• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 12 Қыркүйек, 2017

Ақсуаттың ажарын ашқан стадион

636 рет
көрсетілді

Жақында Тарбағатай ауда­нының орталығы – Ақсуат ауы­­лын­да толықтай күрделі жөндеу­ден өткен 2000 орындық стадион салтанатты түрде ашылып, ел игілігіне пайдалануға бе­ріл­ді. 

Ауылдың ажарын кіргізген спорт нысанындағы футбол алаңына 20 миллион теңгеге жасанды төсеніш төселіп, ені 10 метр, ұзын­дығы 400 метр болатын жүгіру жолы асфальтталыпты. Сонымен қатар стадионға 1250 жаңа орындық орнатылып, ондағы әкімшілік ғимараттың шатыры жаңаланыпты. «Осы жұмыстардың барлығына ұзын саны 80 миллион теңгеге жуық қаражат жұмсалды. Стадионның адам танымастай өзгеруіне ауданнан шыққан іскер азаматтар, осындағы кәсіпорындар мен мекемелер, тіпті қарапайым тұрғындарға дейін бір кісідей атсалысты. Туған жерге жанашыр азаматтарға алғыстан бас­қа айтарымыз жоқ. Барқыт­бел баурайындағы жұрт Елба­сының «Рухани жаң­ғыру» бағ­дарламасына осылайша үн қа­тып, үлес қосып жатқан жайы бар. Жалпы, биыл кәсіпкерлер есе­бінен аудан бюджетіне 200 миллион теңгеден астам инвестиция салынды. Өсіп-өнген мекенін өркендетсем дейтін жаны жомарт жандардың қатарының көбейіп келе жатқаны қуантады», дейді Тарбағатай ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.

Екі мың орынға шақталған стадионда бір мезгілде спорттың бірнеше түрімен шұғылдануға болады. Айнадай жарқыраған спорт нысанының ашылғанына ауылдың жасамысы да, жасы да дән риза. «Ауданнан 10 әлем чемпионы шыққан. Бұл ста­дион алдағы уақытта біздің жастарымыздың арасынан әлем, олимпиада чемпиондарының шығуына септігін тигізеді деп ойлаймыз», дейді спорт ардагері Болат Оразғалиев.

Азамат ҚАСЫМ, «Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауданы