Қоршаған ортаны қорғау, балықтар мен жануарлар әлемін аялап, су түбінің тазалығын сақтау секілді шараларды «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ Ақсу электр стансасы эколог мамандары жыл сайын өткізіп келеді.
Жалпы, өзенге жіберілетін тұқы балығының шабақтары Қарағанды облысының арнайы балық шаруашылығы кәсіпорнында өсіріліпті. Әрбір шабақтың салмағы 20-30 грамм шамасында. Ертіс өзені бойында орналасқан басқа кәсіпорындар да шабақтарды суға жібереді. Корпорация экологтары «Қазхром» ТҰК» филиалы – Ақсу ферроқорытпа зауытындағы әріптестерімен бірге өзенге 15 000 шамасында бір жасар балық тұқымдарын жіберген болатын. Ал станса жанындағы балық шаруашылығының басшысы Сергей Киреевтің айтуынша, суға жіберілген шабақтар енді төрт жылда толық жетіліп, уылдырығын су түбіндегі шөпке шашады да, өзендегі тұқы балықтарының саны көбейеді. Соңғы екі жылда өзенде шортан және тұқы балықтары артқан көрінеді. Тұқы балықтары Ертіс өзенінде өмір сүруге бейімделген. Станса мамандары жергілікті балық инспекциясымен бірлесе өзен тазалығын сақтап, балығын көбейтіп, қорғау мақсатында жұмыс жасауда. Осы күнге дейін өзенге 160 мыңнан астам тұқы балығы жіберіліпті. Бұл мақсатқа 6 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген. Энергетиктер өздері де балық шаруашылығын ашып, онда тұқы шабақтары мен балықтар өсіреді де, Ертіс өзеніне жібереді.
Аталған кәсіпорын өндірісті жаңғырту бағытындағы негізгі жұмыстардан бөлек, Ертіс өзені мен Жасыбай көлінің жайылмасында сенбіліктер өткізу, өзеннің жағалауларын кеңейту, арнасын тазалау, экологиялық айлықтар, ағаш егу мен көгалдандыру шараларын қамтитын ауқымды қоршаған ортаны қорғау шараларын тұрақты іске асырып келеді.
Фарида БЫҚАЙ, «Егемен Қазақстан»
Павлодар облысы