Арқалықтағы «Дала өлкесі тарихы» музейінің бірінші қабатындағы археологиялық бөлімде мамонттың азу сүйегі ілулі тұр екен. Астына «Зіл (мамонт) сүйегі, Торғай өзенінің арнасынан табылған» деп жазылыпты.
Музей қызметкері Рая Қасенова мамонт сүйектерін 1974 жылы этнограф Сейіт Кенжеахметовтің тапсырғанын айтты. Бұл туралы этнограф «Қазақстан музейлері» журналына қысқаша жазған да екен.
Торғай өзені бойынан мамонттың сүйегінің табылғаны туралы хабарды ол 1968 жылы естиді. «Жанкелдин ауданындағы «Торғай» кеңшарына іссапар жасағанымда (қазіргі Шеген би ауылы) осындағы жігіттер Торғай өзені бойынан ұзындығы бір метрдей жілік тауып алғанын айтып, әкеліп көрсетті. Мамонттың жілігі екені белгілі, бірақ оны ортасынан ұрып, сындырып тастапты» деп жазады жазушы.
Содан жерлестеріне, егер жілік табылған жерден тағы да мамонттың сүйегі табылса, дереу хабарлауын тапсырады. Жыл сайын өзі оны қадағалап жүреді, бірақ табылмайды. 1970 жылы Торғай облысының ашылуына байланысты Драма театры мен музейдің көркемдік кеңесінің мүшесі болып сайланған Сейіт Кенжеахметов мамонт сүйегінің соңына енді шындап түседі. Сүйек 1974 жылы табылды. Сол жылы Торғай тасымай, өзеннің суы үзіліп-үзіліп қалған еді. Іздегеніміз терең су астынан табылып, 40 метрге дейін шашылып кеткен сүйектерді батпақ астынан жинап алдық. Тұтас жатқан бас сүйекті қазып алу қиынға түссе де, машинаға салынды. Мамонт сүйектерін Ғылым академиясының маманы Жылқыбаев зерттеп, жүйелеп берді. Бұл сирек табыс жөнінде жазушы Жайсаңбек Молдағалиев «Социалистік Қазақстан» газетіне жазған болатын» деп түйіндейді Сейіт Кенжеахметұлы.
Біз Сейіт Кенжеахметовтің қызы Зәмзәгүлмен хабарластық.
– Әкем суда тәп-тәуір жүзетін.Сүйектерді іздегенде суға бірнеше мәрте сүңгіген. Қасында өзінің ауылдағы жолдастарының бірі Сүлеймен деген ірі денелі, бойы еңгезердей кісі болған, ол да сүңгіпті. Суы тасымаған жылдары да Торғайдың үзілмеген тұстары терең болады. «Сүлеймен аға нағашымды аяп, суға өзі сүңгіді», дейді бірге болған Оңдасын ағам. Олар өзеннің үзілген жерінің батпағынан, судың астынан табылған сүйектің барлығын теріп алады. Тапқан сүйектерін әуелі «Торғай» кеңшарына жеткізеді, одан машина жалдап Арқалыққа апарып, музейге өткізген, – деп аяқтады әңгімесін Зәмзәгүл.
Нәзира ЖӘРІМБЕТ, «Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы, Арқалық қаласы