Әлемдегі ең мол астық экспорттаушы бес елдің қатарынан көрініп отырған еліміз тәуелсіздіктің жиырмасыншы жылында рекордтық өнімге қол жеткізді. Бұл – қарышты дамыған ел экономикасының кезекті жеңісі
Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Табиғат-ана ел халқына үлкен сый жасады. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармаларына келіп түскен мәліметтер бойынша елімізде 14 қазан күні егістік алқаптардың 95,7 пайызы жиналып, одан бункерлік салмақ бойынша 26,7 миллион тонна астық алынған. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бергі рекордтық көрсеткіш. Ауыл шаруашылығы министрлігі өзінің соңғы хабарламалары бойынша таза салмақпен алғанда 22 миллион тонна астық жиналады деп сақтықпен болжам жасағанына қарамастан, биылғы жылды ерекше астықты жыл деп айтуға болады.
Мұнда, әрине, диқандарымыздың маңдай терімен қатар, еліміздің егіншілік саласында қолға алынған реформалық шаралардың маңызы зор. Тәуелсіздіктің елең-алаң шағынан мемлекеттің нақ осы астық өндірісін заман талабына сай ұйымдастыру ісін қолға алуы өз нәтижесін берді. Қазақстан қазіргі күні әлем бойынша ең мол астық экспорттаушы 5 елдің қатарынан бой көрсетіп отырса, ұн экспорты жөнінен бірнеше жыл бойына бірінші орында келеді. Астық пен ұн экспортының географиясы да ұлғая түсуде. Оны дүние жүзінің 40-қа жуық елі тұтынады. Сөйтіп, еліміздің сапалы астығы қазірдің өзінде әлем таныған өнім ретінде ел брендіне айналып отыр.
Дерек пен дәйек
Республикамыз бойынша ауылшаруашылық жерлерінің жалпы ауданы 222,6 миллион гектарды құраса, мұның 24 миллион гектарын егістік алқаптар алып жатыр. Қалғаны шабындық (5 миллион гектар), жайылымдық (189 миллион гектар) жерлер. Қазіргі күні осы жерлердің шамамен алғанда 90 миллион гектарға жуығы пайдаланылуда.
***
Мемлекет елімізде ауыл шаруашылығы саласында реформалық шаралар басталған тұста бірінші кезекте астық өндірісін дамытуға ерекше мән берді. «Астық туралы» Заң қабылданып, оны мемлекеттік қолдау шаралары жүйелі жолға түсті.
Астық өндірісін дамыту, еліміздің осы саладағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, астықтың мемлекеттік қорын жасақтап, шаруалардың қолындағы артық астықты сатып алу және оны экспортқа шығару ісін жүйелі ұйымдастыру үшін 1995 жылы Үкіметтің осы саладағы басты операторы болып табылатын «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Корпорация сонымен қатар, көктемгі егіс кезінде шаруаларға болашақ өнім есебінен жеңілдікті несиелер беру жүйесін де іске қосып, көктемгі егіс, күзгі жиын-терін науқандарын жүргізу ісін қаржыландыру мәселесінде де өзіндік үлес қосып келеді. Үстіміздегі жылы ғана осы мақсатқа 78 миллиард теңге бюджет қаражаты бөлінді.
***
Елімізде астық экспортын дамыту мақсатында бірқатар серпінді жобалар жүзеге асты және жүзеге асу үстінде. Солардың қатарында Иран Ислам Республикасының Әмірабад қаласындағы порт аумағында салынған еліміздің астық терминалын айтуға болады. Бұл терминал жылына 500-700 мың тоннаға дейінгі астықты қабылдап және өткізіп отырады. Сонымен қатар, дәл осындай астық терминалы Қытаймен шекарадағы Достық-Алашаңқай стансасы аумағында да салыну үстінде. Ол жылына 500 мың тоннадан 1 миллион тоннаға дейін астық экспорттауға жәрдемдеседі.
Қазіргі күні елімізде астықты тереңдетіп өңдеу мәселесін жолға қою үшін Солтүстік Қазақстан облысында осы мақсаттағы зауыт пен биоотын өндірісі зауытының құрылыстары қолға алынды.
***
Ауыл шаруашылығы министрлігінің үстіміздегі жылдың 11 қаңтарындағы мәліметі бойынша, елімізде 115,2 мың трактор, 47,1 мың комбайн, 15,1 мың ору мәшинесі, 91,6 мың тұқымсепкіш пен басқа да ауылшаруашылық техникалары бар.
Шаруаларды тиісті техникалармен жеңілдікті негізде мемлекет көмегі арқылы қамтамасыз ету мақсатында 1999 жылы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі аясында «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы құрылған болатын. Оның қызметін пайдаланушылар саны 2000 жылғы 61 қарыз алушыдан 2010 жылы 3 128 қарыз алушыға дейін, яғни осы жылдар аралығында 48,1 есе өсті. Бұл құрылым қазіргі күні еліміздің орта және ірі шаруашылықтарының 43,8 пайызын, ірі ауылшаруашылық кәсіпорындарының 21,8 пайызын өз қызметімен қамтып отыр. Олармен жасасқан келісім-шарттардың жалпы саны 2000 жылғы 68 бірліктен 2010 жылы 6051 бірлікке дейін, яғни 88,9 есе өсті. Мұның өзі мемлекеттік мұндай қолдау түрі егіншілік, астық өндірісінде өте пайдалы болғандығын көрсетеді.
***
Халықаралық сарапшылардың болжауынша, алдымыздағы 10 жылда сала бойынша көшбасшы болып табылатын АҚШ-та астық өндірісінің көлемі мен оның экспорты сәл ғана өсетін болса, Ресей, Украина және Қазақстанда бұл көрсеткіш 50 пайызға дейін ұлғайып, жылына 50 миллион тоннаны құрайтын болады. Сөйтіп, АҚШ өзінің көшбасшылығын осы үш елге беруге мәжбүр болады.
Сарапшылар Қазақстандағы астық өндірісінің дамуынан ерекше үміт күтіп отыр. Олардың болжамынша, мұнда астық экспортының көлемін 2005-2010 жылдардағы көрсеткішпен салыстырғанда, алдағы 10 жылда екі есе арттырудың мүмкіндіктері бар.
Сөз бен істің бірлігі
Биылғы ауа райы диқан қауымын еркелете қойған жоқ. Көктем, жаз айлары ылғалды келіп, дәнді дақылдардың пісуін едәуір кешеуілдетті. Күзгі орақ аса бір күрделі жағдайда жүрді. Соған қарамастан, Қызылжар өңірінің диқандары бұрын-соңды болмаған астық өсіріп, қамбаға 8 миллион тоннадан астам дән құйды. Гектар берекелілігі 20 центнерден айналды.
Тәуелсіздігіміздің мерейлі мерекесі қарсаңында жиналған рекордты астық аграрлық салаға жасалып отырған мемлекет қамқорлығының нәтижесі екені ешқандай күмән туғызбайды. Зор қаржылық демеудің арқасында толағай табыстардың, жоғары жетістіктердің іргетасы қаланып, нысаналы жұмыстар арқауына айналып отыр. Еңселі биіктіктерді бағындырудағы агрофирма құрылымдарының тәжірибесі де ауыз толтырып айтарлықтай. Жекелеген серіктестіктер бойынша гектар берекелілігі 30-35 центнерге жетіп, жұлдыздары жарқырай жанды. Ер еңбегінің еленіп, зор құрметке бөленуі осы жылдың ғана еншісі десек, қателесеміз. Кең-байтақ теріскей өлкесін дүбірлі еңбекке бөлеп, астықтан тау тұрғызған қажыр-қайрат, жанкешті жұмыс бетбұрысты белестерге бастап, бәсекеге төтеп бере алатынымызды анық байқатты. Елбасы ерекше назар аударып отырған агроөнеркәсіп кешені өркендеудің жаңа сатысына көтеріліп, құлашын кеңге жайды. Кешенді бағдарламалар мен озық жобаларды жүзеге асырудың нәтижесінде 3,9 миллион гектар алқаптың егінін дестелеп, бастыруға 10 мыңға жуық жоғары өнімді техникалар атсалысты. Саланы интенсивтендіру мақсатында техникалық жарақтандыру жалғасын тауып келеді. Былтырдың өзінде ғана ауылшаруашылық құрылымдары 8,5 миллиард теңгенің осы заманғы техникаларын сатып алды. Еліміз бойынша астық өндірісінің 25-28 пайыздық үлесін құрайтын өлкеде соңғы жылдары дәнді дақылдар алқабы 19 пайызға ұлғайды.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев егін орағы қарсаңында облысымызға жұмыс сапарымен келгенде рекордты астық жиналатынына үлкен сенім білдірген болатын. Міне, аграрлық сала қызметкерлері Елбасына берген серттерінде тұрып, мерекелі жылды молшылық жорығына ұластырды. Астықты экспортқа шығаратын 5 елдің қатарында болу міндетін қойған Президенттің тапсырмасына орай нақты іспен, қажырлы еңбекпен жауап берді. Қызылжар өңірінің қадамы қарышты бола береріне бүгінгі толайым табыстар куә.
Димаш ТАЛАСБАЕВ, Солтүстік Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары.
Солтүстік Қазақстан облысы.
Рыздықтың ыстық демі
Диқан қауым әр жылды жақсы ниет, тәтті үміттермен бастайды. Ал, биылғы мерекелі жылдың берекесін биіктету баршамыздың ұлық мұратымыз саналғаны анық. Бар мүмкіншілік, ой-талаптарымыз, технологиялық жетістіктеріміз дархан даланың тынысын кеңітуге жұмсалды. Егістіктің (165 мың гектар) 95 пайызы ылғал үнемдеу технологиясымен өңделгені, жыл ерекшелігіне қатысты сауатты көзқарастың қайтарымынан дәйек береді.
Соңғы жылдары сатып алынған жоғары өнімділіктегі 40 дән себу кешенінің, 80 комбайнның алқап төсінде еркін қалқыған көрінісі ешқашан ұмытылмайтын әсерге бөлейді. Диқан қауым әр таңды күліп қарсы алып, алтын масақтың әніне ұйығанын сезіну де ғанибет. Дархан даланың мейір-шапағаты да молынан төгілді. Ауданымыз былтырғы көрсеткіштен 6 центнерге асып түсіп, гектар түсімділігін 15 центнерден айналдырып отыр. Соңғы айналымдардың берер байлығын есептемегенде, қазірдің өзінде 200 мың тоннадан астам астық бастырылды. Ортақ рекордымызға білікті басшылар И.Жанғоразов, А.Гусев, С.Калиниченконың жетекшілігіндегі шаруашылықтар айрықша үлес қосты.
Қамбасы сайлы, көңілі жайлы аршалылықтар келесі жылдың қам-қарекетіне құлшына кірісіп кетті. Механизаторларымыз жоспардағы 47,8 мың парлы алқаптың 17,2 мың гектарын бесінші ізбен өңдеп үлгерді. Жаппай сүдігер жыртылуда. Бұл молшылық дариясындағы ырыздық арнасының толассыз кеңи түсетінін айғақтайды.
Ермек МАРЖЫҚБАЕВ, Аршалы ауданының әкімі.
Ақмола облысы.
Мерекелі жылғы береке
Біздің шаруашылық бітік шыққан егінді жауын-шашынға ұрындырмай, алқапқа дән қалдырмай, қамбаға құйып алды. Гектарынан 25-27 центнерге дейін алтын астық жинадық. Бұл – Қостанай облысының оңтүстік аудандары үшін тіпті, бұрын-соңды бітпеген астық! Мұндай көл-көсір байлық алдымен Табиғат-ананың жомарттығы десек, сонымен қатар, Арқалық өңірі диқандарының соңғы жылдары қолға алған технологиясының да зор жемісі екені рас.
Біздің шаруашылықтың егін алқабы қазір 40 мың гектарға жетті. Осы алқапты біз ең төменгі немесе өзіміз атайтын минималды технологиямен өңдейміз. Бұл тәсіл облысымыздағы астық өндірісінің аңызына айналған Валентин Иванович Двуреченский насихаттап жүрген нөлдік немесе ылғал сақтау технологиясына жақын. Жерді қаншалықты өңдесе, күтсе, оған ғылым жетістіктері мен озық технологияны пайдаланса, диқан маңдай тері еш болмайтынын көрсетті. Кеңес одағы кезінде де мол астық алынған жылдар болды, бірақ ол егіс алқабының көлемі есебінен жүзеге асатын. Жерді аямай жыртатын едік. Ал қазір егіс алқабын көбейтпей, аз көлемнен мол астық алу мүмкін болды.
Тәуелсіздік алған жиырма жылдың ішінде біздер, диқандар қауымы ауыл шаруашылығының керемет алға басуының куәсі болып отырмыз. Бұрын Америка, Канада сияқты мұхиттың арғы бетіндегі алпауыт елдердің егін шаруашылығынан тіпті хабарымыз болмайтын еді. Ал қазір сол елдердің «КЕЙС» сияқты қуатты комбайндары астық алқабымызда жүйткіп жүр. Мен басқаратын «Алиби-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде шетелдік өнімділігі жоғары 35 комбайн астық жинады. Комбайншылар кабина ішінде ақ жейде, джинсы шалбармен отырады. Осыдан жиырма жыл бұрын мұндай озық технология, озық техника түсімізге де кірмеген еді. Міне, еркін елдің еңбек алаңы да озық өзге елдермен тай жарыстырар шамаға жетті.
Қостанай облысының оңтүстік аудандарында өндірілген астықтың тағы бір ерекшелігі – оның қамырлылығы жоғары. Мұндай астық нарықта да өтімді әрі бағасы да ұстамды. Өйткені, біз өндірген астықтан тартылатын ұнның да сапасы жоғары болады. Арқалық өңірінде биылғы астықтың гектар айналымы орта есеппен 17 центнерден асып жығылды. Қамбаға 400 мың тоннаның сыртында алтын астық құйылды. Бұл – өткен жылғы астықтан үш есе көп. Облыстың солтүстік аудандарындағыдай қара топырақты емес, шөлейтті өңірде мұндай көрсеткіш бұрын-соңды болмаған! Тәуелсіздіктің жиырма жылдығын атап өтетін мерекелі жылы алтын астық елге осылай береке әкелді. Өндірісімен қатар, ауыл шаруашылығы да дамып келе жатқан Қазақстанды диқандар қауымы, біздер наны мол ел жасаймыз. Ал молшылық болашаққа деген сенімді арттырады.
Иван ПОПОВИЧ, «Алиби-Сенім» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры.
Қостанай облысы.
Беттерді дайындаған Сұңғат ӘЛІПБАЙ.