Халқымыздың біртуар ұлы, қазақтан шыққан алғашқы академик Қаныш Сәтбаев көптеген дарынды шәкірттерін тәрибиелеп қана қойған жоқ, еліміздің дамуына негіз қалаған мол мұра да қалдыра білді. Ел жадында есімінің мәңгі сақталып қалуы да осымен байланысты екені даусыз. Ақмола облысы Стпеногор қаласында Қ.Сәтбевқа арналған еңселі ескерткіштің бой көтеруі соның жарқын дәлелі.
Елордадан екі жүз шақырымдай жерде орналасқан Степногор облыс өнеркәсіп өнімінің 30 пайыздайын өндіріп келе жатқан өндірісті қала саналады. Жер қойнауы байлықтарын өндіруге байланысты құрылған өнеркәсіп орындарының көптеп салынуы Қаныш Имантайұлының атымен тікелей байланысты. Өйткені академик кезінде еліміздегі жер қойнауы байлықтарының картасын жасағанда осы маңнан табылған минералдарға толық сипаттама беріп кеткен көрінеді. Соның арқасында қала гүлденіп, өркениетке құлаш жайған. Қала күнін атап өту шаралары Қ.Сәтбаев ескерткішінің ашылуымен орайластырылғаны да сондықтан. Оның үстіне ескерткіштің бой көтеруі Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жүзеге асырумен тікелей байланысты.
Ұлы ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев ескерткішінің ашылу салтанаты таңертеңгісін өтті. Шараға қала тұрғындары мен қонақтары көп жиналыпты. Оның үстіне сол күні ауа райы да жылып, аспан ашық болды. Жиналған қауым алдында Степногор қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлиева, қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров және Қаныш Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова танымал тұлға Серікбек Дәукей сөз сөйледі. Шаһар көркіне сән бере түскен еңселі ескерткіштің жабындысын еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров пен академиктің немересі, химия ғылымдарының докторы Әлима Жармағамбетова ашты.
«Сіздер ескерткішті өз қалаларыңызда орнатып отырсыздар. Өсіп келе жатқан балаларымыздың оннан бірі Қаныш ағамыздай болса, онда еңбектің еш кетпегені. Ол қайда жүрсе де қазақтың, елдің мерейін өсірді. Англия парламентінде сөйлеген кезде Черчиль «Айтыңызшы, қазақтардың барлығы да сіз секілді биік пе», деп сұраған көрінеді. Сонда ол «Қазақтардың ішінде мен ең аласасымен, ал халқым менен де биік тұр», деп жауап қатқан көрінеді. Олай болса академик рухына тағзым етейік. Ол бізбен мәңгі сүре береді», деді қаһарман ғарышкер.
Ескерткіш вокзал алдындағы алаңқайда орналасқан. Жобаның авторы және қола ескерткішті жасаған Қазақстан суретшілері одағының мүшесі Азат Баярлин болса, оның жүзеге асуына «Көкшетау жолдары» ЖШС қолдау білдіргендігін айта кетейік.
Реті келгенде Степногор қаласының әкімі, «Болашақ» түлегі Әнуар Күмпекеевтің сөзі де әсерлі шыққандығын атап өткеніміз орынды. Әкім өз сөзінде ескерткіш ашу ұлы тұлғаға тағзым ғана емес, болашақтағы ұлы істерге деген ұмтылыс екендігін ерекше екпінмен айтты. Ал облыс әкімінің орынбасары Айна Мүсірәлиева өңір басшысының құттықтауын жеткізе келіп, Степногор қаласының «Ұлы далада туған қала» деген айшықты мағына беретіндігіне назар аудартты. Реті келгенде Қаныш Сәтбаевқа арналған ескерткіштер сонымен бірге Қарағанды, Павлодар, Жезқазған, Екібастұз, Том және Сәтбаев қалаларында бар екендігін қаперге сала кетейік.
Ескерткішті ашуға арналған митингінің соңы көрнекті ғалым Қ.И.Сәтпаевтың еліне сіңірген өлшеусіз еңбегіне арналған ғылыми-практикалық конференцияға ұласты. Сондай-ақ осы күні «Батыр» балалар мен жасөспірімдер клубында жаңадан ашылған күрес залында спорттың қазақша күрес және еркін күрес түрлерінен енді балалар үшін жаттығулар басталмақ. Жалпы, «Батыр» клубында 2016-2017 жылдарға арналған оқу жылдарында жасы 7 мен 18 аралығындағы 1656 оқушы қатысқан 56 спорттық-бұқаралық шаралар өткізілген. Және де қала күніне орай «RE-BIOMED ғылыми-практикалық орталығы» ЖШС-ның алғашқы «GENOME Ademy» деген 11 атаудан тұратын өнімдерінің жаппай сатылымға шығарылуына арналған тұсаукесер рәсімі болып өтті. Бұнда негізінен тониктер мен крем түріндегі биокосметика шығаратын «Косметикалық өнімдерді өндіру» жобасы жүзеге асырылуда. Кәсіпорын директоры Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, жоба Дүниежүзілік банк, «Биотехнология» ұлттық орталығы және жергілікті әкімдік қолдауымен неміс әріптестерімен бірлесе жүзеге асырылған. Биокосметикаға қолдан жасалған химиялық заттар емес, органикалық компоненттер қосылғандығы да аталмай қалмады. Жоба құны 180 миллион теңге болса, кәсіпорын жылына 3 миллион құты және 20 миллион ампулада сұйықтық түріндегі өнімдерді шығаруға қауқарлы екен. Кәсіпорын әзірге жылына 200 мың дана құты және 1,3 миллион ампула сұйықтық түріндегі өнімдер шығаруды жоспарлап отыр. Енді өнім еліміз бен көршілес Ресей аумағына сатуға шығарылады деп күтілуде. Осылайша Степногор қаласы Қазақстанның ғана емес, сонымен бірге Орталық Азияның сұлулық индустриясы орталығына айналуы да ғажап емес. Ж.Кенжебаев Степногор қаласында кәсіпорын ашудағы себебін мұндағы биотехнологиялық зерттеулерді жүргізетін ғылыми базаның орныққандығымен түсіндірді.
Жалпы, мерекелік шара спорттық сайыстармен, концерттік бағдарламалармен, балалар шығармашылығымен әрлендіріліп, кешкісін отшашуға ұласты.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»
Ақмола облысы