Астанада Қазақстан кәсіподақтары федерациясының ұйымдастыруымен «Сананы жаңғырту және кәсіподақтар: келешегі мен жетілдіру жолдары» атты тақырыпта республикалық форум өз жұмысын бастады. Отырысқа салалық, аймақтық кәсіподақтар, сараптамалық орталықтар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысып, пайымды пікірлерін ортаға салды.
Қазақстан кәсіподақтары федерациясының төрағасы Әбілғазы Құсайынов қоғамдық сананы жаңғыртудың негізгі басымдығы қазақстандықтардың табысты және бәсекеге қабілетті болуы үшін өз-өзіне сыни көзқарастарын қайта қарауы қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын талқылауға арналған форум жұмысы төрт күнге созылатынын жеткізді.
«Қазір сөздің емес, істің заманы туды. Елбасы аталған мақалада қай жұмысты қалай атқару керектігін, оны қалай жүзеге асырғанда нәтижелі қорытынды беретіндігін атап көрсетті. Басқосуға еліміздің ғана емес, шетелден шақырылған сарапшылар да қатысып отыр. Бүгінгі таңда кәсіподақ құрамында 2 миллионға жуық мүше бар. Оларға отырыста ортаға салынған ойларды тұжырымдап, жеткізу – біздің міндетіміз», деді Ә.Құсайынов. Сондай-ақ, ол кәсіподақтың атқаратын негізгі міндеттеріне жалақыны уақытында беруді қамтамасыз ету, жақында қабылданған Еңбек кодексінің әрбір бабының орындалуын талқылау, бір сөзбен айтқанда, қарапайым халықтың құқығын қорғау кіретіндігін баяндады.
Форумда Ресей Федерациясының ғылыми қауымдастығы атынан сөз сөйлеген профессор Б.Титов: «Сананы жаңғырту – қазақстандықтардың саналы таңдауы. Бұл Қазақстанның адам капиталы дамуының жоғарғы индексіне ие табысты мемлекеттер қатарында болуының басты шарты», деді.
Басқосуға қатысушылар әлеуметтік жаңғырудың басты нышаны технологиялық ойлау деңгейіне сапалы көшу, заман талаптарына сәйкес әлеуметтік және рухани ұйымшылдық, жаңашылдыққа ұмтылу және білім алу арқылы әлем елдерімен әлеуетімізді теңестіру екенін жеткізді.
Кәсіподақтар федерациясы «Сананы жаңғырту» бағдарламасын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығын түсініп, облыстардағы кәсіподақ бөлімшелерінде түрлі жиын өткізіп, түсіндіру топтарын құрған. Ұйымдастырушылардың айтуынша, үш күнге созылатын форум аясында пленаралық отырыс, семинар түріндегі секциялық тренингтер, «сананы жаңғырту» сынды жасампаз үдерістегі кәсіподақтардың рөліне байланысты өзекті мәселелерге арналған пікірталастар өткізу жоспарланған.
Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»