• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2017

Кәсібі мен өнері өркендеген өңір

517 рет
көрсетілді

Қоянды қойнауындағы тарих.

Төрт күн бойы Астанадағы ЭКСПО халықаралық көрмесі аумағында Қарағанды облысы­ның күндері өтті. Ауқымды ша­­­­ра­­­ның ашылу салтана­тынан бас­­тап, ілкімді іс-ша­раларда Қа­рағандының бай та­рихы бұқараға таныстырылып, саф алтын өнері сахнада салтанат құрды. Шара шымылдығын түрген облыс әкімі Ерлан Қошанов, қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес Ода­­ғының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Парламент Мәжілісінің депу­тат­тары, көрнек­ті қоғам қай­раткерлері, елдің тү­кпір-түк­пірі­нен және шетелдерден келген қалың қауым болды.

 

Бір жұма бойы жалғасқан біре­гей бағдарламада көптеген мә­дени және спорттық шаралар қарастырылды. Елорда тұр­ғын­дары мен қонақтары үшін қа­ра­ғандылық әртістер алты спек­такль көрсетіп, ұлттық спорт түр­лері бойынша сайыс­тар өткізді. Сондай-ақ, танымал әншілердің қатысуымен гала-концерт ұйым­­­­дас­тырылды. Бұдан бө­лек,­ Ас­тана ЭКСПО-2017 көр­­ме­­сінің ау­­мағында өтетін «KAZAKH INVEST» алаңында өңір­дің ин­вес­­­тициялық әлеуеті танысты­рыл­ды. Сонымен қатар, Қазақ­стан Рес­публикасының Ұлттық ака­­демиялық кітапханасына «Сары­арқа кітапханасы» 100 том­дығы, Ә.Бөкейханның шы­ғар­­малар жинағының 15 том­дығы және «Қаздауысты Қазы­бек би» кітабының 2 том­дығы салтанатты түрде табыс етілді.

«Этноауылдағы» ел сыйы

«Этноауылдағы» мереке бас­­талмас бұрын ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі аясын­да инвестициялық форум өтті. Жиынға қатысушылар Қара­ғанды облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалын сараптады. Аймақтағы бизнестің бү­гіні мен ертеңін талқыға салды. Форумда қаражат құюға ниет­­ті тұлғаларға түрлі сала­лар­дағы тиімді ұсыныстар жасалды. Мем­лекет тарапынан кәсіп­кер­лерге, инвесторларға қол­же­тімді жеңілдіктер ұсыныл­ды.

Басқосуға Қарағанды облысымен бұған дейін әріптестік ор­натқан, Қарағанды өңіріне қа­ра­жат құюға қызығушылық та­нытқан жеке және заңды тұлғалар қатысты. Олардың қатарында ай­мақ экономикасының дамуы-на сүбелі үлес қосушы «Қа­­­зақ­мыс» корпорациясы мен «Ар­селорМиттал Темір­тау» кә­сіп­орнының бас­шылы­ғы бар.­ Сондай-ақ, «Қа­зақ­ин­вест» бас­­қармасы басшы­лығы мен көптеген ел­дердің Қазақ­­стандағы елшілік өкілде­рі форумға қа­тысып, өз пікірле­рімен бөлісті.

Баршаға мәлім, Қарағанды об­лысы – кәсібін ашып, бюджет­ке қаражат құямын деген жанға әбден қолайлы өңір. Тоғыз жол­дың торабындағы Қарағанды – Тәуелсіз Мемлекеттер Дос­тас­­тығын, Еуропа мен Азияны жал­ғаған алтын көпір.

Өндірісті өлкемізге ішкі жал­пы өнімнің 10%-ы тиесілі көрінеді. Соңғы ресми дерек­тер бойынша, облыстағы бір­ ғана «Сарыарқа» арнайы эко­номикалық аймағының өзі кәсіп­керліктің көкжиегін кеңей­туге зор ықпал етуде.

Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 қалашығы ірге­сінде өткен Қарағанды облы­сы күн­дерінің салтанатты­ ашылуы тарихтан тамыр тарт­­қан театр­­ландырылған көрініс­пен шымылдығын түрді. Бұл сал­­танатты шара, яғни ЭКСПО-2017 халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі өз бастауын тарихтағы Қоянды жәр­меңкесінен алатыны тарихи шындық. Қасиетті Қарқаралы топырағында өткен ол тарихи оқиға ел есінде мәңгі жаттаулы.

«Этноауылдағы» осынау шараға қатысқан ел Қарағанды облысы қала­-аудандарының дастарқанынан дәм татып, қол­өнер шеберлерінің туындыла­рына таңдай қақты. Қазақ күресі, Тоғызқұмалақ және басқа да ұлт­тық ойындарымыз осы күн­нің мазмұнын ба-йыта түсті. Алтыбақан теуіп, садақ тарт­қан жұрттың жөні бір бөлек.

 

– Әрине, қасиетті Қарқара­лыдағы Қоянды жәрмеңкесі ХІХ ғасырдың жаңалығы болса, ХХІ ғасырдағы Қазақстан жасампаздығының бір белгісі – осы ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі. Қарағанды облысы – Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еңбек жолын бастаған өңір. Біз Астана қаласындағы Қарағанды облысының күндері­не ерекше әзірлікпен келдік. Делегация құрамында бір мың бес жүзден астам адам бар. Ас­тана тұрғындарына және елор­да қонақтарына Қарағанды об­лысының ауқымды жетістік­те­рін паш ететін боламыз, – деді Ерлан Жақанұлы.

Аймақ басшысы айтқандай, ЭКСПО-2017 халықаралық көр­месіндегі облыстар күндерін Қа­р­ағанды аймағы түйіндеді. Бұл да елордаға ең жақын орна­лас­­қан өңірге артылған сенім болар.

Көрме шеңберіндегі Қараған­ды облысының мәдениет күн­дерінің бір тармағы Астана­дағы «Этноауылда, яғни «Қаза­нат» ип­подромында өтті.

– ЭКСПО-ға 200 мыңнан астам қарағандылық келіп қатыс­қан. Бүгінгі күні біздің делегация 1400 адамнан құрал­ған. Олардың қатарында белгі­лі әртістер, су­ретшілер, қолөнер­шілер, спортшылар бар. Қарағанды облысының мәдени күндерінде Астана қала­сының көптеген алаңдарында біздің шеберлеріміз өнер көрсететін болады, – деді Қарағанды об­лысының әкімі Ерлан Қо­ша­нов салтанаттың ашылу рәсімінде.

Қарағандылықтар «Этно­ауыл» аймағында бауыр­сақ және қымыз фестивалін ұйым­дастырды. Барлық қалаған адам тоғызқұмалақ және асық ату бойынша сайыстарға қатыса алатын болды. Облыс әкімі Ерлан Қошанов та көпшілікпен бірге асық атуға қатысты.

Театрландырылған қо­­­­­­йы­­­­­­­­­­лым­­­­да қонақтар ерте заман­ға қайта оралғандай болды. Жо­ғарыда айтқан «Қоянды жәр­меңкесі» қойылымы көрер­мендердің көңілінен шықты. Ол шаралардан бөлек «Өнер көзі – халықта» фольклорлық бағдарламасы ұсынылды.

Басқосулар нәтижелі болды

«Kazakh Invest» ұлттық ком­паниясының алаңында ай­мақ­­тың инвестициялық әлеуе­тінің тұсаукесері өтуі жаңа бе­лестің жаршысындай ауыз тол­тырып айтарлық ауқымды істер­дің бірі болды. Іскерлік кездесуге шет­елдік елшіліктердің, өнер­­­кәсіптік кәсіпорындардың өкіл­дері мен инвесторлар қатыс­ты.

– Кездесудің негізгі мақ­са­ты – біздің аймақтың әлеуе­тін көрсету. Біз шетелдік инвес­тор­­ларды тартуда бәсе­ке­лес­піз. Қарағанды облысы­ның гео­графиялық орналасуы тұрғы­­сынан бірқатар артық­шылық­тары бар. Осы кездесуге артық­шылықты салаларда – металлургия, химия, фармацевтика, машина жасау салаларында, агроөнеркәсіптік кешенде және басқаларында 70-ке жуық жоба іріктелген, – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.

Ол өз сөзінде аймақ­тың­ ин­вес­тициялық тартым­ды­лы­ғына толығырақ тоқталды.

– Біздің міндетіміз – жобаларды үйлестіру, жер телімдерін беру, іске қосу әдістері. Биз­нес­те туындайтын қарыз мәселе­лерінің шешімін табу. Жоба­ларды нөлдік циклдан бастап іске қосылғанға дейін қолдау көрсетеміз, – деп айтып кетті облыс әкімінің орынбасары. Ел эко­номикасында Қарағанды облысының үлесі 10%-ға жуық. Жалпы, аймақтық өнім 3,7 трлн теңгеге жеткен, жан басына шаққанда  2,7 млн теңгені құрайды. Еңбек өнімділігі  65 мың АҚШ долларын құрайды, бұл мемлекеттегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Облыстың минералды-шикізаттық әлеуеті бар екені кездесуде айтылып өтті. Бүгінгі таңда қатты пайдалы қазбалардың барланған қоры 758 млрд АҚШ долларын құрайды. Аймақ инвесторларға 48 бос кен орнын ұсынуға да­йын.­ Қазіргі сәтте облыстың жер­­ қойнауының тек 25%-ы ғана қол­данылады. «Сарыарқа» АЭА инвесторларға ұсынуға дайын 270 бос учаске бар. Учаскелерді бір ай ішінде ресімдейміз, – деп Алмас Айдаров инвесторларға тағы бір даму нүктесін ұсынды.

Тұсаукесерде сондай-ақ, қа­­рағандылықтар аймақтағы шағын және орта бизнестің мүмкіндіктері, агроөнеркәсіптік секторды дамыту туралы айтты.

Сарыарқа сахнасының салтанаты

Ұйымдастырушылардың бол­жамы бойынша, сол күні ЭКСПО амфитеатрына 10 мың­нан астам көрермен жиналды. Қараған­дылықтардың Қараөткел бойын­да салтанат құруы Есіл жаға­сын­дағы ел­дің мерейлі ме­зеттері еді. Домбыраның үні да­уылға айна­лып, қоңыр жел қо­быздай күңі­реніп кетті.

Біз айтып отырған өнер жәр­­меңкесі те халық­аралық ЭКСПО-2017 маманд­ан­ды­рыл­­ған көрмесі аумағында Қара­ғанды облысының мәдениет күндері аясында шымылдық түрді. Салтанатты кештің көрі­гін қыздырған Арқаның арқалы өнер майталмандары мен қазақ эстрадасының Қарағанды топы­рағында туған жұлдыздары еді.

Аталмыш концерттің құр­мет­ті қонақтары қатарында Мем­­­лекеттік хатшы Гүлшара Әбді­­қалықова, Қазақстан Прези­денті Әкімшілігі басшысының орын­басары Оңдасын Ораза­лин, Премьер-Министрдің орынбасарлары Ерболат Досаев пен Асқар Жұмағалиев, Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов, Энергетика министрі Қанат Бозымбаев, Бас прокурор Жақып Асанов, «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев болды. Сондай-ақ, көрермендер қатарында сенаторлар мен мәжілісмендер, қоғам қайраткерлері болды.

Гала-концертке 400-ден астам қарағандылық өнерпаз атсалысты. Көзіқарақты кө­рермендер бір сахнада бір­ден үш оркестрдің, яғни сим­фониялық, академиялық және джаз оркестрінің қосылып орын­даған өнер туындыларын аса бір таңданыспен тамашалады. Оны біз әуеннің шарықтау ше­гінде оркестрлерді басқарып тұрған екі дирижердің тайталасынан аңғардық. Бұл, шын мәнінде өнер жарысы болатын. Ол қатарда еліміздегі жалғыз музыкалық комедия театрының қойылымы да жоғары дәрежеде өнерлерін ортаға салды. Бірі біріне ұқсамайтын әртүрлі сала сахнада үйлесім тауып жатқаны да көрме қонақтарының көңіл көкжиегін кеңейтті. Ай­та­лық, хореографиялық би ан­сам­­бльдері ұлы даладағы ежелгі көшпенділер биінен бастап, бүгінгі қазақ ұлтының «Қаражорғасына» дейін тарихи дәстүрді берік ұстанып отырды.

Аталмыш шарада Қазақстан эстрадасының жұлдыздары қауырт жұмыс кестесіне қара­мастан ЭКСПО алаңында өнер көрсетіп, жерлестеріне қол­дау білдірді. Гала-концертте ха­лықтың көзайымына айналған Бекболат Тілеухан, Қарақат Әбілдина, Қыдырәлі Болман, Ерлан Көкеев және «К-7» тобы, «Ұлытау», «Ақанай» топтары, Болат Құсайынов, Жәмилә Бас­пақова, Жан Тапин, Қайрат Баекенов және «Формат» тобы, Роман Ким, Нұржан Керменбаев, «Арнау» дуэті болды.

– Шақыртуды қуана қа­был­­­­дадым. Мен өзімнің талай өнерпазды тудырған Қара­ғандымды ерекше баға­лаймын. Бүгінгі кеш – жұлдыздар шеруі іспеттес шара, – деді Қазақ­­станның еңбек сіңірген қайрат­кері Жәмилә Баспақова. – Бұл мен үшін әріптестермен бірге жасаған гастрольдік сапарым сияқты. Өзімнің туып-өскен Теміртау және Қарағанды қала­ларымда жиі боламын. Жер­лес­терді қолдауға әрдайым қуа­на­мын және құрметпен қараймын.

«Астана Операның» жетекші солисті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жан Тапин де Сарыарқа жерін салқар жүре­гінде сақтап келе жатқан белгілі өнерпаз.

– Қарағанды облысы әрқа­шан жоғары шығармашылық әлеует­пен ерекшеленді. Бұл ай­мақтан шыққан талай дүлдүл әлемдік аренада өнер көрсетіп жүр. Мен дәл сондай жұлдызды жол­ды жалғап, осы сахнада тұр­ғаным үшін бақыттымын, – деді ол.

ЭКСПО – бұл қазақ өр­кение­тінің алты құрлық алдында салтанат құрған алып сахнасы. Біз өз жерімізде дәл осындай көр­мені сәтті өткізгенімізбен мақтануымыз керек. Ғасырлар тоғысындағы ғаламат кештен алған бір әсеріміз осы болды.

Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»

Қарағанды облысы

Суреттерді түсірген Дмитрий Кузьмичев