Қостанайда Президент жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссия ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің, Қостанай облыстық әкімдігінің қолдауымен өткізген семинар-тренинг «Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаудың ұлттық және халықаралық тетіктері» тақырыбына арналды.
Оған облыстағы мемлекеттік қызметшілер, үкіметтік емес ұйымдар, азаматтық қоғам институттарының, жастар ұйымдарының және жалпы жұртшылық өкілдері қатысты. Комиссия хатшысы Тастемір Әбішев өз сөзінде адам құқықтарына қатысты оқыту семинар-тренингтердің өңірлерде өткізудің маңыздылығын айтып, мұның өзі жергілікті халықтың адам құқықтары мен бостандықтары, адам құқықтарын сот және соттан тыс тетіктер арқылы қорғау туралы ақпарат алу деңгейін, сондай-ақ қоғамның барлық таптарының құқықтық мәдениетін арттыра түсуге септігін тигізетінін атап өтті. – Қостанай біз келген сегізінші аймақ болып отыр. Қостанайлықтарға өзінің конституциялық бостандықтарын, міндеттерін білуді, құқықтарын қорғаудың механизмдерін білуге үйретеміз, еңбек қатынастарынан туындайтын дау-дамайды шешу жолдары, әйелдер мен бала құқығының қорғалуы, адам саудасын болдырмаудың көптеген мәселелерін көтеретін боламыз, – деді Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы Т.Әбішев. ЕҚЫҰ-ның Астанадағы Бағдарламалар кеңсесінің үйлестірушісі Г.Қуанжанова және комиссия мүшелері З.Байсақова мен С.Жаркенова нақты мысалдармен тыңдаушыларға адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары туралы ғана емес, сонымен бірге азаматтардың мемлекет пен қоғам алдындағы міндеттері, заң алдындағы жауапкершілігі жөнінде айтып берді.
Семинар-тренинг барысында тыңдаушылар Біріккен Ұлттар Ұйымының адам құқықтары саласындағы бақылау функцияларымен, адам құқықтары жөніндегі халықаралық конвенцияларға қатысты БҰҰ құрған бақылау органдарының құзыретімен танысты, БҰҰ-ның тиісті комитеттерінде азаматтардың жеке шағымдарын қарау тетігін талқылады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Бес институттық реформасы мен «100 нақты қадамдағы» айтылған мәселелерді іске асыру тетіктері, сондай-ақ Қазақстандағы қоғамдық сананы жаңғыртудың ережелері егжей-тегжейлі талқыланды, сарапшылар семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Коммиссия мүшелері Қостанайдан басқа Рудный қаласы мен Федоров ауданында да болып, осындай семинар-тренинг өткізді.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ