Бүгін Үкімет отырысынан кейін еліміздің Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев мемлекеттік тілдің латын графикасындағы әліпби жобасына қатысты пікір білдірді.
«Бізде Шаяхметов және Байтұрсынұлы атындағы екі үлкен тіл білімі институты бар. Олар екі топ құрып, өз нұсқаларын жасады. Өздеріңіз білесіздер, кеше оны Мәжілісте көрсетті. Енді әліпби талқыға түсті, асығыстық жоқ, уақытмыз бар. Оны дұрыстап талқылап, пікірлесіп, ұсыныстар алып, биыл қабылдасақ, содан кейін оны енгізу кестесін жасап, жүйелі жұмыстарды жалғастыру керек. 25 әріп болғаны маған ұнайды. Енді ары қарай азаматтар, халық, сіздер ұсыныстарыңызды айтыңыздар», - деді Ерлан Сағадиев БАҚ өкілдеріне.
Шаяxметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық орталығының директоры Ербол Тілешовтің айтуынша, латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиін жасауда "бір әріп - бір дыбыс", "бір әріп - екі дыбыс" және "бір дыбыс" принципі қолданылған. 25 таңбалы әліпбиге қосымша қазақ тілінің дыбыстық жүйесін толығымен қамту үшін 8 дыбысты таңбалайтын 8 диграф ұсынылған.
Жаңа нұсқада "ә" дыбысы "ae" диграфымен берілсе, "ө" - "oe", "ү" - "ue" деп таңбаланады. Мәселен, "әлем" - "aelem", "өркен" - "oerken", "үкімет" - "uekimet" болмақ. Ал «ң» дыбысы "ng" диграфымен беріледі. Мұнан бөлек, "ғ" - "gh", "ч" - "ch", "ш" - "sh" және "ж" "zh" болып белгіленеді. Ал "ц", "в", "ф" сияқты қазақ тілінің дыбыстық жүйесінде жоқ дыбыстарды мүлдем алып тастау ұсынылып отыр.