• RUB:
    5.07
  • USD:
    481.84
  • EUR:
    531.33
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Қыркүйек, 2017

Жолаушылар тасымалын жетілдіру жолдары талқыланды

664 рет
көрсетілді

Астана қаласында халықаралық жолаушылар форумы жұмысын бастады. Алқалы жиынға Грузия, Украина, Молдова, Латвия, Литва, Эстония елдерінің темір жол саласы өкілдері қатысты. ТМД Темір жол көлігі кеңесінің дирекциясы ұйымдастырған шараны «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» АҚ вице-президенті Арман Сұлтанов ашып, сөз сөйледі.

 

«Биыл компанияның ірге қалағанына жиырма жыл толды. Бүгінде «Қазақстан темір жолы» АҚ барлық көліктің инфра­құрылымы мен қызмет түрлерін шо­ғырландырған ұлттық кө­лік операторы деңгейіне көте­ріл­­ген», деген вице-президент са­ладағы және жолаушылар та­сымалындағы серпінді жаң­­ғы­ру­лар туралы баяндады. Оның ай­­туынша, «Нұрлы жол» мем­ле­кеттік бағдарламасы біре­гей тәр­тіппен және ел өңірлерін ық­­палдастыру арқылы жүзеге асуда. Компанияда жүрдек жолау­шылар пойызы қозғалысын да­мыту бағдарламасы жасалып, іргелі істер қолға алынуда. 

«Қазіргі таңда Қазақстанның бар­лық ірі қалалары отандық өн­­дірістен шыққан «Тұлпар-Тальго» жолаушылар вагон­да­рынан жасақталған 15 жүр­дек жолаушылар пойызы бағд­а­ры желісімен қамтылған. Ол ар­қылы пойыздардың жол жү­ру мерзімі 1,5-2 есеге дейін қыс­қарды. Былтырдан бері «Тұлпар-Тальго» өндірісінде жа­ңа да жайлы, кең қорапты ва­гондар құрастырылуда. 2022 жыл­ға дейін 21 жылжымалы құ­рамды алмастыру жоспарда бар», деді А.Сұлтанов. Оның сө­зіне қа­ра­ғанда, «Цифрлы темір жол» жо­­басы аясында жолаушы­лар та­­сымалдау қызметін цифр­лы жүйе­ге көшіру бойынша ау­қым­ды шаруалар атқарылуда. 

Бүгінде ұлттық тасымалдаушы компания 120 бағдарға қызмет көрсетіп, жылына 20 миллионнан астам жолаушы тасымалдайды. Биылғы жарты жылда 10 миллиондай адам «Қазақстан темір жолының» қыз­ме­тіне жүгінген. Бұл көрсеткіш өт­кен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда екі пайызға жо­ғары көрінеді. «Тұлпар-Тальго» пойыздарымен 1 миллион 200 мың жолаушы жүріпті. Ал бұл – былтырғы есепті мерзімнің нәти­же­сінен 30 пайызға көп.

Шара барысында ТМД Темір жол көлігі кеңесі дирекциясының төрағасы П.Кучеренконың, «Жо­лау­шылар тасымалы» АҚ пре­зиденті Н.Қилыбайдың, «Ресей темір жолы» ААҚ жолаушылар та­сымалдау жөніндегі директоры Д.Пеговтың, Федералдық жолау­шылар тасымалдау ком­па­ниясының бас директоры П.Ивановтың, Беларусь темір жолы жолаушыларға қызмет көр­сету басқармасының бас­ты­ғы А.Захаревичтің және «Лит­ва темір жолдары» АҚ ди­­ректорының орынбасары Э.Лазеускастың баяндамалары тың­далды. Қатысушылар ел­ара­лық бағдардағы жолаушылар тасымалын әрі қарай дамытудағы қызмет сапасы мен тиімділігін жетілдіру, вагондардың жай­лы­лығын жақсарту, салаға жаңа тех­нологияны енгізу, нарықты мем­лекеттік реттеу барысы төңірегіндегі мәселелерді тал­қылады.

Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»