Бүгінгі қазақ театрының жай-күйі туралы сөз бола қалса, ең алдымен айтылатын дүние жақсы пьеса тапшылығы. Бізде драматургтер жоқ емес, бірақ театртанушы Амангелді Мұқанның айтуынша жасы жетпістен асқан драматургтеріміз бүгінгі қазақ болмысы, заман келбетін жаңа ғасырға лайық жаза алмай келеді. Ескі сүрлеуден шыққысы келетін театрлар үшін соқпақта қалып қойған драматургтердің пьесалары жарамсыз көрінеді. Енді не істеу керек?
Алматыда туған, қазір Мәскеуде тұратын драматург Олжас Жанайдаровтың пьесалары халықаралық фестивальдарда жүлде алып, Ресейдің бірнеше қаласында, Қазақстанның театрларында қойылып жүр. Атамекеніне келген кезде, мұндағы театрлардың, драматургияның халімен танысқан Олжас, енді қыркүйек-қазан айларында Темірбек Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының қабырғасында драматургияның лабораториясымен жас қаламгерлерді таныстырмақ. Екі айға созылатын жұмыстың аясында пьеса жазуды үйрену, оның теориясын оқу, жазу және актерлерге рөлдер бойынша оқыту кіреді. Лермонтов атындағы мемлекеттік орыс драма театрының актерлері қазан айының соңында жазылған пьесаларды оқитын болады. Олжастың курсында қазір он үшін жас драматург бар. Тағы жеті жас қаламгер – еркін қатысушылар. Ұлттық өнер академисының ректоры Бибігүл Нүсіпжанованың айтуынша, бұл шараның жас қаламгерлерге берері мол. Бұл ең алдымен тәжірбие мен білім жинауға көп ықпал етеді. «ВТ» театрының директоры Айгүл Сұлтанбекова былтырдан бері Олжас Жанайдаровтың осы идеясын жүзеге асыру үшін еңбектеніп келеді.
Екі ай бойы жалғасатын игілікті шараның жемісті болуын тілейміз. Мұндай игі бастамалар бір жылмен ғана шектелмей, жас драматургтердің өсуіне ықпал ете береді деп ойлаймыз.
Бағашар Тұрсынбайұлы, «Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ