Кеше бас басылымға қонаққа Батыс Қазақстан облысына қарасты Ақжайық ауданынан бір топ ардагер келді. Елдің жайын әңгімелеп, саяси-әлеуметтік мәселелер тұрғысынан ой қозғаған, сондай-ақ, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына өз көзқарастарын білдірген қариялар ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінен алған әсерлерімен де бөлісті.
Ақжайықтық ардагерлер «Егеменге» араға он жыл салып барып қайта келіп отыр. Түсініктірек болу үшін басынан бастайық. Осыдан оншақты жыл бұрын елге еңбегі сіңген ардагерлерді жаңадан бой түзеп келе жатқан әсем астанамен таныстыру үрдісі жүрді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен құрамында соғыс, еңбек ардагерлері бар делегациялар Астанаға көптеп келіп жатты. Сол үрдіс бойынша 2007 жылы Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданынан келген бір топ ардагер де елорданың еңселі ғимараттарын, көрікті жерлерін тамашалап, одан ел газеті «Егеменге» соғып, елдің тұрмыс-тіршілігінен, хал-ахуалынан хабардар еткен-ді.
Міне, одан бері де он жыл зымырап өте шығыпты. Ақжайықтық ардагердің қатары да сиреген. 2007 жылы «Егеменде» қонақта болған соғыс ардагерлерінің бірқатары қайтыс болса, қазіргі күні 90-нан асқан үш қария денсаулық жағдайларына қарай елордаға келе алмаған. Сондықтан бұл жолы Астанаға еңбегімен еленген еңбек ардагерлері мен Ауған соғысының ардагерлері келіп, еліміз үшін өте маңызды оқиғалардың санатындағы ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін көру бақытына ие болды.
Егемендіктермен кездесу барысында ардагерлер соған жағдай жасаған Ақжайық ауданының әкімдігіне де ризашылықтарын жеткізді. Кездесуге 24 ардагер қатысқан болса, соның 7-уі «Ақжайық ауданының құрметті азаматы» екенін де айта кеткен жөн.
Аталған ауданның 80 жылдық тарихы бар. Соның соңғы жиырма жылы Чапаев және Тайпақ аудандарының біріктіріліп, Ақжайық атауын алуымен аудан халқының есінде қалмақ. Басында қиындықтар болғанымен, қазіргі кезде аудан халқының жағдайы жаман емес көрінеді. Мұны кезінде аудандық мәслихаттың хатшысы болған, құрметті ардагерлердің бірі Дәулетжан Жақсыбаев айтты.
«Біздің аудан – Батыс Қазақстан облысындағы ең іргелі аудандардың бірі. Қазіргі кезде 42 мыңдай тұрғын бар. Халықтың жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Біз әрқашан Елбасының саясатын қолдаймыз. Елдің алдында жүрген соң Елбасының Жолдауларын халыққа түсіндіруде де еңбек атқарудамыз. Ең алғашқы Жолдау осыдан жиырма жыл бұрын өмірге келген еді. Содан бері барлық Жолдауға қолдау білдірдік. Өйткені бұл құжаттардың барлығының мақсаты – халықтың жағдайын жақсарту, рухани байытуға үлес қосу. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының да біздер үшін мән-маңызы жоғары. Рухани жаңғыру – бір жылдың ғана мәселесі емес. Ол ешқашан тоқтамауы керек», деді ардагер. Кездесуде Ақжайық аудандық ардагерлер кеңесінің бұрынғы төрағасы Ғилаж Лұқпанов өз ойын ортаға салды. 82 жастағы қарт ардагерлердің аудандық әкімдік пен халық арасын байланыстырушы буын екенін айтты. Жұмыс істеуге ұмтылған адамға әрқашан жұмыс табылатынын, тек еңбекпен ғана адам өз мақсатына жете алатынын жеткізді. Сондай-ақ, Тайпақ ауылдық округінің ардагерлер ұйымының бұрынғы төрағасы Ғинулла Садыров ақсақал да өз лебізін төмендегіше жеткізді:
«Мен Тайпақ ауылына өткен ғасырдың 66 жылы жолдамамен келген жастардың бірі едім. Содан зейнеткерлікке шыққанға дейін осы өңірде қызмет еттім. Ауылдың жағдайын өте жақсы білемін. Расында, осыдан біраз жыл бұрын қиыншылықтар болды. Ол газеттерге де жазылып жатты. Осы соңғы он жылдың ішінде көп жақсылықтар жасалды. Қазір соның игілігін көрудеміз. 1700-дей халық тұратын ауылымызда газ да, жарық та бар. Судың мәселесі де шешілген», деді ол.
Кездесу барысында ардагерлер өңірдегі шешімін таппай жүрген мәселелерді де айтты. Олар – оқтын-оқтын қозғалып жүрген Жайықтың үстінен көпір салу жайы мен гидротехникалық құрылғылары мен бөгеттерінің тозығы жеткен, табанына батпақ жиылған Шалқар көлінің қазіргі күйі. Шалқарға қазірден көңіл бөлмесе, Аралдың кебін киюі мүмкін екені айтылды. Ардагерлер, сондай-ақ, тіл мәселесі мен Батыстың жаман әдеттеріне еліктеп, салт-дәстүрден ажырап бара жатқан кейбір жастардың қылығына да арнайы тоқталды. Сондықтан рухани жаңғыру балабақшадан, мектептен басталу керектігіне мән берді. Олардың бірқатары ЭКСПО-2017 көрмесінен алған әсерлерін ортаға салды. Әр павильонға тән ерекшеліктерді әңгімеледі.
Ақжайықтан, яғни Жұбан елінен келген ардагерлер тарапынан «Егеменге» Жұбан Молдағалиевтің бейнесі салынған кілемше мен ауданның елтаңбасы сыйға тартылды. Сонымен қатар, ардагер журналист Бақтығали Қоспаев «Егеменнің» кітапханасына аудан тарихынан сыр шертетін «Өз өлкеңді өзгеден бұрын таны» атты екі томдық кітап пен Ақжайықтан шыққан алаш қайраткерлеріне арналған конференцияның жинағын табыс етті. Өз кезегінде «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ тарапынан ардагерлердің әрқайсысына көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың бас басылымда әр жылдары жарық көрген мақалаларының негізінде құрастырылған «Егемен Қазақстан» кітапханасы» сериясымен жарыққа шыққан «Дәуір дауысы» кітабы тарту етілді.
Суретті түсірген
Орынбай БАЛМҰРАТ,
«Егемен Қазақстан»