Марфуға Айтқожа қазақтың басқаларға ұқсай бермес тағдырлы да талантты ақыны, оның жыры сұлу, жаны нәзік. Ал, осы нәзіктігінде тобылғы бүрлегендей қайсарлық бар. Қазақтың осынау аққу ақынының ел мен жерді елжірей сүюінде жан тереңінен шыққан сағынышты зар, кейде ақ жаңбыр арасынан күндей күлімдеген мұң мен нұр жатқандай болып көрінеді. Ақынның жақсы да жарқын жырлары адамды осындай сыршыл сипатымен баурайды.
Көрнекті ақынның 75 жылдығына орайластырып, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған жыр кешінің «Ойлан, ақын» деп аталуында да айшықты астар жатыр. Абай атындағы опера және балет театрының сахнасы ақынға деген халық махаббатымен гүл жайнап тұрғандай. Белгілі опера әншісі Шахимардан Әбілев «Ойлан, ақын» әнімен жыр кешінің әдемі әлеміне бастады. Алматылықтар атынан ақынды қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов құттықтап, мерейтой иесіне оңтүстік астананың құрметті азаматы атағы берілгелі жатқанын сүйіншіледі. Жақында ғана Ресей Жазушылар қауымдастығы С.Есенин атындағы алтын медалімен марапаттаған Марфуға апайымызға Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының төрағасы Нұрлан Оразалин жылы лебіз арнады.
Сүйікті ақынға Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммедтен, Алматы облысының әкімі Аңсар Мұсахановтан, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтан, Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтан, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановтан, Халықаралық «Диалог Еуразия» платформасының тең төрағасы Харун Тоқақтан және басқалардан құттықтау сәлемдері түсіп, ақ ниеттер ағыл-тегіл айтылды, гүл шоқтары сыйланып, сый-сияпаттар жасалды.
Бір сәт ақынның өз өлеңдеріне кезек берілді. Көрерменмен көптен қауышпай сағынып қалған Марфуға шайыр жыр қанатында екі мәрте ұзақ-ұзақ қалықтай самғап, поэзия сүйер көпшіліктің мейірін қандырды. Дина Хамзина, Еркін Шүкіманов, Дәлел Уәш, Жұпар Ғабдуллина, Қабылаш Әбікей сынды жезтаңдай әншілер ақын өлеңіне жазылған, сонымен бірге ақынның өз әндерін нәшіне келтіре орындады. Осылардың ішінде Елбасыға арналған, оркестрге қосылып Қазақстанның халық әртісі Шахимардан Әбілев әуелете салған «Дара тұлға» әні қауымның жүрегіне жол тауып, тілегімен үндесе құйылды деуге болады.
Бұл бір халқымыздың ақынын алақанға салып ардақтай білуінің үлгісіндей кеш болды. Ән бұлбұлы Бибігүлдің жыр аққуы Марфуғамен сахна төрінде апалы-сіңлідей бір-біріне деген ізгі тілектестікпен құшақ жая тербелгені қандай жарасымды. 70 жылдығында дәл осы залда баяндама жасаған ақын інісі Бауыржан Жақыптың осы жолы мөлдіретіп өлеңнен шашу шашуы да көңілді ерекше толқытып, өмірдің жарық сәулесін молынан төккендей.
Зал толы халық: «Жасай бер, қазақтың жыр аққуы!» деген ақ тілек үстінде Марфуға ақынды көз нұрларымен аяласа, осының өзі жалғыз адамның емес, жалпының бақыты дегеніміз дұрыс шығар.
Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.