Троллейбуста келеміз. Құртақандай қыздың тілі балдай тәтті шығыпты, әжесі екеуі орысша «сөйлесіп» отырды. Баланың қылығын қызықтап жақын тұрған жас жұп ерлі-зайыпты екен, кенет жігіті сәл илігіп: «Апай, келіншегімнің аяғы ауыр еді. Немереңізді алдыңызға алып, орын бересіз бе?» деді қысыла үн қатып. Апамыз мойнын да бұрмастан «Ну и что... у нее тоже ноги болят» деп немересінің басынан сипап, міз бақпай еміреніп отыра берді.
Бүгінгі бағанда ой айтуға шынында да, не күлеріңді, не жыларыңды білмейтін халге душар еткен осы оқиға түрткі берді. Қазақша сөйлеу өз алдына, қоғамда қазақша сөздің төркінін түсінуден қалғанымыз жанға жаман батады екен. Олай демейін десең, «жаһанға жар салған» күні кешегі «курлы-мурлы» оқиғасы анау! Бір тәуірі, қазақ тілін қорлауға бұрынғыдай «айта берсінмен» шектелмейтін дәрежеге жетіп қалыппыз. Ресейлік КВН-дағы «Камызяк» командасының капитаны Азамат Мұсағалиев «курлы-мурлы» деп орыстар айтатындай тырнаның тілінде «қазақша» сөйлегені үшін оңбай таяқ жеді. Азамат тудырған даудан Ресейдегі ең танымал «МузТВ»-ның бас директоры Арман Дәулетияров пен алматылық белгілі кинорежиссер-актер Нұртас Адамбайға дейін шет қалмады. Азаматтың қателігін бетіне басты. Еліміздің Мәдениет және спорт министрі қандасымызды мақтай отырып, мақтамен бауыздады, оңбай сүрінгенін ескертті. «Қазақ тіліне тиіспе, білмесең қорлама!» деген халықтық мінез бұрыннан да бар, бірақ, исі қазақтың осы жолғы өре түрегелуі өзгеше еді...
Сіз білесіз бе, қазір қазақ тілі үшін қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері, шетелдіктер де жанын салып күресуге әзір. Өткендегі түрік журналисінің «Эйр Астана» ұшағында бортсерік қызға қазақша ескерту жасағаны соның айғағы. Алайда, қарындасымыздың қызарып кешірім сұрау орнына, нұсқау парақшасын әкеліп, «біз тек орыс және ағылшын тілінде сөйлейміз» деп, қонағымыздың мұрнына тақап тұрып, айбат шегуі көп жайтты аңғартты. Нұсқауда солай-ақ жазылсын, бірақ, сенің жеті атаң тұтынған тілде бір ауыз үн қатқан шетелдік не үшін жазықты?! Бейбастақтық жасап, қызметтік этикет ережесін бұзған бортсерік «Эйр Астананың» қазақтың компаниясы екенін, оның қызметі үшін күллі Қазақстан халқы маңдай терін сылып салық төлеп отырғанын ұқпады. Оның бер жағында Тәуелсіздік арайында туған қарындасымыз орыс тілінен сондайлық қорғаныш тілеп тұрды! Қорғаушысына сенімді де еді. Неге? Өйткені, осы тектес оқиғалар елімізде сирек те болса бой көрсетуде әрі бір-біріне себепші, ықпал етуде. Қазақстан Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев өткен жылы 1 маусымда 1 жылдан соң міндетті түрде қазақша сұхбат беретінін жария етті. Бас банкирдің қабілетіне шүбә жоқ, бірақ әлемдік БАҚ өкілдерінің алдында бұлай кесімді сөзді өзіне өте сенімді не сырғытпа жауапқа үйренген адам ғана айтатыны хақ. Енді бір әртіс бауырымыз Әнуар Нұрпейісов ғаламторды шарлаған бейнероликте «Мен қай тілде сөйлесем де өз еркім. Біз адам құқығы демократиялық негізде қорғалатын зайырлы мемлекетте өмір сүреміз» деп кеудесін ұрды. Орыстілділер «Ануар Нурпеисов сделал вид, что у него не получается произнести на казахском языке слово «құқық» (право)» деп отқа май құйды. Мұндай «қолдауға» масаттанған біліктіміз «Мне кажется, слово «құқық» – это результат заговора мирового правительства. Не можешь выговорить – не можешь и потребовать» деп іштегі бар жынын төкті де салды. Иә, актер сөз жоқ өз құқығын жақсы біледі! Бірақ, ол туралы ел Конституциясының 1-бөлімінің 1-бабында тайға таңба басқандай: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылғанын білмейді. Яғни, өзін оқытып, алаңсыз өсіріп, аялап тәрбиелеп, қақ-соқтан қорғап, қызметке қол жеткізген Отаны сыйлаған құқығын білмейді. Сөйтті де, өзін қоғамда қорғап отырған заң актілеріне ойланбай тіл тигізді...
Атыраулық замандасым, кәсіби дәрігер Өмірзақ Зинуллиннің аузынан Азаматтың кәдімгі Астрахань (Ресей) жеріндегі ежелгі Құмөзектен (қазір – Камызяк!) екенін білдім. Азамат есті жігіт екен, өрескел қылығы үшін қазақтардан, Қазақстаннан ғаламтор арқылы кешірім сұрады! Ана тіліміздің жанашырсыз еместігі осылайша салтанат құрды. Қазір қазақ тілі өткен ғасырдың 90-шы жылдарындай қауқарсыз да емес. Өзіне «тиіскендерді» кешіруге бейіл. Дей тұрғанмен... бауырлар, тілге тіл тигізбеңіздерші!
Талғат Сүйінбай,
"Егемен Қазақстан"