Әлем назарын аударған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесіне Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зор үлес қосты. Осы игі істің жауапкершілігі жүктелген Астана қалалық ЭКСПО-2017 еріктілер штабының басшысы Думан АЙТМАҒАМБЕТОВПЕН сөйлескен едік.
– Думан Рамазанұлы, ЭКСПО қалашығындағы ерікті жастардың қызметіне жетекшілік жасадыңыз. Елордада жоғары оқу орындарының көп болғанына қарамастан қалалық еріктілер штабының ЕҰУ-де орналасуы неліктен?
– Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ халықаралық деңгейдегі және еліміздегі іргелі жоғары оқу орындарының бірі. Сонымен қатар, университет ректоры Ерлан Сыдықов «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы. Мұны бекер айтып тұрғаным жоқ. Ректордың ұйымдастыруымен ЭКСПО-ға университеттің студент-жастарынан бастап, профессор-оқытушылары да тартылды. Көрме кезінде университет пен Астана қаласының әкімдігі жұмыла жұмыс істеді. Университет базасында еріктілердің қалалық штабы құрылды. Қала нысандарында жұмыс істеуге Астана қаласының жоғары және арнайы орта оқу орындарының студенттерінен 1 530 ерікті іріктеліп, тізімі жасалды. Әр айға 510 ерікті қызмет етті. Еріктілердің жұмысын үйлестіруші 50 супервайзер тағайындалды. Мамыр айынан бастап іріктелген еріктілерді оқытып, дайындады. Оқыту бағдарламасында еріктілер туралы түсінік, кросс-мәдени менеджмент негіздері, шетелдік қонақтармен жұмыс істеу шеберлігі, елорданың тарихынан, оның көрікті жерлерінен хабардар ету, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері үйретілді.
– Еріктілер қызметі қай нысандарды қамтыды?
– Еріктілер қызметі мемлекеттік органдардың тапсырысына сәйкес халықаралық әуежай, темір жол вокзалдары, автобекет, қаланың жедел мамандандырылған ірі сауда ойын-сауық орталықтары, ЭКСПО-ға келген ресми меймандар тұратын қонақүйлер тәрізді нысандарды қамтыды. Астана қаласының әкімдігі ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізу кезеңінде қаланың белгілі бір нысандары мен қызмет көрсететін арнайы орталықтарында қажетті шет тілін білетін еріктілердің қызметін ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Әрбір еріктімен азаматтық-құқықтық шарт негізінде жазбаша келісім жасалды. Еріктілер қатарына енген 1530 еріктінің әрқайсысына мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылған Еріктілердің әдеп кодексі және әдістемелік оқу құралы таратылды.
– Көрмеге қызмет етуге еріктілер тарапынан қызығушылық байқалды ма?
– Алғашқы күннен бастап еріктілер жұмысқа ынта-жігермен кірісті. Шілде айында ғана біздің 510 ерікті Астанадағы 96 нысанда 9 мың шетелдікке және 250-ден астам делегацияға қызмет көрсетті. Соңғы маусымда 510 еріктінің 189-ы еріктілер қатарында қайта қалуға ниет білдірді, бұл жалпы еріктілер санының шамамен 40 пайызын құрайды. ЭКСПО кезінде еріктілер ерекше белсенділік пен жауапкершілік танытты. Әлемнің түкпір-түкпірінен, соның ішінде шетелдік қонақтар тарапынан алғыс айтылды, ал ескертулер мен сыни пікірлер болған жоқ. Соңғы маусымға ОҚО, ШҚО, сондай-ақ Атырау, Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыс-тарынан 321 ерікті келді. Тамыз айында еріктілер мемлекеттік органдарға қарасты 90 нысанда қызмет етті. Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігі – 110 адам; Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі (әуежай) – 40 адам; Астана қаласы бойынша білім басқармасы – 20 адам; төтенше жағдайлар департаменті – 16 адам; денсаулық сақтау басқармасы – 20 адам; мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы – 44 адам; жолаушылар көлігі басқармасы – 20 адам; Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасы – 30 адам; қоғамдық денсаулықты сақтау департаменті – 5 адам; Назарбаев халықаралық әуежайы – 20 адам; темір жол вокзалы – 20 адам; «Нұрлы жол» темір жол вокзалы – 20 адам; «Астана Конвеншн Бюро» ЖШС (қонақ үйлер, гидтер) – 80 адам; қалалық штаб жұмысына – 65 адам, барлығы 510 адам жұмылдырылды.
– Еріктілердің әлеуметтік жағдайы қалай қамтамасыз етілді?
– Еріктілерге ЕҰУ-дің №2 Студенттер үйінен 510 орын берілді. Жастар биылғы жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында осында алаңсыз тұрды. Студенттер үйінде тұрмысқа қажетті қолайлы жағдайдың бәрі жасалды. Күрделі жөндеуден өткен бөлмелер таза, төсек орындары жаңа, заманауи кіржуғыш машина, ас әзірлейтін бөлме, ең аяғы үтікке дейін қамтамасыз етілген. Штаб қызметкерлері тарапынан жатақхананы бақылау кестесі бекітілді. Астана қаласы Алматы ауданының жергілікті полиция қызметінің кезекшілігі тәулік бойына ұйымдастырылды. Сондай-ақ еріктілерді бірыңғай киіммен қамтамасыз ету бойынша киім үлгісі және басқа да керек-жарақтар қала әкімдігі және «ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ басшылығымен келісілді. Сонымен бірге, 93 күн тәулігіне 510 волонтерге арналған үш мезгіл тамақтандыру ұйымдастырылды. Ал түнгі ауысым мен алыста орналасқан нысандағы еріктілерге тамақ жеткізіліп тұрды. Сонымен қатар, «Food Solutions KZ» ЖШС мен McDonald’s жылдам тамақтану мейрамхана желісі үш ай бойы күніне 510 еріктіге арнайы купондар беру арқылы (46 000 купон) бір реттік түскі асты тегін ішуге мүмкіндік берді. Жастарға арналған көлік қызметтері және жолға жұмсалатын шығын мәселесі де шешімін тапты. Түнгі ауысым және алыста орналасқан нысандағы еріктілерді тасымалдау ұйымдастырылды. Сонымен қатар, оларға қалалық жолаушылар көлігінде қатынауы үшін 3 ай бойы, барлығы 1530 дана айлық жолақы билеттері берілді.
– Көрмеде белсенділік танытқан жастардың еңбегі ескерілді ме?
– Әрине, ынталандыру шаралары қолға алынған. Атап айтқанда гранттар, яғни ең үздік 20 ерікті-студентке ЖОО-да оқу үшін 1 жылға әкім грантын тағайындау; 3-4 курс студенттеріне 1 жылға жатақхана беріледі; қала әкімінің алғыс, мадақтама хаттары; сыйлықтар, кәдесыйлар, электронды кітаптар тарту етіледі. Сондай-ақ Астана қаласында өткен түрлі концерттер мен мәдени іс-шараларға тегін билеттер беріліп, танымал тұлғалармен, спорт және шоу-бизнес жұлдыздарымен кездесулерге қатысты. Демалысын тиімді өткізу мақсатында мәдени-бұқаралық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылды. Қала күні қарсаңында жаңадан ашылған арбатта Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, танымал актерлер Джеки Чан, Николас Кейдж, Эдриен Броудимен, McDonald’s желісінің франчайзы Қайрат Боранбаевпен кездесулер, отандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концертіне қатысулары еріктілердің өміріндегі тарихи әрі есте қаларлық оқиғалар деуге болады. Еріктілер қатарында болған әрбір жас өте бақытты деп ойлаймын. Өйткені олар елімізде болған тарихи сәттің басы-қасында жүрді. Сондықтан бұл ЭКСПО – жастардың жүрегінде мәңгі қалады.
Әңгімелескен
Жұлдыз ТОЙБЕК, журналист
Суретті түсірген
Ерлан ОМАР, «Егемен Қазақстан»
Сырт көз – сыншы
Аркадий ДВОРКОВИЧ,
Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары:
– ТМД кеңістігінде бірінші ЭКСПО көрмесі Ресеймен стратегиялық серіктестік байланыстыратын Қазақстанда өткендігі маңызды. Астанаға, Еуразияның интеграция жобасының қайнарында тұрған қалаға келу әр уақытта да қуаныш сыйлайды. ЭКСПО көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастырып, жайлы жағдай жасаған қазақстандықтарға ризашылығымды білдіремін. Көрменің басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» – климат өзгеруінің салдарын еңсеру мен жаңа энергия көздерін пайдалануды кеңейтумен тығыз байланысты. Алдағы жиырма жылда Жер бетінде халық саны өсетін болады. Бұл дегеніміз – әлемдік экономиканың өсуі жалғасады деген сөз. Медицина мен ауыл шаруашылығының жетістіктері өмір сүру ұзақтығын арттыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығы сенімді энергияны үнемдеуді талап етеді.
Сарапшылар энергияға деген сұраныс кемінде 25 пайызға өседі деп есептейді. Бұл жағдайда Ресей ғаламдық БЭК жетекшілерінің бірі және әлем нарығына жылу-энергетикалық ресурстардың ірі жеткізушісі ретінде әлемдік энергетикалық қауіпсіздік кепіл иелерінің бірі бола алады.
Паскаль ЛОРО,
Франция павильонының бас комиссары:
– Павильон барлығы елуден аса іс-шара ұйымдастырды. 54 шараның отызы – экономика тақырыбындағы конференциялар, жиырмадан аса шара мәдени тақырыпта өтті. Соның ішінде музыка, көркемөнер фестивалін ерекше атап өтуге болады. Қонақтарға «One mart» атмосферасын құруға тырыстық.
Басқосулардың барлығы Франция мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынасты нығайта түсуге бағытталды. Менің ойымша, бұл көрме өте маңызды шаралардың бірі болды. Мамандар болашақ энергиясы тақырыбын талқылады. 1889 жылы Парижде көрме өтіп, онда Эйфель мұнарасы ұсынылған болатын. Ол кезде бұл өнертабыс барлығына ұнай қойған жоқ. Дегенмен, өзіміз байқағандай, бірнеше ғасыр өткен соң Эйфель мұнарасы Францияның символына айналды. «Нұр Әлем» павильоны да Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесінің ғана емес, болашақта Қазақстанның символына айналатын болады.
Каспарс ГЕРХАРДС,
Латвияның қоршаған ортаны қорғау және өңірлік даму министрі:
– Маған ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында ұйымдастырылған форумға қатысу үлкен құрмет болды. Қазақстан – Латвияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі. Елдеріміздің арасындағы байланыс жақсы жолға қойылған. Белсенді саяси ынтымақтастықтың нәтижесінде түрлі салада бірегей әріптестік орнады. Халықаралық шараның аяқталар тұсында осынау жиынның ұйымдастырылуы өте орынды болды. Басқосу бізге цифрлы ғасырда цифрлы экономиканың жаңа мүмкіндіктерін пайдалануға жағдай туғызады.
Жаңа әлемде ІТ технологияның алар орны зор. Цифрлы технологияны күнделікті жұмыс пен тұрмыста пайдалана алатын азаматтар цифрлы экономиканың қалыптасуына алғышарт қалайды. Бұл өз кезегінде жаһандық экономикада бәсекеге қабілетті болуға ықпал етеді. Осы тұрғыда Қазақстанда өткен ЭКСПО-2017 көрмесінің маңызы орасан зор екенін атап өту қажет.