Астанада Қазақстан-Польша бизнес форумы өтіп жатыр. Іс-шараға 450-ге жуық бизнес өкілі, соның ішінде екі елдің жетекші компанияларының басшылары қатысуда. Форум барысында Қазақстан мен Польша компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы 10 құжатқа қол қойылды.
Польшалық кәсіпкерлерді Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен және экономикалық жетістіктерімен таныстыру, екіжақты өзара іс-қимылдың анағұрлым тартымды және перспективалы бағыттарын анықтау форум алаңындағы кездесу барысында негізгі талқылау тақырыбына айналды. Форум барысында Қазақстан мен Польша компаниялары арасындағы ынтымақтастық туралы 10 құжатқа қол қойылды.
Алдымен Павлодар облысының әкімдігі мен Польша шаруашылық палатасы арасында Павлодар облысы аумағындағы «Агроқала» бағдарламасын іске асыру туралы меморандумға қол қойылды. Одан әрі «Kazakh Invest» ҰК мен «PolPharma» компаниясы арасындағы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Кейін «Қазпошта» АҚ мен «Польша поштасы» АҚ арасында ынтымақтастық туралы меморандум жасалды. Сондай-ақ пошталық маркаларды бірлесіп шығару туралы келісімге де қол қойылды.
«Қазақстанның сыртқы сауда палатасы» мен «WarwawExpo» арасында, сондай-ақ «ExpoGruop» мен «WarwawExpo» компаниялары арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды.
«Трансферт және агротехнологияларды коммерцияландыру» мен «SGGW Варшава жаратылыстану ғылымдары университеті» әріптестік туралы келісімге қол қойды.
Қазақстан польшалық бизнес өкілдерімен Екібастұз қаласындағы халықаралық оқу орталығын қайта құру туралы меморандум жасауды жоспарлауда.