Астана қаласындағы «Сарыарқа» велотрегінде ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясында кәсіпқой бокс кеші өтті. Бұл шараның басты жекпе-жегі қазақстандық былғары қолғап шебері Қанат Ислам (25-0, 20 КО) мен Канада елінің боксшысы Брэндон Кук (18-1, 11 КО) арасында өткен болатын.
Аталған жекпе-жек басталмас бұрын, «Сарыарқа» спорт кешенінің ішіне лық толған жанкүйер қауым кәсіпқой бокста бақ сынап жүрген бір топ қазақстандық шеберлердің өнерін тамашалады. Атап айтқанда, Мейірім Нұрсұлтанов (4-0, 3 КО) қарсыласы Исмаэль Буэноны (15-7, 10 КО) бірінші раундта нокаутпен жеңді. Қазақстанның тумасы, қазіргі уақытта АҚШ-та полиция қызметкері болып жұмыс істейтін Димаш Ниязов (12-0-3, 5 КО) Эдуардо Перейра дос Рейстен (22-5, 18 КО) ұпай саны бойынша басым түсті. Али Ахмедов (9-0, 7 КО) пен Джастин Томас (18-3, 7 КО) арасындағы жекпе-жек тартысқа толы болды. Дегенмен, қазақстандық боксшы қарсыласын сегізінші раундта техникалық нокаутпен тізе бүктірді.
Сондай-ақ Айдос Ербосынұлы (7-0, 6 КО) Хонатан Херонимо Барбадильоны (17-5-1, 14 КО), Нұрсұлтан Жаңабаев (3-0, 2 КО) Алекс Сандро Дуартені (13-2-1, 10 КО) бірінші раундтың өзінде естен тандырып, нокаутпен жеңіске жетті. Ал ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев (4-0, 4 КО) болса, Андрес Матиас Афранлиді (5-1, 5 КО) жекпе-жектің төртінші раундында техникалық нокаутқа түсірді. Бұдан кейін шаршы алаңға көтерілген Жәнібек Әлімханұлы (2-0, 1 КО) Жилберто Перейра дос Сантосты (14-5, 10 КО) және Жанқош Тұраров (22-0, 15 КО) Бруно Леонардо Ромайды (21-5, 18 КО) «ойнап» жүріп жеңді. Бұл жекпе-жектерде нокаут болмаса да, төрешілер алқасы біздің боксшыларға жеңісті бірауыздан берді.
Ал бокс кешінің басты жекпе-жегі жоғарыда айтқанымыздай, Қанат Ислам мен канадалық Брэндон Кук арасында өрбіді. Бұған дейін өткізген 18 жекпе-жегінің бір де бірінде жеңіліп көрмеген канадалық боксшы осал емес. Он екі раундтық форматта өткен жекпе-жекте жүлде ретінде бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental тұжырымының WBO NABO белдігі тігілген болатын.
Брэндон Кук бірінші рет үшінші раундта, одан кейін бесінші және сегізінші ранудтарда нокдаунға түсті. Екі рет гонг соғылмағанда, «Бұзық баланың» шаруасы мезгілінен бұрын бітуі де мүмкін еді.
Жекпе-жектің тоғызыншы бөлігіне келгенде Қанат Исламның екінші тынысы ашылғандай, шабуылды үдете түсті. Оның ауыр соққылары қарсыласының есін жидырмай, әбден титықтатты. Кезекті бір соққы тигенде гүрс етіп құлауы да әбден мүмкін еді. Осының бәрін байқап жүрген төрешінің де шыдамы таусылған болу керек, тоғызыншы раунд аяқталмай жатып жекпе-жекті тоқтатты. Техникалық нокаут!
Сонымен, 32 жастағы Қанат Ислам өзінің 25-ші жекпе-жегінде жеңіске жетіп, бірінші орта салмақтағы WBA Inter-Continental тұжырымының WBO NABO чемпиондық белдігін иемденді. Қазақ жанкүйерлері енді Қанат Исламның өзіне лайықты қарсылас болатын, әлемдік кәсіпқой бокста аты шыққан әлді боксшылармен жұдырық түйістіргенін қалайды.
Қайрат ӘБІЛДА, «Егемен Қазақстан»