• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
ЭКСПО-2017 11 Қыркүйек, 2017

Елордада жалғасқан дәстүрлі рәсім

419 рет
көрсетілді

Халықаралық көрмелер бюросы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге атсалысқан тұлғалар мен ұйымдарды және үздік павильондарды марапаттады.

 Мұндай рәсім 1851 жылы Лондон қаласында өткен Дүниежүзілік бірінші көрмеден бастап дәстүрге айналған. Биылғы марапат арқылы ЭКСПО-2017  халықаралық мамандандырылған көрмесінің қатысушыларын «Болашақтың энергиясы» тақырыбындағы жобаларды жүзеге асыруды жалғастыруға және осы бағыттағы бірегей идеяларды дамытуға ынталандыру көзделген.  

Елбасынан бастап, еріктілерге дейін марапатталды

Салтанатты басқосуда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев ЭКСПО-2017 көрмесін жоғары дең­гейде өткізуге тікелей атса­лыс­қаны үшін Халықаралық көр­мелер бюросының бірінші алтын медалін еншіледі. Марапатты «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ бас­шысы Ахметжан Есімовке табыстаған бюро президенті Стин Кристенсен Елбасы мен Қазақстан үкіметіне білім беру, инновациялар және ынты­мақ­тастықтың негізгі құн­ды­лық­та­рына қолдау білд­іріп, бо­ла­шақтың энергиясы са­ла­сындағы жа­һандық ынты­мақ­тас­тыққа қосқан өлшеу­сіз үлесі үшін алғыс айтты. 

Екінші алтын медаль ауқымды шараны табысты өткізуде аянбай еңбек еткен ЭКСПО-2017 көрмесінің халықаралық қатысу­шы­ларына берілді. Одан бөлек, Халықаралық көрмелер бюросы «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ ұжымына кәсібилігі мен халықаралық қатысушыларға қолдау білдіргені үшін «Абырой» медалін табыстады. Дәл осындай екінші медальға ерекше қонақжайлылық танытып, әлем азаматтарына шабыт сыйлаған Астана қаласы мен оның тұр­ғын­дары лайық деп танылды. Сыйлық елорда әкімі Әсет Исекешевке тапсырыл­ды. Тағы бір «Абырой» медалі қатысу­шы­ларды көптеп тарта білгені үшін көрме комиссары Рәпіл Жошыбаевқа берілді. Сонымен қатар ЭКСПО-2017 көрмесінің айны­мас бөлшектеріне айналған ерік­ті­лер мен қоғаммен байланыс де­пар­таментінің қызметкерлері арнайы сертификаттармен марапатталды. 

«Ғарыш» сыйлығы студенттерге берілді

Африканың оңтүстігінде орналасқан Лесото Корольдігінің ұлт­тық университеті ЭКСПО-2017 көрмесі аясын­да­ғы «Ғарыш» сыйлығын же­ңіп алды. Жапондық ЭКСПО-90 ха­лықаралық қоры мен Ха­лық­аралық көрмелер бю­ро­сының әлеуметтік жобасы болып саналатын марапат көрме тарихында бесінші мәрте табысталды. Бұл сыйлық «Болашақтың энергиясы» саласындағы үздік инновациялық жобаны анықтауға бағытталған. 

Әлемнің түкпір-түкпірінен келіп түскен өтінімдер арасында Лесото студенттерінің күн қуа­тын жинайтын жобасы үздік деп танылған. ЭКСПО-2017 көр­месі қалашығында өткен жеңім­паз­дарды марапаттау рәсі­мін­де Халықаралық көрмелер бюросы бас директорының орын­басары Димитрий Керкензес Лесото павильонының комисса­ры­на «Ғарыш» сыйлығы мен 20 мың еуро қаржылай сыйлық сертификатын табыс етті. 

Лесото ұлттық университеті – ауылдық жерлерге арналған жаңғырмалы энергия технологиясын дамытып келе жатқан академиялық зерттеу оқу орны. Ондағы студенттер ойлап тапқан күн энергиясын жинайтын арзан құрылғы ауылдық жерлерде ас дайындап, үй жылытуға мүмкіндік береді. Әділқазылар «жасыл» технологияны дамыту арқылы аз қамтылған отба­сы­лар­дың тұрмысын жақ­сар­туға және қоршаған ортаны қорғауға септігін тигізеді деп есептейді. 

Алтынды Ресей алды

Халықаралық павильондар «Көрме дизайны» және «Көрме тақырыбының ашылуы» атты екі санат бойынша бағаланды. Қазылар алқасы құрамына көрме, сәу­лет және халықаралық көр­мелер саласындағы 9 сарапшы енген. Бірлескен павильондар арасында «Көрме дизайны» санаты бойынша алтын жүлде Кариб қоғамдастығы плазасына берілсе, күміс жүлдені Тынық мұхиты плазасы қанжығалады. Қола жүлде Латын Америкасы пла­засына бұйырды. «Көрме та­қы­рыбының ашылуы» санатында алтын – Тәжікстанға, күміс – Гана Республикасына, қола Украи­наға табысталды. 

Аумағы 400 шаршы метрден кем павильондар арасында «Көрме дизайны» бойынша алтын жүлдені Польша жеңіп алды. Күміс жүлдені – Словакия, қола жүлдені Латвия еншіледі. «Көрме тақырыбының ашылуы» аталымында алтынды  фин­лян­дия­лық павильон алды. Күміс жүл­де – Сингапурға, қола жүлде Че­хияға бұйырды. 400 және 700 шар­шы метр аумағы бар павиль­ондар ішінде «Көрме дизайны» санатында алтын жүлдеге Қатар лайық деп танылды. Күмісті Әзербайжан, қоланы Монако князьдігі еншіледі. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында Швейцария үздік деп танылды. Қалған екі орын Мажарстан мен Үндістанға табыс етілді. 

700 шаршы метр және одан көп аумағы бар павильондар арасында бәсеке қыза түсті. «Көрме дизайны» бойынша алтын жүлде Ресейге берілсе, күміс жүлдені – Ұлыбритания, қола жүлдені Корея Республикасы алды. «Көрме тақырыбының ашылуы» санатында алтын жүлдемен – Германия Федера­тив­тік Республикасы, күміс жүл­демен – Қытай Халық Рес­пуб­ликасы, қола жүлдемен Француз Республикасы марапатталды. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"

Суретті түсірген Ерлан Омар,

"Егемен Қазақстан"