Таяуда Қарағандының «Шалқыма» концерт залында жыр мен терме орындаушылары арасында Қазыбек бидің 350 жылдығына арналған «Ордалы сөздің иесі – Қазыбек» атты сайыс өтті. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өткен дүбірлі дода екі кезеңмен үш күнге жалғасты. Бірінші кезеңде қатысушылар түрлі терме мектептері өкілдерінің шығармаларын орындады. Екінші кезеңде өнерпаздар қазақтың эпостық дастандарын жырлады. Сайысқа Қазақстанның әр өңірінен барлығы
16 термеші мен жыршы қатысты.
Сайыс қорытындысы бойынша бес қатысушы Алғыс хатпен марапатталса, қарағандылық Мұхтар Әділов пен Нұрмұхамед Байсүгіров «Терме» аталымындағы «Үкілі үміт» арнайы жүлдесін иеленді. «Жыр» аталымында алматылық Данияр Рақымбай дипломант атанса, терме бойынша дипломант – Манаш Әділбаев.
«Жыр» аталымында ІІІ орынды Қызылордадан келген Шолпан Бейімбетова алды, ІІ орын ақтөбелік Перуза Қалуоваға бұйырды, ал І орынды Батыс Қазақстан облысынан келген Фархат Оразов иеленді. «Терме» аталымында ІІІ орынды Астанадан келген Айнұр Қонысбаева иеленді.Осы аталым бойынша ІІ орынды алматылық Жұлдыз Ысқақова алса, І орын астаналық Бақдәулет Толыбекұлының еншісіне бұйырды.
Ал қызылордалық Майра Сәрсенбаева үздік өнерімен ерекшеленіп, Қазыбек би атындағы Бас жүлдеге ие болды.
– Бұл сайыс ұлттық өнерді қайта жаңғыртып, дамытуға арналған. Халқымыздың мәдениетін сақтауға және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу арқылы дәс- түрлі өнеріміздің төл туындыларын насихаттаймыз. Баяғы Бұқар, Үмбетей, Қазтуған, Доспамбет, Ақтанберді, Шалкиіз жыраулардың өр рухты жырларындағы адамгершілік, отансүйгіштік, ерлік, ұят біздің қанымызда әлі бар. Сондықтан қатысушылар Қазыбек бидің жырларынан бастап оған дейінгі ақындардың шығармаларын орындаған уақытта біздің ғасырлардан ғасырларға жалғасып келе жатқан Мәңгілік Елге деген мұрат оянады, дейді қазылар алқасының төрағасы, айтыскер ақын Аманжол Әлтаев.
Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ
Суретте: Ғ.Құрманғалиев атындағы БҚО филармониясының дәстүрлі әншісі Фархат Оразов.