Бүгін Парламент Сенатының спикері Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен Палатаның Бюро отырысы өтті. Онда осы сессиядағы заң шығару жұмыстары жөніндегі міндеттері алға қойылып, Мәжілістен түскен заң жобалары бөлініп берілді, деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.
Мемлекет басшысының парламенттік сессияның ашылуында алға қойған міндеттеріне сәйкес депутаттар алдағы уақытта үшжылдық республикалық бюджетті қарайтын болады. Бұдан бөлек, Салық кодексі мен кеден заңдарын жетілдіру, Ұлттық Банкінің екінші деңгейлі банктерге қатысты бақылау өкілеттіктерін күшейту, сақтандыру жүйесін дамыту, дәрі-дәрмек айналымын реттеу, мемлекет мүдделері мен ақпарат қауіпсіздігін қорғау және құқық қорғау органдарын реформалау мәселелерін талқылайтын болады.
«Біздің барлық жоспарлы жұмыстарымыз Президент айқындаған заңдарды алдын ала мұқият пысықтауға бағытталуы керек», - деді отырыста Сенат спикері Қ.Тоқаев.
Бюро қабылдаған шешім бойынша Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы ұстап беру туралы шартты ратификациялау туралы», «Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы шартты ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бұдан бөлек Бюро мүшелері «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заңнамалық реттеу перспективалары» тақырыбына арналған парламенттік тыңдау өткізуге әзірлікті талқылады. Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастыратын шараны 22 қыркүйекте өткізу жоспарланды. Бюрода сенаторларды халықаралық парламенттік ұйымдарға және шет мемлекеттер парламенттерімен ынтымақтастық топтарына жіберу, сондай-ақ Сенаттың 2017 жылға арналған негізгі шаралар жоспарына өзгерістер енгізу туралы мәселелер қаралды.