• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
12 Қыркүйек, 2017

Жаңғыруға бастаған нақты қадам

477 рет
көрсетілді

Халықты рухани жаңғыруға бастаған Елбасымыздың бағ­дар­ламалық мақаласы жарияланған күннен бері «Егемен Қазақстанда» қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру ісіне қатысты көптеген пайымды пікірлер жарық көріп келеді. Бұл латын әліпбиіне қатысты тағдыршешті жобаның тарихи маңызын айқындай түседі.

 

Халықаралық Түркі академиясы осы жобаға қатысты іргелі зерттеулер жүргізді, тамырлас жұрттардың тәжірибесін саралап, арнайы монография жариялады. Зерттеулер нәтижесінде көз жеткізгеніміз, латын әліпбиінің түркологияның ортақ әліпбиі екендігі. Мәселен, көне түрік жазбаларын таңбалағанда түркологтар латын транскрипциясын қолданады. Бұған Баскаковтар басқарған «Со­ветская Тюркология» да сүйенген. Бұл үрдіс Ресейде әлі де жалғасып келеді. Ал Нью-Йорк университетінің профессоры Ларисса Бонфанте сынды ғалымдар латын әліпбиінің түп тамыры ежелгі этруск жазуына тірелетінін жазады. Түркі халықтары туралы ауқымды энциклопедиялық мұра болып саналатын ортағасырлық «Кодекс Куманикус» латын әліпбиінде қағазға түскен. Бертінде, 1926 жылғы Баку Құрылтайында бүкіл ғалымдарымыз латын әліпбиін таңдап алған. 1990 жылдардың басында түркі елдерінің ғалымдары тағы осындай тоқтамға жүгінген. Бұдан аңғаратынымыз, латын әліпбиі – біздің фонетикамыз бен дыбыс жүйемізге ең жақын әліпби деу­ге болады.

Жаңа әліпби жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртып, тілге тәуелсіздік әпереді, мәдени тұтастықты орнықтырып, ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Әліппе мәдениеттің өлшемі, сонымен қатар ол – ұлттың таңбасы, елдіктің ай­шығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символ­дардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таң­дау деген мағына береді. Сондықтан осы арқылы Мәңгілік ел мұратын тұ­ғырлы ететін тарихи таңдау жасалды деп ойлаймыз.

Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтыламыз. Мысалы, қазір мемлекетіміздің атауы 3 түрлі жазылып жүр. Латын әліпбиі арқылы мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бір-ақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз.

Сонымен қатар, жаңа әліпби арқылы шет тілдерден енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын әліпбиін қазақ емлесі арқылы қабылдау бұл мәселені бір ізге түсіреді. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастықтың тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына септігін тигізеді деп есептейміз. Ендеше, Елбасы мақаласында атап өткендей, латын әліпбиі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қалыптастыратын басты құралдың бірі болады деген ойдамыз.

Қазірдің өзінде еліміздегі электронды ақпарат құралдарында латын әліпбиі кеңінен қолданылуда. Интернетте, әлеуметтік желілерде бұған әлдеқашан көшіп кеткендер аз емес. Бірақ латын әліпбиін әркім әр­түрлі пайдаланып жүр. Сондықтан мақұл­данған жаңа әліпбидің қолда­нысқа енуі бұл мәселені бір жүйеге келтіреді.

Жаһандану жағдайында ағылшын тілі мен латын әліпбиін меңгеру – журналистерге әлемдік ақпарат айдынына еркін енуге мүмкіндік береді. «Егемен Қазақстанның» жаңарған порталы биылғы жылдың басынан бері орыс тілінде қызмет көрсетіп келеді. Шеттегі қандастарға арналған латын әліпбиіндегі нұсқасы біраздан бері бар. Сайтқа салынған материалдар конвертердің көмегімен автоматты түрде латын қарпіне аударылады. Ал осы қыркүйек айынан бастап біз ағылшын тілінде ақпарат тарата бастадық. Шетелдегі оқырмандар мен елдегі елшіліктер енді жаңалықтарды «Егемен» арқылы оқитын болады.

Жалпы, ел газетінің 1929-1940 жылдары аралығында, «Еңбекші қазақ» және «Социалды Қазақстан» кезінде латын әліпбиімен шыққанын жақсы білесіздер. Сондықтан, бас басылым ретінде латын әліпбиіне көшу біз үшін табиғи жалғастық болады!

Әрине, әліпби өзгерту бір күнде, тіпті бір жылда да жүзеге асатын процесс емес. Қанатқақты жоба ретінде қолданысқа енгізілгеннен кейін, уақыт өте келе қол да, көз де үйреніп кетеді. Ең бастысы, рухани жаңғыруға нақты қадам жасалды. Ұзағынан сүйіндірсін!