Тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырдан сәл асатын, тарихи тұрғыдан алғанда қысқа уақыттың ішінде дүние жүзіне танымал өз бедері мен беделі бар мемлекет ретінде қалыптасуы Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемеңгерлікпен жүргізіп отырған саясаты мен оны іске асырушы отансүйгіш, мемлекеттілік ұстанымдағы білгір де білімді, ел қамын ойлаған азаматтардың қажырлы еңбегінің нәтижесі екендігі анық.
«Тірі жүрсем қазаққа қызмет етпей қоймаймын» деген Әлихан Бөкейханның өмірлік ұстанымы адал ниетті, елжанды Алаш азаматтарының бәріне ортақ мақсат болғандығы аян. Бүгінде арамызда жүрген, ұлт мүддесін жоғары қоятын азаматтарымыз сол кешегі халықтың тәуелсіз болашағы жолында жанын пида еткен қайраткерлердің жалғасы болып табылады. Осы ретте елімізге белгілі ғалым, танымал қоғам қайраткері, мемлекетшіл арлы азамат Рахман Алшанұлының өмірі мен қызметі халыққа қызмет етудің өнегелі үлгісі болып табылады.
Алаңсыз балалықтың бал дәуренінде 14 жасар Рахман Алшанұлы кенеттен әкесінен айырылды. Енді көп балалы отбасында бас көтерер өзі болды. Бибіхадиша анасына жаны ашып, мектептегі үлгерімі өте жақсы болса да, сол кездегі биліктің ауыл жастарын еңбекке тарту саясатының әсері бір жағынан, екінші жағынан, өндіріске ерте араласып бауырларына бас-көз болу мақсатында ол өзі тұратын аудан орталығы Көктеректе ауыл шаруашылығын механикаландыру училищесінің механизаторлар даярлайтын бөліміне құжаттарын тапсыруға келеді. Сондағы училище директоры Тасболат Іңкәрбеков Рахманның бұл шешімі асығыс екендігін түсіндіріп, қиын да болса мектептегі оқуын үзбеуін және оны әрі қарай жоғары оқу орнында жалғастыруын қатаң ескертеді. Жетімдіктің ащы дәмін тарта жүріп ол қатарының алды болуға тырысты, 11 жылдық мектепті үздік аяқтады.
Сол кездегі С.М.Киров атындағы орта мектептің мұғалімдер ұжымы өте білімді ұстаздардан тұратын. Олардың арасында саяси қуғын-сүргінге ұшырап Одақтың ірі қалаларынан жер аударылған белгілі адамдар болды. Ұстаздар қазақ балаларының терең білім алуына, саналы, мәдениетті азамат болып өсуіне күш салды. Осы орайда айта кететін ерекше жағдай, тәуелсіздіктің таңы атқанда мектепке өзінің түлегі, «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтің аты берілуі көп нәрсені аңғартса керек.
Отбасының, өзінен кейінгі бауырларының жағдайын ойлаған Рахман мектептен кейін екі жыл еңбек етіп және Отан алдындағы әскери борышын өтеген соң 1969 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің философиялық-экономикалық факультетіне саяси экономия мамандығы бойынша оқуға түсті. Туған өлкенің қатал табиғатында шыңдалған, әскердің және еңбектің талапшыл тәрбиесінен өткен, жоғары білімнің парқын жете түсінген жасқа оқу қиынға соқпады. Оның үстіне ауыл мектебінде мұғалім, Шу қант зауытында жұмысшы, Кеңес армиясында қатардағы жауынгер болып жүргенде қоғамдық істерге ұдайы араласты, өндіріс жастарының, әскери бөлімшенің комсомол жетекшісі болып сайланды. Университетте де оқуды қоғамдық жұмыстармен қатар алып жүрді. Алғашқыда факультет деңгейінде комсомол комитетінің мүшесі болып сайланып, үздік үлгерімі мен қоғамдық белсенділігі арқасында қысқа уақытта университет жастары арасында үлкен абыройға ие болды. Карл Маркс атындағы стипендияның иегері, студенттік құрылыс отрядтарының командирі, «Тың жерлерді игергені үшін» КСРО медалінің, Қазақ КСР-і Жоғары Кеңесі Төралқасының Құрмет грамотасының иегері болған республика бойынша санаулы жастардың бірі де біздің осы Рахман еді.
Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің 812-ші қорының 28-ші сақтау бірлігінде Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы Рахман Алшановтың жеке ісі 1977 жылдан бері мемлекеттік сақтауда. Қазақстан ЛКЖО Алматы облыстық комитетінің хатшысы Шәмша Беркімбаеваның ұсынысына сәйкес 1974 жылдың 26 наурызында комсомолдың республикалық Орталық Комитетінің шешімімен 5-ші курс студенті Рахман Алшанов Қазақ мемлекеттік университетінің комсомол комитетінің хатшысы болып бекітілді. Қазақстан комсомолының ХІІІ съезінде Орталық Комитеттің мүшесі болып сайланды. Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін Рахман Алшановтың халқы үшін жасаған қызметі отансүйгіш жастар үшін өмірлік өнеге. Жарты ғасыр бойы шаршамай-талмай, елі үшін еселі еңбек ету бақытына қол жеткізген қоғам қайраткері, ұстаз, ғалым Алшанов жетпіс жастың белесіне мол табыстармен келіп отыр.
Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру саласының танымал ардагері, профессор Р.Алшанов елімізде бірінші болып ашылған, жақында ширек ғасырлық мерейтойын тойлағалы отырған мемлекеттік емес «Тұран» университетінің құрушысы және ректоры, Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, Ұлттық инженерлік академиясының және Ислам мемлекеттері инженерлік академиясының вице-президенті, Қазақстанның экономикалық ғылымдар академиясының президенті, көптеген қоғамдық ғылымдар академиясының академигі және отандық және шетелдік университеттердің құрметті профессоры.
Қоғамдық істердің бел ортасынан табылатын Рахман Алшанов екі рет қатарынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат болған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Алматы қаласы бойынша сайлауалды қоғамдық штабының төрағасы әрі сенімді өкілі болды. Арда азаматтың қоғам мен мемлекет алдындағы қызметі төмендегіше тармақталады: Алматы қалалық Қоғамдық кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты, «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы саяси кеңесінің мүшесі және де көптеген қоғамдық ұйымдардың ұйтқысы. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің алқа мүшесі ретінде профессор Алшановтың жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға қосқан үлесі де келешек зерттеушілердің тақырыбына айналары сөзсіз. Пешенесіне қоғамдық формация дамуының күрт өзгеруі жазылған тұлғалардың еңбек жолы мен қызмет баспалдақтары Қазақстанның дербес мемлекет болып қалыптасуына саяды. Бүгінгі әңгімеге өзек болып отырған кейіпкеріміздің өмір жолы Қазақстандағы кеңестік билік және тәуелсіздіктің тұғырлануы кезеңдерімен тығыз байланысты. Азаматтық ұстанымының қалыптасуы, қайраткерлік қарымының толысуы кеңестік кезеңге дөп келді. Еліміз егемендігін жариялап, тәуелсіздіктің негізін қалаудың тарихи сатылары жасақталған тұста республика дамуының жаңа жолын таңдау жұмысына белсене араласты. Елдегі жоғары білім беру саласының келелі, кемшін тұстарын саралау, республиканың экономикалық-әлеуметтік дамуының негіздерін жаңаша тәртіпте, халықаралық деңгейде дамуы іспеттес сан алуан маңызды жұмыстардың ұйымдастырылуына өз үлесін қосты. Мемлекет және қоғам тарапынан Рахман Алшанұлының еңбегі жоғары бағаланып, оған КСРО-ның «Халықтар достығы» ордені, Қазақстанның «Парасат» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы және көптеген қоғамдық марапаттар берілді.
Азаматтың ажары алған жарының адалдығы мен тектілігіне тығыз байланысты. Ердің сенімді серігі, ақылды жар табуда да Рахман Алшанұлының жолы болды. Шырайлы шаңырақ, үлгілі отбасы құрудың негізгі іргетасын Рахман Алшанұлы жұбайы марқұм Алида Түймебайқызы Әшімбаевамен бірге қалады. Екеуі де экономика ғылымы саласында бірлесе қомақты зерттеулер жүргізіп, ұлттық экономиканың тиімді жолдарын таба білген атақты ғалымдар. Осы жұптың әсемдігі мен өмірдегі жарасымдылығы, алыс-жақынға қайырымдылығы мен мейірімі талай жанның жадында сақталынып қалды. Ынтымағы жарасқан, ізетті жұптан екі ұл, бір қыз өніп, өсіп, өмірден өз орындарын тапты. Үлкен ұлы Данияр Рахманұлы Әшімбаев белгілі саясаттанушы, «Кто есть кто в Казахстане» өмірбаяндық энциклопедияның авторы әрі негізін қалаушысы. Кіші ұлы Айдар болса теңіз құқығы саласындағы маман, белгілі заңгер. Қызы Жаннат дарынды кинопродюссер, атақты Лондон киномектебінің түлегі, өнер магистрі.
Рахман Алшанұлының өмірдегі жетістіктері талмай іздену мен ұлттық мүдде жолында халқына жанкештілікпен қалтқысыз қызмет етудің жарқын көрінісі. Бойындағы бар күш-қайратын, білімін толықтай мемлекет мақсатына арнаған Рахман Алшановтың туған жері – қойнауы кең Мойынқұм сексеуіл тоғайларымен әлемге әйгілі. Қысы-жазы көгінде ары кетсе 5-6 күн бұлт тұратын шөлейт өлкенің жер апшысын қуырған аптап ыстығын бойына жиып, тамырын тереңнен тартып нығыз болып өсетін жас сексеуілді жігер деп атайды. Жігер жанғанда алқызыл шоғы от болып, бар жиған қызуын төңірегіне таратып ұзаққа дейін сөнбей маздап жанады. Жеріне қарай ері! Алаштың ардақты ұлы Рахман Алшановты жеті белесімен құттықтай отырып, жігерлі жалыныңыздың маздаған шоғы алаулап, ел ертеңі жолындағы қызметіңіз берекелі болсын дегіміз келеді.
Борис ЖАПАРОВ, Қазақстан Республикасы Президенті Архивінің директоры, техника ғылымдарының докторы, профессор
АЛМАТЫ