• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2017

Ұстазын сыйламаған ұятқа қалдырады

708 рет
көрсетілді

Ұлттық таным мен елге, жерге деген құрмет сезімін қалып­тас­ты­ра­тын отбасының тәрбиесі – адамның тұл­ға болып жетілуінің кепілі. 

Тал бе­сік­тен алған тәрбиенің спорттағы бап­кер мен спортшы арасындағы қа­рым-қатынасқа да тікелей әсері бар.  Бір-біріне деген сый-құрметі ар­тып, береке-бірлігі жарасқан ұс­таз бен шәкірттің бағындырмас биі­гі жоқ. Ал енді, екеуінің арасына сы­зат түссе, табыс шіркіннің қос ат алып қусаң да жеткізбесі белгілі...

Осыдан біраз уақыт бұрын біздің спортта оғаш оқиға орын алды. Теннистен Қазақстанның бірінші ракеткасы, WTA рейтингі бойынша әлемдегі 50-орындағы Юлия Путин­це­ва­ның бапкері Роман Кислян­ский­ді дүйім жұрттың көзін­ше жерден алып, жерге салғанын ғаламтордан көр­меген адам кемде-кем. АҚШ-тың Нью-Хейвин қаласында өткен тур­нирдің бірінші айналымында фра­нцуз қызы Ализе Корнеден 0:3 есе­бі­мен жеңіліп жатқан Путинцева бап­керін шақырып алып, «Таз ашуын тыр­надан алады» демекші, жеңіліп жат­қа­нын жаттықтырушысынан көріп, ау­зына келгенін айтқаны шынында да жаға ұстатты. Және мұндай со­рақы қылықты еліміздің атынан сын­ға түсіп жүрсе де, Ресейден келген тікбақай теннисші көрсетті ғой деп өзімізді жұбатудың еш қажеті жоқ. Айналып келгенде, бұл бәрібір де біздің спорттың беделіне нұқсан кел­тірген ерсі қылық, абыройсыз іс болды.  Әрине, кейін долылығын додада көрсетуге тиіс теннисші қыз жария түр­де жаттықтырушысынан, жан­күйер­лерінен кешірім сұраған болды. Бірақ, жүректе дық қалып қойды. 

Осыдан пәленбай жыл бұрын сол кезде атағы дүркіреп тұрған бір боксшының спорт залында бапкерімен сөзге келіп қалғанының кездейсоқ куәсі болған едік. Жаңағы әумесер өзін бала күнінен бағып-қағып, бүгінгі биігіне жеткізген ұстазына балағат сөз араластырып, ұрып жіберердей төніп-төніп келіп, біраз «әңгіме»  айтып тастағаны бар-тын. «Естіген құлақта жазық жоқ», жерге кіріп кете жаздап біз  тұрдық... 

Қазір ғой, сол боксшы өзі де шәкірт баптап жүрген жаттықтырушы. Бірақ, бірнеше жылдың мұғдары болды, қанша жерден моншақтап тер төксе де бір де бір шәкіртінің жетістікке жеткенін көрмедік.  Тіпті дарынды деген кейбір шәкірттерінің басқа бапкерлерге «қашып» кетіп, мұның жаттығу кезіндегі оспадар қылықтарын жұртқа айтып жүргенін де құлақ шалған. Міне, алғашқы бапкерін, ұстазын сыйламағанның бүгінгі кейпі осындай. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» дегеннің кебі осы болар...

Осындай жайттарға қарап отырып, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген атам қазақтың аталы сөзіне тағы бір мәрте тәнті боласың. Рас, жоға­ры­дағы екі жағдайдың да тамыры түп­теп келгенде тәрбиеде жатыр-ау. Бап­керін беттен алған шәкірттен, ата-ана­сын сыйламаған баладан түптің тү­бінде ұлтын сүймейтін ұрпақ өсіп шығатынына күмәнданудың да қажеті жоқ.

Қазір көптеген ата-аналар мектепке, ал мектептегілер ата-анаға сеніп, екі ортада бала бетімен кетеді. Тағы бір жағдайда, ата-аналар баласын қорғап шыға келеді. Баяғыда мектепке жетелеп апарған әке-шешеміз мұғалімге «Еті сенікі, сүйегі менікі» деген жалғыз ауыз сөз айтушы еді. Ал қазіргі балаларды түртіп қалмақ түгіл, дауысын көтерген мұғалімді ата-ана сотқа сүйрейді. Тіпті, оқушының мұғалімге тап беріп, сабап тастаған оқиғалары ғаламторда үйреншікті көрініске айналған. Сұмдық!  

Жоғарыдағы ұстаз бен шәкірт ара­сын­дағы қарым-қатынасқа қайта ора­лайықшы. Бапкерін әкесіндей сый­лаған спортшылардың әлемдік деңгейдегі додаларда әйдік табыстарға қол жеткізгенін талай көрдік. Соның жарқын мысалының бірі – Лондон Олимпиадасының чемпионы Серік Сәпиев. Бір ғана мысал, осы Серік 2007 жылы әлемнің екі дүркін чемпионы болып Қарағандыға оралған кезде өзіне сыйға тартылған пәтерді бапкері Александр Стрельниковке бергені есте. Бір ғана бұл емес, чемпион талай жерде алдымен ұстазын төрге шығарып, төредей күтетін. Міне, осындай ізетті ілтипат, берік ұстаным  Серік Сәпиевтей былғары қол­ғап шеберін қазақ спортының ірі тұл­ғасына айналдырды емес пе?!

Иә, ұстазын сыйламаған ұятқа қалдырады. Ал ұстазын ұлық көріп, пір тұтқанның ұпайы ғана түгел болмайды, өскелең ұрпақ алдындағы үлгі тұтарлық тұлғасы да зорая бермек!

Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»