран­тураға оқуға жібереді. Онда И.Герцен атындағы тарихи-партиялық және Қызыл профес­сура институттарын қоса бітіріп, осында С.М.Киров басқар­ған қалалақ партия комитетінің ұсынысымен кеңестік Шығыс халықтары Бүкіл­одақтық курсының ректоры қызметін атқарады. Сонымен бірге В.И.Ленин атындағы әскери-саяси академияда сабақ беріп, Ленинградтағы мемле­кеттік этнография музейінің меңгерушісі болады. Сталиндік репрессияның 1929-1933 жылғы алғашқы толқыны И.Тоқтыбаевқа да жетеді. Оны бұл кісінің үлкен баласы Рэм былай деп еске түсіреді. “Менің әкемді 1933 жылы Ленинград түбіндегі санаторийде  демалып жатқанда бірінші рет тұтқынға алды. Оны маған апам (анам Фатиманың сіңлісі бізбен бірге тұратын) айтты. Ол кісі үйге барар жолда әкеңді тұтқындады деп жылаумен болды. Пәтерімізге келсек астаң-кестең аудастырған, әкемнің бөлмесін мөрлеп жауып кеткен. Біз онда жиі болып, шкафтардағы кітаптар­ды және қабырғада ілініп тұратын пистолетті қызықтайтынбыз. Қиялымызда азамат соғыстары­ның шытырмандары елестейтін. Енді кіре алмадық. Азаннан кешке дейін Литейный даңғы­лын­дағы ОГПУ басқармасының есігін күзетіп, әкемізден хабар күттік. Сол кездегі Заңның 58, 58-ю, 58-ІІ баптарымен 10 жылға сотталғанын сонда білдік. Бізге бірінші хабар Қарағандыдағы түрмеде отырғаны жайлы жетті. Онда әкемізді бақытына қарай Қазақстанды аралап жүрген С.М.Киров танып, одан Мәскеу облысындағы Дмитров қаласының түрмесіне (Дмитлаг) ауыстырғызған. Әкеміздің тұтқындалуы бізге қара бұлт болып төніп, шешемізді партиядан және институттағы жұмысынан шығарды. НКВД аптасына бірнеше рет келіп, үйді аударып-төңкеріп айқайлап, бізді қорқытып кететін. Содан олар рахат алады-ау деймін. Ақыры бізді тұрған пәтерімізден қуып, Чайковский көшесіндегі 10-үйден коммуналдық 18-үйге көшірді. Апамыз оқуын тастамау үшін басқа фамилия­да болғандықтан бізбен туыстығы жоқтығын мәлімдеді. Оған пәтерімізді бердік те Дмитров қаласына көшіп, Сталин ақ пен қараны ашады, әділет қайта оралады деген оймен арыз бен өтінішті көп жаздық. Апамыз институтты бітірді де Б.Асқаров деген күйеуімен Қарағанды облысының Қарқаралы қаласына кетіп, артынан хабар-ошар болмады. Дмитров қаласында әкеміздің қасында болайық деп біз ағаштан қиылып жасалған иесіз жаздық үйге орналастық. Ол лагерьге жақын болатын. Оның жанынан түрмедегілерді жұмысқа апаратын жол өтетін. Шаршаған аш тобырдың ішінде әкемізді кейде танымай қалатынбыз. Бізді ол жерден де қуған кезде шешеміз Дмитлаг бастығы С.Риринге барғаны әлі есімде. Ол түрі сұсты, жағасында төрт ромбигі бар кісі екен. Бізге жақын жерге орналасуға рұқсат еткенімен, тұратын баспана таба алмадық. Суық түсіп, жылынбайтын үйде тұру мүмкін болмады. Шешеміз бірнеше рет Мәскеуге барып, Ташкентте бірге қызмет істеген В.В.Куйбышевтың қабылдауына кіруге әрекет жасады. Ақыры 1936 жылы оның араласуымен істі қайта қарап, әкемізді түрмеден босатты. Біз қуанып, Ленинградқа келдік. Онымыз ұзаққа бармады. Қуғын-сүргін қайтадан қарқын ала бастады. Күнде біреуді қамауға алып кетіпті деген сөз жиі айтылатын. Ол да 1938 жылы бізге жетіп, әкеміз 58-бап бойынша екінші рет 8 жылға сотталды. Сөйтіп, алашорда­шы деген атау азапқа айналып, одан қайда қашса да құтыла алмады. Әкемізбен кездесіп, азық-түлік беру үшін түрме алдында күнұзақ тізілген кезекте тұрушы едік. Сондағы бір көрініс есімде ерекше қалып қойыпты. Әкеміздің сыртынан қарағанда оны ұрғаны мен жазалағаны бет-әлпетінен көрініп тұрды. Аузында бірде-бір тісі қалмаған. Сонда да бізге сергек болып көрінуге тырысқанын байқадым. Оған жақындауға болмады, бізді темір тор бөліп, шешем екеуміз жылап тұрдық. Ал ол болса бізге қалай өмір сүруді айтып жатты. Әкей коммунистік тамұқтың мерзімін Коми АССР-інде, Печера лагерінде өтеді. Ондағы өмір білетін адамдардың айтуынша, бұл жер тамұқтың тамұғы болған. Шахталардағы ауыр жұмыс­тарға жегіліп, иттің күнін көрген. Анамыз ұзақ жылап-сықтаудан кейін баспочтампқа жұмысшы болып орналас­ты. Одан да қудаланып, саңы­раулар артеліне ауысуға тура келді. Біз қалайда өмір сүруге тыр­мы­сып, азаннан кешке дейін үйде әр­түрлі пакеттер мен қағаздарды желімдеумен айналыстық.  Өміріміз әбден тығы­рық­қа тірелгенде анам мені Қызыл­ордадағы әкеміздің немере туысы С.Тоқтыбаевқа жіберді. Ол облыстық прокуратурада тергеуші еді. Мұнда келгенде менің керегім шамалы екенін сезіндім. Олар халық жауының баласынан теріс айналып шыға келді. Кемсітушіліктің де не түрін көрдім. Сондағы біреудің сөзі әлі есімде: “Иса Тоқтыбаев нағыз жау ғой. Себебі, өзінің балаларына Рим, Берлин, Токио деп ат қойды емес пе”, – дегеніне тыңдап отырғандар да қоштап басын изегені бар. Бұл атаулардың мәнісін әкеміз түрмеден ақталып келгеннен кейін білдік. Шынында менің атым төл­құжа­тымда Рэм, ол “революция, электрофикация, мир” дегеннен қысқартылып алынған екен. Екінші інімнің есімі Варлен Париж коммуна­рынан аты, одан кейінгісі – Мәулен таза қазақ есімі ретінде қойылыпты. 1945 жылы әкемді Краснодар өлкесінен Енисей өңіріне жер аударды да, ақыры 1947 жылы ол кісі елге оралып қайта қауыштық. Аудандық коммуналдық шаруашылық бөліміне бухгалтер болып орналасты. Өзіміз өзімізге келіп, ес жинай бастадық та мен Ленинград тау-кен, інім Алматы мединститутына оқуға аттандық. Бірақ артымыздан бұрынғы қырсық қалмады. Институтта біреу әкемнің халық жауы екенін жеткізіп, оқудан шығартып жіберді. Геолог болуды армандағанмын. Содан соң өзімді Ашхабадтағы 1948 жылғы жер сілкінуден зардап шеккен босқынмын деп Уралдағы бір техни­кум­ға оқуға түстім. Сібірде және Қиыр Шығыс­та жұмыс істедім. Інім Варлен институтты кемсітушілікпен бітірді. Бірақ еңбегі жанды. Кейін республиканың еңбек сіңірген дәрігері болып, Ленин орденімен марапатталды. Екі інімізді соғыс басталғанда Ленинградтан Яро­славль­ге көшірген-ді. Кішіміз Мәулен үш жаста болатын. 1947 жылы тауып алдық. Үшіншіміз із-түзсіз кетті”. Ақыры Иса ағамыз тамұқтан үшінші рет босанып шығып, елге Алматы арқылы қайтады. Ондағы таныстары бұл кісінің әбден қалжыраған түрін көріп, тірі қалғанына таң қалады. Қазақ­стан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшы­сы Ы.Тәжиев пен жазушы С.Мұқанов Исекеңді жылы қарсы алған. Бұрынғы шәкірттері оны Алматыда қалыңыз, пәтер, жұмыс, бәрін алып береміз деп үгіттейді. Бірақ ағамыз оған көнбей Қызылордаға келіп, балаларының біреуінен басқасын іздестіріп тауып алады да есін жинайды. Иса Тоқтыбаев өмірінің соңғы жылдарында Қызылорда өлкетану мұражайының директоры болып істейді. Оның өмірбаянының көптеген белгісіз жақтарын журналист Мырқы Исаев 90-жылдары архив құжаттары мен суреттер арқылы өз кітабында жақсы жазып танытқан еді. Бірақ, соңғы кездері жерлестерінің самарқаулығынан ел жадынан шығып барады. Мұндай жарқын өмірбаянды тұлғалар Қазақстанда сирек кездеседі. Оны кейбір құжаттардағы орысша жазу шатпағынан зерттеушілердің көбі Кәрім Тоқтабаев және Мұқан Тоқтабаев деген кісілермен шатастырады. Осындай түсінбестіктен мақтаныш тұтар бұл есім көлеңкеде қалып келеді. Қызылордадағы Ә.Қоңыратбаев атындағы “Шежіре” тарихи-өлкетану бірлестігінің жұмысы барысында Иса Тоқтыбаевтың балалары айтқан Жосалы қыстағындағы оның құжаттарын іздестірдік. Айдаудан қайтып келіп Тереңөзекте жүргенде бір милиция қызметкері оны ұрып-соғып, бар мұрағат қағаздарын тартып алып кеткен екен. Соны іздеп, қасымда марқұм, мектеп директоры Жағыпар деген жігіт екеуміз әлгі үйді іздеп тапқанбыз. Сонда Исекеңе зәбір көрсеткен милицияның баласы өзінде көп қағаздар мен суреттер бар екенін айтып, олар кейін өз балаларыма керек деп бермеді. Оған да міне, 15 жыл. Мұны Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қызметкерлерінің назарын аудару үшін айтып отырмыз. Күрмеуі көп күрделі өмір жолынан өткен бұл тұлғаның жоғарыдағы, яғни, 1918-1932 жылдардағы қайраткерлігін айтпағанда, былайғы өмірде “Түркістан”, “Жағырафия” атты оқулық жазған, ұлы жазушы М.Әуезов Семейден көзтүрткі болып Ташкентке жеткенде, оған “Сәуле” журналында жұмыс істеуге жағдай жасаған, осы шаһарда Ғ.Мұратбаевты оқуға орналастырған алды кең, жылы жүректі жан екенін қалай ұмытамыз. Жоқ, мұндай адамды есте сақтап, оған құрмет көрсетуіміз керек. Тәңірберген МӘМИЕВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия  ұлттық университетініңдоценті, тарих ғылымдарының кандидаты. Қостанай. АЛТЫ ҒЫЛЫМ ДОКТОРЫНЫҢ ӘКЕСІ атанған аға газеттің қызметкері Ғайса Сармурзин туралы сыр “Егемен Қазақстан” газетінің 90 жылдығы қарсаңында кезінде осы басылымның белді қызметкері болған Ғайса Сармурзин есіме түсті. Бұл кісімен мені тағдыр 1954 жылы Жамбыл облыстық “Сталиндік жол” (кейін “Еңбек туы”, қазір “Ақ жол”) газетінде түйістірген еді. Ағамыз ол кезде осы басылымның редакторы екен. Алматыдан жаңадан оқу бітіріп келген жас маман мені құшақ жайып қарсы алды. Содан Ғайсекеңмен 1961 жылға дейін қызметтес болып, үлкен жүректі кісінің көп жақсылығын көргенім бар. Ол кез, яғни, 50-жылдар газет қызметкерлері үшін қиын уақыт еді. 1956 жылы Сталиннің жеке басына табынуды сынағаннан кейін Хрущев әбден еркінсіп алды. Күнде жиналыс. Күнде бет-бет баян­­дама. “Американы қуып жетіп, басып озамыз” атты әсіре ұранға “80-жылдары елімізде коммунизм орнайды” деген айқай қосылып, оны насихаттаудан газет беті бір босамайтын. Сөйтіп, ол кезде газетке басшылық жасау нағыз қиямет еді. Құбыладан жаңылып қалдық. Амал қанша... Іскер басшы, тәжірибесі мол журналист Ғайса Сармурзин қара­мағындағы қаламгер азаматтардың білікті де тегеурінді еңбегі арқа­сында бұл қиындықтарды жеңе білді. Өгізді де өлтірмеді, арбаны да сындырмады. Облыстық газеттің бет-беделін сақтап, қалың оқыр­манның көңілінен шықты. Алға қойылған міндеттердің орын­далуын қамтамасыз етті. Газеттің әр санында басылатын, қыруар тақырыпты қамтитын материалдардың тек ақиқатты айтуы, фактілерді бұрмаламауы үнемі назарда ұсталды. Жаңалық та, жамандық та қалың көпке қаз-қалпында жетіп жатты. Қысқасы, Ғайсекең басқарған бұл облыстық газет өмір айнасы, халықтың рухани дем берушісі екенін жұртшылыққа таныта білді десек, артық айтқандық бола қоймас. Басылымның басты кейіпкері — еңбек адамдарының сом тұлғасын жасау, олардың рухани өсуін, парасатын көрсету, жан дүниесін ашу үнемі басты назарда ұсталды. Өйткені, редактор әрбір қызмет­кердің өз міндетін жауапкер­шілікпен атқаруын күнделікті қадағалап, оларға шығармашы­лықпен жұмыс істеуіне не қажеттің бәрін жасауға ерекше ден қойды. Өңірдегі штаттан тыс тілшілердің белсенділігі арттырылды. Редакцияның айлық, тоқсандық жұмыс жоспарларын жасаған кезде әйтеуір міндеттен құтылу сияқты құр долбарға, көзбояушылыққа жол берілмеді. Материал жазылатын объектілер: яғни қайсы шаруа­шылық немесе өндіріс орны екені нақтыланатын, көтерілетін мәсе­лелердің ауқымы белгіленетін және қай кезде орындалатыны көр­сетілетін. Сонымен әрбір тапсырма берілген сайын соны іске асыратын газет қызметкерінің тәжірибесі, шығармашылық ұмтылысы, өмірге белсене араласуға бейімділігі ескерілетін. Жұмысқа жаңа келген, түбіт мұрт жастарға қамқор болу жолға қойылды. Солардың қанатының қатайып, қаламының ұшталуы көзден таса етілмейтін. Сәл жетістіктері болса мақталып, көтермеленіп отыратын еді. Әр апта сайын шығармашылық қызметкерлердің басқосып, бәсекеге түсіп, ой жарыстыратын, пікір алысатын жиыны – лездеме өткізу жаңаша сипат алды. Ғайсекеңнің алды қашанда кең болатын. Мұнда журналист өз ойларын еркін, ешкімнен жасқан­бай айта алатын. Бірақ сылтауға, боссөзділікке тізгін берілмейтін. Осы жерде кімнің аты бәйгеден келгені ұжымның төрт көзі түгел отырғанда жария етілетін. Жан-жақты талданып, шабытпен жазылған проблемалық материал­дар, кемшіліктерді батыл әшке­релеген сын мақалалар, қызықты репортаждар және көркем очерктер осы лездемеде атап көрсетіліп, жеңімпаздарға сыйлық беруге қолма-қол шешім қабылданатын. Бұдан кейін басқалар да нысанаға дөп тиетін, оқырмандар ойынан шығатын материалдар жазуға талпынатын. Бізде өтетін әрбір лездеме жас журналистерді тәр­биелеудің мектебі сияқты болды. Ғайсекеңнің ерекше бір қасиеті кемшілік жіберген қызметкермен бет жыртысып ұрыспайтын. Кең толғап, ақылмен жөнге салатын. Осындай тезге түскен адам енді қайтып олқылыққа ұрынбауға тырысатын. Редактордың басқа­ларға үлгі болар тағы бір қыры материалды бас салып түзей бер­мейтін. Авторға стильдік жетім­сіздік орнын өзі толтыруға мүмкіндік беретін. Бұл жастардың намысын оятудың тиімді тәсілі еді. Редактор әдеби шығармаларды көбіне өзі қарайтын. Түзеткенде автордың ойына ой қосып, әсіресе, өлеңнің: “Тілге жеңіл, жүрекке жылы тиіп, теп-тегіс жұмыр келсін айналасы”, – дейтін ұлы Абайдың талабына сай болуын қатты қадаға­лайтын. Жас ақын-жазушылардың өмір айдынында құлаш сермеп, көпшілікке танылуына, өсіп, жетілуіне үнемі көңіл бөліп отырды. “Әдебиет беті”, айына үзбей шығатын. Сөз ретіне қарай айта кетейін, газеттің мазмұнын байытып, беделін арттыруда, оқырмандардың ынта-ықыласын өзіне аударуда республикаға танымал ақын-жазушылардың жаңа шығармаларын облыстық газетте жариялаудың маңызы зор болды. Мұнда Ғай­секеңнің қазақтың белгілі қалам­герлерінің көбімен таныс, досжар болуының үлкен септігі тиді. Мәсе­лен, 1955 жылы күзде осы Жамбыл облыстық газетінде М.Әуезовтің “Түркістан солай туған” очеркінің үзінділері жарық көрді. Сол сияқты А.Тоқмағанбетовтің сықақтары, С.Мәуленовтің өлеңдері, С.Төлешев­тің фельетондары, аға газеттің қызметкері Ғайса Сармурзин туралы сыр, Ж.Жұмахановтың очерктері беріліп тұрды. Ол кісінің шешендігі мен көсемдігі қатар жүретін. Тектіліктің лебі есіп тұратын. Қазақ билерінің ескі де есті сөздерін шабыттана төгіп-төгіп жіберетін. Әсіресе, Абай өлеңдерін көп айтатын. “Алмас пен құрыштың кіріккен қоспасындай”, – деп данышпан Мұхаңды, Мұхтар Әуезовті ылғи да өнеге тұтатын. Бұл екі ғұламадан үйренбей қолға қалам ұстау үлкен мін екенін үнемі ескертетін. Осы жерде Ғайсекеңнің Мұхаңның еңбекқорлығы жөнінде айтқан бір сөзін еске түсірейін. Біздің журналистер, – дейтін ол кісі, – сапарға барғанда жазатын мақаласына қажетті фактілерді өте аз, көбіне атүсті жинайды. Мен Мұхаңның “Түркістан солай туған” очеркіне материалдарды қалай жинағанының куәсі болдым. Байқап отырмын, Мұхаңның блокноты мен қарын­дашында маза жоқ. Сол өңірдің ең білікті деген қарттарын әдейі арнап шақыртып, өзімен бірге сыйлы қонақ еткізе отырып, ұзақ әңгімелесті. Жер аттарын, әлгі өңірдегі әр кездегі атақты адамдардың айтқан сөзін, қазіргі ел аузына іліккен жастар табыстарын, ауыл мәдениетін қаз­балай сұрастырып жазады да отырады...  “Осының бәрін неге жаза бересіз? Дем алмаймыз ба?” – дедім мен бір кезде шыдай алмай. Сонда ол кісі бір ғалым жазушының: “Материалды соншама көп жинау керек, сол жинағандарыңның 20-30 пайызы ғана кәдеге асып, 70-80 пайызы жазғаныңа сыймай қалып қоятындай болсын”, – деген сөзін айта келіп: “Керек тастың ауырлығы болмайды”, – деді келте қайырып”. Ғайсекең нағыз жазғыш редактор еді. Ол очерк те, театр рецензиясын да, проблемалық мақалаларды да кезі келгенде лып еткізіп тез бітіріп тастайтын. Сол кездегі Луговой ауданына қарасты Ленин атындағы колхоздың төрағасы, өзінің қадірлі құрдасы Төлеген Ақтанбердиев туралы көркем очеркі біздің бәрімізге үлкен ой салған еді. Шіркін, материалды осылай етіп жазсақ деп қызыққан болатынбыз. Ал Абай атындағы облыстық қазақ драма театрында Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” спектаклі қойылғанда соған арнап тамаша рецензия жазғаны бар. Өйткені, ол сонау 1917 жылдың жазында Шыңғыстаудың Ойқұдық жайлауында “Еңлік-Кебектің” шы­мылдығы алғаш ашылғанда “пьеса” деген ойынды тұңғыш қызықтаған бозбалалардың бірі болатын. Рецен­зияда бұл театр ұжымының клас­сикалық шығарманы сахналау­дағы жетістіктері, әртістердің шеберлігі тап бір осы саланың сұңғыла маман сыншысы жазғандай жеріне жеткізіле, жан-жақты талданылып баяндалды. Көрермен сол мақала арқылы спектакльдің мән-мағынасын толық ұғынды деуге болады. Ғайса ағамыз кейін Алматыға қоныс аударып, “Қазақтың көркем әдебиеті” баспасы директорлығынан зейнеткерлікке шыққан соң да қолынан қаламын тастаған жоқ. 1975 жылы арнайы сапармен Жамбылға келіп, өзі көп жыл жемісті еңбек еткен өңірдің ел-жұртымен қауышып, бір жасап қалғаны бар. Сол жолы Талас ауданындағы атақты “Талас” совхозында болып, озат шаруашылықтың тыныс-тіршілігі туралы “Социалистік Қазақстан” газетіне “Қара маржан” деп аталған көлемді проблемалық мақала жазды. Осы материалдан аталмыш шаруашылықтың сол кездегі экономикасы мен мәде­­ниетінің қалай қарыштап өскенін байқататын кейбір мәліметтерді келтіре кетейін. Ол уақытта бұл ауыл “Талас” асыл тұқымды қаракөл қойларын өсіретін завод аталатын. Қой саны 81 мыңға жеткізілген еді. Бұдан отау тігіп шыққан “Түгіскен”, “Шу” және “Кеңес” совхоздарының өзі іргелі шаруашылықтарға айналған-тын. Жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін совхоз директоры Әбдір Сағынтаевтан бастап 13 саңлақ шопанға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, барлығы 140-тан астам еңбеккер КСРО ордендерімен, медальдарымен марапатталып еді. Селода 100-ден астам жоғары білімді маман жұмыс істеді. Сонымен бірге 30 орындық учаскелік аурухана, 4 дәрігерлік пункт, 28 мың кітабы бар 4 кітапхана, мәдениет үйі, 4 клуб, балалар бақшасы, тұрмыстық қызмет көрсететін комбинат, байланыс бөлімшесі бар болатын. Бұл дегеніңіз, ауыл емес, төрт құбыласы түгел қалашық деген сөз ғой. Автор осындай жетістіктерді айтумен қатар мұнда су мәсе­лесінің шешімін таппағанын, жайылымдардың тарлығын әрі тозып кеткенін, мал өнімдерін мемлекет өте арзан бағамен сатып алатынын, сапалы киіз үйлер жетіспейтінін, СЖК препаратының тиімсіздігін және басқа пробле­маларды республикалық басшы ұйымдардың алдына мәселе етіп қойып еді. Ғайсекеңмен өмірінің соңына дейін хабарласып, Алматыға жол түскен сайын үйіне сәлем беруге барып жүрдім. 1977 жылы жүздескенімде: “Өзің білесің, жеңгең 1967 жылы қайтыс болғанда мен он баламен қалдым емес пе, – деді. – Содан бері он жыл уақыт өткен екен. Бұл мерзім ішінде оларды жетілдіруде жемісті де жеңісті күндерді бастан кешіріппін. Шүкір, қазір осы он баламның барлығы да жоғары білімді. Оның алтауы әр салада ғылым кандидаты. Мамандық­тарына келсек, Мәскенім – филолог, Алтайым – тарихшы Алма –химик, Шолпаным – тарихшы, Райханым – биолог, Раушаным – химик. Сүйкімді келінім Надя да химик. Тек бұлар емес, күйеу балаларымның да ғылыми атақтары бар”. Сөз ретіне қарай айта кетейін, қарияның жоғарыда өзі аттарын атаған балаларының бәрі кейін ғылым докторы, профессор атанды. Содан араға тағы біраз уақыт салып сәлем бере барғанымда Ғайсекеңнің қатты қуанып, ағы­нан жарыла отырып айтқан мына сөздері де әлі есімде: “Социа­листік Қазақстандағы ұзақ қызметімнен соң Жамбыл облы­сына барып 17 жыл редактор бол­ғанымда сүйініші мен күйінішіне ортақ болып, өңірдің өркендеуіне азды-көпті атсалыс­қаныма өзімді бақытты деп санаймын. Облыс активі мен газет коллективінің ортасында үлкен қадір-құрметке ие болғанымды зор мақтаныш етемін. Газет жұмысы­ның бар жақсылығын бірге бөліскен Төленді Оңғарбаев, Рахмет Омаров, Анарбек Айтбаев және өзің сияқты іскер, аяулы жігіттерге жақсы денсаулық, ұзақ өмір, үлкен абырой тілеймін”, – деген Ғайсекең жоғарыдағы сөздерді айтқанда бетіне нұр құйылып, көздері күлім қағып, тебіреніс үстінде болды. Содан соң әдемі шақшасынан насыбайын атып, біраз үндемей қалды. Сәлден кейін қайта серпіліп: “Елге менен сәлем айт”, – деп жастығына жантайды. Бұл 1987 жылдың сәуір айы еді. Содан көп ұзамай дүние салды, жарықтық. Жақсы адам еді. Иманды болсын! Сағат АРЫНҰЛЫ, журналист. Тараз.