Бұқар жыраудың «Тілек» толғауында намаз құлшылығына ерекше маңыз беріледі. Бес намаздың біреуі де қаза болмауы – көмекей әулиенің бесінші тілегі. Мұқым мұсылман міллеті бұл құлшылықты құдайдың бес парызының бірі деп есептейді. Бірақ ел ішіндегі кей азаматтар, көпшілігі деструктивті бағыттағы діни топ өкілдері намаз оқымаған адамның ешбір құлшылығы қабыл емес деп оспадар ой таратады. Қарапайым халықтың көңіліне күдік түспесін деп, мүфтияттың пәтуа бөлімінің пікірін білдік, деп жазады Egemen.kz.
ҚМДБ Діни оңалту бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов сөзін пайғамбардан жеткен хадиспен дәйектеді.
«Ислам бес нәрсе үстіне құрылған. Олар – кәлима, намазды толық оқу, зекет беру, қажылыққа бару, Рамазан айында ораза тұту», деген (Бұхари, Мүслим).
Ораза ұстаудың қандай әдептері бар?
Әрі қарай исламдағы парыз ұғымына арнайы тоқталды.
«Бұйырылған барлық парызды орындау – міндет. Алайда мұсылманның барлық ғибадатының қабыл болуы, сауап берілуі оның шын сеніміне (иманына) байланысты. Яғни Мұхаммед пайғамбардың Алла Тағала тарапынан жеткізген нәрселерін шын жүрегімен қабылдап, намаз оқыса, ораза ұстаса, зекет берсе, қажылыққа барса және басқа да ізгі істерді істесе дұға-тілегі қабыл болады, оған сауап беріледі. Демек барлық ізгі істің қабыл болуы – ең алдымен біздің иман етуімізге байланысты», дейді мүфтият өкілі.
Бұл ретте ойымызға хакім Абайдың өлеңі оралды. Ақын иманның үш асылы бар, олар: құдайды сүю, адамды сүю және әділетті сүю. Осы үш сүю – иман негізі. Абай тілімен айтқанда, «имани гүл» болады. Әрі қарай ойшыл құлшылық-тағат туралы ой қозғайды.
«Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,
Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс.
Бастапқы үшті бекітпей, соңғы төртті,
Қылғанменен татымды бермес жеміс»
Ақын ойы өлеңнің соңғы екі қатарында анық аңғарылады. Бастапқы үш дегені – құдайды, адамды, әділітті сүйе білу. Бұларды игермей жатып қалған төрт құлшылықтың нәтижесі болмайды дегені ғой.
«Істің басы - ретін танымақтық,
Иман білмес тағатты қабыл демен», дейді Абай.
Ораза және бала денсаулығы: Ата-ана нені ескеруі керек?
Хош, әрі қарай дін маманы өзі сөйлесін. Хасан Аманқұлов Алла Тағала намаз оқымағаны үшін пенденің ұстаған оразасын ескерусіз қалдырмайды, оған тиісті сыйын, сауабын беретінін айтады.
«Жаратушы Иеміз Өзінің әділеті жайында қасиетті Құранда былай дейді: «Қиямет күні сол күнге тән дәл тартатын әділет таразыларын құрамыз да, адамдардың дүниедегі істерін түгелдей тартамыз. Ол күні ешбір жанға титтей де әділетсіздік жасалмайды. Істелген іс қышаның дәнегіндей мысқалдай болса-дағы оны таразыға тартамыз. Біз жауапқа тартушылар ретінде жеткіліктіміз» («Әнбия» сүресі, 47-аят).
Ораза кезінде екпе салдыруға бола ма?
Сонымен бірге ол намаз оқу мен Рамазан айында ораза ұстау – Ислам дінінде бұйырылған жеке-жеке ғибадаттар екенін атап өтті. Намаз оқымай ораза ұстаса, құдай оны да ескерусіз қалдырмайды. Бұл туралы Құранда: «Кімде-кім зәредей жақсылық жасаса, соның қарымын алады. Кімде-кім зәредей жамандық жасаса, соның жазасын тартады», делінген екен. Алайда дін маманы бес парыздың бәріне де бекем болған жөн деп айтады.