дағдарыс кезінде азаматтардың әлеуметтік кепілдігі мен қауіпсіздігі сақталуының сенімді тұтқасы болып отыр
Экономикалық қиыншылықтарға толы 2009 жыл тарих еншісіне айналып, енді, міне, 2010 жылға да аяқ бастық. Осы бір кезеңді салымыз суға кетпей, әлеуметтік қауіп-қатерге ұрынбай, лайықты шығарып салғанымызға салауат десек, мұнда прокуратура органдарының да үлесі бар екенін батыл айта аламыз. Прокуратураның қадағалау қызметі еліміздегі заңдылықты қамтамасыз етудің сенімді тетігі бола отырып, мемлекет және жұмыс берушілердің тарапынан алға қойылған әлеуметтік-экономикалық міндеттемелер орындалуының, қоғамда қауіпсіздіктің, орнықтылық пен тұрақтылықтың сақталуына кепіл бола алды деп нық сеніммен айта аламыз.
22 қаңтарда өткен жылғы заңдылық пен құқық тәртібін нығайту жөніндегі жұмыстардың қорытындысы жан-жақты талқыланып, алдағы кезеңге қызмет басымдықтары анықталды.
Прокуратура органдары Мемлекет басшысының қаржы дағдарысы кезінде қоғамның әлеуметтік-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған тапсырмаларын орындауға, сондай-ақ азаматтардың еңбек және экономикалық құқықтарын қорғауға ерекше назар аударып отыр. 2009 жыл бойына прокурорлардың жұмысы заң нормалары шеңберінде жұмысшыларға еңбекақыны уақтылы және толықтай төлеуді қамтамасыз етуге, өндіріс көлемін нақты себепсіз азайтып, қызметшілерді еңбек демалысына кетуге мәжбүрлеуге жол бермеуге бағытталды.
Прокурорлық қадағалау актілері бойынша әлеуметтік-экономикалық салада 255 мың адамның конституциялық құқығы қорғалып, 183 мың қызметшінің жалпы сомасы 8,8 миллиард теңгені құрайтын еңбекақы бойынша қарызы өндіріліп берілді.
Прокуратура органдары азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мақсатында өткен жылы жеке және заңды тұлғалардың 251 мыңнан астам арыз-шағымдарын шешіп берді. Олардың 14 мыңнан астамы негізді деп табылып, қанағаттандырылды. 66 мыңнан астам азамат пен заңды тұлғалардың өкілдері жеке қабылдауда болса, олардың 39 мыңнан астамын орталық және жергілікті орган басшылары тікелей қабылдады.
Сондай-ақ ел Президентімен болған “тікелей желі” барысында келіп түскен арыз-шағымдарды қарау жөніндегі жұмыстар толықтай аяқталды. Бұл ретте Бас прокуратурада жалпы алғанда 3443 сауал қаралып, 85 адамның өтініші қанағаттандырылды, 27 арыз ішінара қанағаттандырылып, 3044 арыз-шағымға заң нормалары шеңберінде нақты да анық түсіндірмелер берілді. Бұл арыз-шағымдарды қарау нәтижесінде прокуратура органдары заң бұзушылықты жою жөнінде 57 ұсыныс енгізді. 15 тәртіптік өндіріс және 10 қылмыстық іс қозғалды, қылмыстық қудалау органдарының 9 заңсыз қаулысы тоқтатылды, қадағалау сот инстанциясына 13 наразылық келтірілді. Мұның бәрі сайып келгенде прокуратура органдарының отандастарымыздың заңды құқықтары мен мүдделерін тікелей қорғап қалу жөніндегі күш-жігері пәрменділігінің айқын куәсі.
Сондай-ақ өткен жылы үлескерлік құрылыс саласындағы теріс салдарларға қарсы тұруға шаралар қабылданды. Олар құрылыс компанияларының кейбір басшылары тарапынан болған әртүрлі заң бұзушылықтар мен алаяқтық фактілері, олардың өз міндеттерін орындаудан бас тартуы, үлескерлердің ақшалай қаражаттарын мақсатсыз жұмсау, тіпті, тікелей талан-таражға салумен байланысты жағдайлар болды. 2009 жылы 82 нысан тұрғызу кезіндегі 45 құрылыс салушылар тарапынан болған әртүрлі теріс әрекеттер белгілерін, тіпті үлескерлердің қаржыларын ашық талан-таражға салу фактілерін прокурорлардың өздері тікелей анықтады. Бұл ретте 9 мыңнан астам азамат жәбірленуші деп танылды.
Прокурорлардың жедел әрекеттері арқасында тергеуге дейінгі кезеңде “Альвин Групп” (84 үлескер), “Азия Контракш Импекс” (130), “Серт” (730) сияқты құрылыс салушылардың тұрғын үй кешендерін салуын аяқтауына қол жеткізілді. Прокурорлық ықпал ету нәтижесінде “Ахсел Кент” құрылыс компаниясының құрылыс жұмыстары қайта жанданып, “Бейбарыс Билдинг” компаниясы 37 үлескерге басқа бітіп тұрған нысаннан тұрғын үй берді. Мұндай мысалдар аз емес.
Аумақтық прокуратура органдары басшыларының бастамалары бойынша анықталған барлық фактілерге қатысты қылмыстық қудалау органдарына нақты құқықтық тапсырмалар берілді. Соның нәтижесінде 50 қылмыстық іс қозғалып, қазірдің өзінде сот үкімдерімен 38 адам сотталды. Сонымен бірге теріс пиғылды құрылыс салушылардың үлескерлер пайдасына өтем ретінде өндіріп беруге болатын барлық активтерін анықтау жұмыстары жүргізілді және ол жалғасуда. Теріс пиғылды құрылыс салушылардың аяқталып бітпеген құрылыс нысандары мен басқа да активтері арқылы үлескерлердің салған ақшаларын қайтару жөнінде де жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бүгінгі күні соттар прокурорлардың 4581 үлескер мүддесіне 35,4 миллиард теңге бойынша теріс пиғылды құрылыс салушыларға қойылған 48 талабын қанағаттандырды. Бұл дегеніңіз – прокуратура анықтаған қаржылық заң бұзушылардың жалпы сомасының 70 пайызы. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасуда, үлескерлік құрылыстың қатардағы қатысушыларының құқықтары мен экономикалық мүдделерін қорғау жөніндегі күш-жігерді табысты деп айтуға толық негіз бар.
Кәсіпкерлер мен шағын бизнес субъектілерінің заңды құқықтарын қамтамасыз ету прокуратура органдарының 2009 жылғы құқық қорғау қызметінің басым бағытының бірі болды. Бір жағынан, олар жаһандық қаржы дағдарысының теріс әсерін мықтап сезінді. Бұл арада, Бас прокуратура бастамасымен прокуратура органдарының аумақтық бөлімшелерінің бәрінде кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөнінде құрылған арнайы жедел топтар өз міндеттерін толық ақтағанын айта кеткен жөн. Соның нәтижесінде 100-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалды. Бұл бағыттағы күн сайынғы жұмыстар жалғасуда, мәселен, қазіргі уақытта кәсіпкерлер мен тауар өндірушілердің құқықтарын қорғау жөніндегі еліміздің барлық жеріне бірдей коммуникациялық торап – сенім телефонын қалыптастыру аяқталып келеді.
Тұтастай алғанда, әлеуметтік-экономикалық саладағы азаматтардың құқықтарын қорғау мақсатында 2009 жылы прокурорлар орталықта және жергілікті жерлерде 23 115 тексеру жүргізген. Олардың нәтижелері бойынша 10 296 наразылық қанағаттандырылып, 553 ұйғарым орындалды, заң бұзушылықты жою үшін шаралар қолданыла отырып, 19 661 прокурорлық ұсыным қаралды. Прокурорлық ықпал ету шаралары бойынша 38 387 заңсыз құқықтық акті тоқтатылды немесе өзгертілді. Тәртіптік, әкімшілік және материалдық жауапкершілікке 52 538 адам тартылды, 71 іс қозғалып, қазірде олардың 18-і сотқа жіберілді. Сот қараған қылмыстық істер бойынша 18 адам сотталып, мемлекет кірісіне 55 миллиардтан астам қаржы қайтарылды.
Құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыс пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес прокурорлар жұмысының басым бағыты болды және солай бола бермек. Бұл майданда да нақты нәтижелер баршылық. 2009 жылғы еліміздегі қылмыстық ахуалға жасалған талдау дағдарысқа және бірқатар салада өндіріс көлемінің белгілі бір дәрежеде төмендеуіне қарамастан, жұмыстарын прокуратура үйлестіріп отырған құқық қорғау органдары елімізде тіркелген қылмыстар санын 2008 жылмен салыстырғанда 4,6 пайызға төмендетуге қол жеткізді.
Қылмыстық ахуал статистикасының маңызды көрсеткіштері мен санаттары бойынша төмендеу байқалып отыр. Мәселен, жалпы қылмыс саны 6,1 пайызға төмендеді. Ал ауыр қылмыс саны 10 пайызға төмендеп, қылмыстың ашылуы 71,8 пайыз артты.
Қазақстан Конституциясында белгіленгендей, ешкімді де азаптауға, қинауға, қатал немесе адамның ар-ожданын кемсітетін басқа да әрекеттермен жазалауға жол жоқ.
Елімізде бұл конституциялық норманы қамтамасыз ету үшін барлық құқықтық тетік жасалып, азап көрсеткені үшін қылмыстық жауапкершілік белгіленген және азаптауға қарсы БҰҰ Конвенциясы мақұлданған. Ал Жоғарғы Сот адамның ар-ожданына қол сұқпау жөнінде арнайы нормативтік қаулы қабылдаған. Осыған орай, прокурорлар жедел-іздестіру қызметі, тергеу мен анықтау, жазаның орындалу заңдылығына қадағалауды жүзеге асыру кезінде қылмыстық қудалау саласына түскен адамдарға азаптау қолдануды немесе басқа да қаталдық көрсетуді мүлдем болдырмау жөнінде түбегейлі шаралар қолдануда Ішкі істер органдарына осыдан біраз жыл бұрын енгізілген “кезекші прокурор” институты өзін толық ақтап отыр. Соның арқасында бұл салаға қадағалау тұрақты да пәрменді сипат алды. Тәулік бойғы прокурорлық рейдтер, уақытша ұстау орындарындағы немесе жедел-іздестіру қызметінің қызмет жайындағы адамдарға қатысты ахуалдарды сол жерде тексеру азаматтардың құқықтарына нұқсан келтіру фактілерінің қолма-қол жолын кесуге мүмкіндік береді.
Мұндай қылмыстарды тергеу прокурорлардың ұдайы бақылауымен жүргізіледі. Прокурорлар ел беделіне нұқсан келтіретін мұндай келеңсіз көріністерге ашық тергеу жүргізуге, сондай-ақ күдіктілер мен ұсталғандарға азап көрсеткен және басқа да рұқсат етілмеген әрекеттерге баруға кінәлі лауазымды адамдардың заңды да әділ жазасын алуына түбегейлі қол жеткізетін болады.
2009 жылы тергеу топтарына басшылық жасайтын арнайы прокурорлар 121 күрделі және маңызды қылмыстық істі өз өндірісіне алған, оның ішінде 58 іс бойынша тергеу аяқталып, сотқа жіберілді, олардың 40-ы бойынша айыптау үкімі шығып үлгерді.
2009 жылы сот төрелігін жүзеге асыру саласында заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында прокурорлар тарапынан барлық қылмыстық істер бойынша мемлекеттік айыптауға қолдау көрсетілді (жеке айыптау істерін қоспағанда).
Прокурорлардың бастамасымен апелляциялық сатыдағы соттармен 1311 адамға қатысты үкімдер заңға сәйкестендірілді. Республика бойынша апелляциялық наразылықтардың қанағаттандырылуы 89,3%-ды құрады. Қадағалау тәртібімен прокурор наразылықтары негізінде 474 адамға қатысты сот қаулылары (үкімдері) заңға сәйкес келтірілді, ал қадағалау наразылықтарының қанағаттандырылуы 93,5%-ды құрады. Азаматтарды заңсыз қылмыстық жауапкершілікке тартудың барлық фактілері бойынша кінәлі лауазымды тұлғаларға қатысты қатаң прокурорлық ықпал ету шаралары қабылданды.
Кейбір жағдайларда азаматтардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарына әсерін тигізетін қадағалау тәжірибесінің өзге де маңызды тұрғысы ретінде атқару өндірісі саласында заңдылықтың сақталуына қадағалау ұйымдастыру болып есептеледі. 2009 жылдың статистикалық көрсеткіштеріне сүйенсек, бұл салада келеңсіз үрдістерді түбегейлі өзгертумен шектелмей, жағдай едәуір жақсартылды деп айтуға болады. Бұл көпшілігінде прокурорлардың мақсатты және бірізді жұмыс жасауының арқасында мүмкін болып отыр.
2008 жылмен салыстырғанда мүліктік өндірулер бөлігінде атқару өндірісі заңдылығының прокурорлық қадағалау жағдайы сөзсіз жақсарды деуге болады. Прокурорлық ықпал ету шаралары негізінде 15984 сот актілері бойынша жалпы сомасы 9 миллиард теңгеге жуық берешек өндірілді. Салыстыру үшін, 2008 жылы 4,2 миллиард теңге құрайтын 11302 сот актілері орындалды. Прокурорлық қадағалау шаралары негізінде орындалған сот актілері 41,4%, ал өндірілген қаражаттың мөлшері 111,2% өскені байқалады. Соның ішінде мемлекеттік бюджетке 2008 жылы 1,9 миллиард өндірілсе, осы жылдың қорытындысымен 4 миллиард теңгеден астам берешектер өндірілді (118% өскен). Бұл прокурорлар қолданған шаралардың пәрменділігі мен тиімділігінің көз жеткізерлік нәтижесі екені сөзсіз.
Қызметтегі жаңа талаптар, қадағалау органдары қызметіндегі жағымды өзгерістер мен 2010 жылға белгіленген мақсаттар туралы айтсақ, құқық тәртібін сақтау органдарының келісімді жұмысын және елімізде заңдылықты қамтамасыз ету мақсатында Құқық қорғау органдарының Үйлестіру Кеңесінің қызметі жандандырылған. 2009 жылы Үйлестіру Кеңесі мәжілістерінің қаралуына күш құрылымдарынан үйлестірілген іс-әрекетті және бірыңғай ұстанымды талап ететін аса өзекті мәселелер шығарылды. Құқық қорғау органдарының қызметінде бұрын басым болған жазалау бағытынан құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу жағына бет бұрылды. Өңірлерде облыс прокурорлары басқаратын Үйлестіру Кеңесінің қызметі де жандандырылып, оң нәтижелер алып келуі тиіс.
Прокуратура органдары қызметінің негізгі бағыттары да қайта қаралды. Жоғарыда айтылғандай, басты басымдық ретінде құқық қорғау құзыретінің тиімді әрі пәрменді жүзеге асырылуы айқындалды. Прокуратура органдарының ерекше назары мемлекеттің экономикалық мүдделерін сақтауға бағытталған. Қаржы дағдарысының зардаптарын неғұрлым азайтуға бағытталған Ұлттық Қордан бөлінген қаражаттың заңды және мақсатты жұмсалу мәселесі прокуратура органдарының тұрақты бақылауында.
Мысалы, өткен жылы ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру, агроөнеркәсіптік кешенді, шағын және орта бизнесті қолдауға бөлінген қаражатты жұмсау заңдылығына тексерулер жүргізілді. Құқық қорғау және уәкілетті органдар қабылдаған алдын алу шаралары Ұлттық Қор қаражатының Үкімет белгілеген шарттарына сәйкес игерілуін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Прокуратура органдарының тексерулері нәтижесінде екінші деңгейдегі банктер тарапынан қор қаржысын мақсатсыз пайдалану фактілері анықталды. Мәселен, шағын және орта бизнес субъектілеріне жатпайтын, яғни несие алуға құқығы жоқ 4 несие алушыны 800 миллион теңгеден астам сомаға қайта қаржыландырған. Прокурорлық қадағалау актілері негізінде заңсыз пайдаланылған ақша банктерге қайтарылып, тиісті жобаларды қаржыландыруға жолданды.
Қазіргі таңда прокурорлар анықтаған заң бұзушылықтардың жойылуын қамтамасыз ету үшін қолданыстағы бақылау тетіктерін жетілдіру қажет. Әлеуметтік-экономикалық салада прокурорлық қадағалаудың сапасы мен тиімділігін арттыру мақсатында прокурорлық тексерулерді жоспарлау және жүргізу кезіндегі тәуекелдерді бағалау жүйесін енгізу керек. Бұл прокурорлардың қызметін өзекті әрі маңызды арналарға бағыттауға мүмкіндік береді.
Прокуратура органдарының ең басты басым бағыттарының бірі ретінде азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының сақталуын қамтамасыз ету болған және солай болып қалады. Бұл әсіресе, әлеуметтік және еңбек қарым-қатынасы, денсаулық сақтау және білім беру салаларына қатысты. Осы жұмыс 2010-2020 жылдар аралығындағы мемлекеттің Құқықтық саясат тұжырымдамасының ережелеріне сәйкес жүргізіле отырып, нығайтуды талап етеді.
Биыл прокуратура органдары өздерінің мәртебесінің көтерілуіне және өкілеттіктерінің кеңейтілуіне байланысты қызметін жоғары және сапалы деңгейге көшіруге бет бұруы керек. Біздерді жаңартылған құқықтық алаңда және қойылған тапсырмалардың өзгеріп, өсу жағдайында қызмет ету күтіп тұр. Атап айқанда, жыл сайын прокуратура органдарына азаматтардан келетін өтініштердің саны 20-30% арта түседі. Бір жағынан, бұл азаматтардың қадағалау органдарына сөзсіз сенімділігін және прокурорлар тарапынан олардың құқықтары мен мүдделері тиімді қорғалатынын куәландырады. Екінші жағынан, адамдардың қайырылу санының күрт өсуі бізге қоғамның даму тұрақтылығы, тыныштық пен құқық тәртібі жағдайының сақталуын қамтамасыз етуге қосымша жауапкершілік жүктейді.
Биыл әлеуметтік-экономикалық саланың заңдылығын қадағалауда басталған жүйелі өзгерістерді аяқтауды мақсат етіп отырмыз. 2010-2014 жылдарға бекітілген Бас прокуратураның Стратегиялық жоспарына сәйкес, негізгі талап ретінде анықталған заң бұзушылықтарды жедел және нақты жою белгіленген. Сонымен қатар салалық статистикалық есеп пен Бірыңғай ақпараттық жүйе әрбір бұзушылық туралы ақпаратты анықталғаннан бастап жойылғанға дейін көрсетуі тиіс.
Бұдан басқа прокуратура органдарының жұмысында тағы бір жаңа үрдіс ТМД-ның үш мемлекеті: Қазақстан, Ресей және Беларусь елдерінің Кеден одағын құру шешіміне негізделген. Осыған байланысты, кеден заңнамасының сақталуына ұйымдастырылып, жүргізілген прокурорлық тексерулердің сапасын қамтамасыз ету талаптары осыған байланысты айтарлықтай өседі.
Еліміздегі соттар қараған істердің жыл сайынғы өсу беталысын ескеру қажет. 2009 жылы сот төрелігін жүзеге асыру кезінде заңдылықты қамтамасыз ету саласында прокурорлар 48 мың қылмыстық, 58 мың азаматтық және 112 мыңнан астам әкімшілік істерге қатысты. Өткен жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша соттарда прокурорлар тарапынан мемлекет мүдделеріне өкілдік ету функциясы сынға алынған болатын. Бүгінгі күні бұл көрсеткіштер жақсарып, прокурорлар сот актілерінің заңдылығы мен негізділігіне тиімді әсерін тигізген. Алайда, мемлекеттік айыпты қолдау мен қорытынды беру және сот актілеріне наразылық келтіру осы күнге дейін сотта өкілдік ету саласында ең басты мақсат болып табылады.
Прокурорлардың қылмыстық істер бойынша, соның ішінде алқа билердің қатысуымен қаралатын істерде мемлекеттік айыптауды қолдауы жоғары деңгейіне жетпеген. Үшбуынды сот жүйесін енгізу және соттардың мамандандырылуының кеңейтілуіне байланысты сот іс жүргізуіне прокурордың тиімді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында прокуратура органдарының салалық бөлімшелерінің қызметін де қайта қарау қажет. Басқа сөзбен айтқанда, сот жүйесін жетілдіру үдерісі міндетті түрде соған тектес прокурорлық қызметті ұйымдастырудың өзгеруімен байланысты болуы тиіс.
Соңғы кезде Бас прокуратураның Халықаралық ынтымақтастық департаментінің рөлі өсуде, әрине, оның себебі осы жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-да төрағалық етуіне байланысты. 2010 жылы бұл прокуратура бөлімшесінің бастапқы мақсаты ретінде Қазақстан тарапынан еуропалық мемлекеттерде ұйымдастырылған негізгі іс-шараларға прокурорлардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету деп белгіленген. Оның басқа маңызды бағыты ТМД-ға қатысушы мемлекеттер Бас Прокурорларының Үйлестіру Кеңесі Хатшылығымен ара-қатынастарды нығайту деп көрсетілген. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан Республикасының Еуропа Кеңесіне берілген Отанымыздың қылмыстық сот өндірісі саласының Еуропалық конвенцияларға қосылу туралы өтінімінің қаралуын қамтамасыз етуді аяқтау қажет.
Прокуратура органдарының қызметін ақпараттандыру бойынша маңызды жұмыстар атқару қажет. Қазіргі уақытта барлық материалдар мен істерді бақылайтын құқық тәртібі органдарының Арыздарды тіркеу кітабына тіркеуге алынғаннан бастап қорытынды шешім қабылданғанға дейін кеңейтілген бірыңғай ақпараттық бағдарламаның енгізілуі талап етілуде. Осыған байланысты Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетке есептерді қалыптастыру үдерісін автоматтандыру, Бірыңғай мемлекеттік деректер қорын құру жұмыстарын жалғастыру қажет.
Өткен жылы прокуратура органдары атқарған жұмыстардың негізгі қорытындылары мен алда тұрған мақсаттар осындай. Прокуратура органдарымен өз тағдырын байланыстырған әрбір қызметкер мен барлық прокуратура органдарының әрекетіне өте көп жағдай байланысты, олар – әлеуметтік-саяси тұрақтылық, азаматтардың амандығы, балалар мен немерелердің бақытты болашағы. Бұл өз еліміз бен барлық қазақстандықтар үшін ерен еңбек ету және біздің күшімізді жұмылдыруға лайықты себеп екені сөзсіз.
Қайрат МӘМИ, Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры.