• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
13 Қыркүйек, 2017

Жүлдесі бар, жүйрігі жоқ...

435 рет
көрсетілді

Қайырын бергені сол емес пе, қазіргі таңда қазақтың ұлттық спорты­ның тамырына қан жүгіре бастады. Төрт аяғынан тең басып кетті деуге келмес. Бірақ, іздеген­ді таптырғандай, өшкенді жан­дырғандай өрелі істер баршы­лық. Дегенмен, ұлт спортының, атап айтқанда аламан бәйгенің бүгінгі бет-бейнесі қандай? Осыған біз зер салып, ой көзімен қарап көрдік пе?

Таяуда Астанада төртінші рет «Алтын тұлпар» аламан бәйгесі өтті. Айтары жоқ, тамаша бастама. Баяғы­дағы, ертеден салса кешке озған, еңістен салса төске озған қазақы қаза­нат­тардың рухын тірілтуді көздеген мүбәрак мақсатының өзі неге тұрады?! 

Әйтсе де, әу баста ағайынның ықы­ласы ауған бұл бастаманың бірте-бірте сиырқұйымшақтанып бара жатқаны осы жолы анық байқалды. Неге дейсіз ғой? Біріншіден, аталған бәйгеде 37 сәйгүлік бақ сынады. Бұл дегеніңіз, алғашқы аламандағыдан 38 жүйрікке кем деген сөз. Яғни, «Алтын тұлпарға» деген қызығушылықтың ат қосқан ағайын тарапынан кеміп отырғаны – ойландыратын шаруа. Бәзбіреулер мұның басты себебін бәйге алдындағы әр аттан алынатын жарнаның қымбат­тығына әкеліп тірейді. Рас, 95 мың теңге дегеніңіз біреуге тиын болғанымен, алыстан ат арытып келетін кейбір ағайын үшін қып-қызыл ақша. Жүлде алам деп дәмеленіп келгенінде «жар­на» деп жалмаңдап тұрса, жалт бұрыл­мағанда қайтсін? Десе де, бұл жердегі мәселе сан салалы сияқты...

Шынтуайтына келгенде, аттарды 51 шақырымға айдаудан кім, не ұтты? Сарша тамыздың шыжыған ыстығында қылқұйрықтарды осынша қинағаннан не таптық дегенде ой келеді. Қазақтың бағзыдағы бәйге үрдісін жаңғыртамыз дегеннің өзінде бүгінгі күннің талап-тілегін елеп-ескерген кім бар?

Иә, шымбайға батса да – шындық, «Алтын тұлпар» жобасы бұл жолы жер бауырлады. Өйткені, біз соңғы аламан өткенде жүлде берер жүйрік таппай жер шұқыдық. Тігілген тоғыз жүлденің үшеуі иесін тапты-ау, ал қалған алтауын байлар қанжығаның табылмауы аттың жалында өскен қазақ баласы үшін ауыр қамшы. Басқалай айтқанда, сөреден үш жүйрік қана өтті...

Зады, қазақ бәйгесінің о бастағы мақсаты жамағатты қызыққа батыру емес пе еді? Сонан кейін барып, жүзден жүйрікті таңдау, қыл аяғы, өзінің атын шығару деген сияқты екінші кезектегі пендеуи тірліктер күйттеледі ғой. Олай болса, «Алтын тұлпар» бәйгесі өзінің шарықтау шегіне жеткенде көрерменге не қызық көр­сетті дегенге жауап іздейікші. Жан­күйер жазған әбден сілікпесі шық­қан жануарлардың шықпа жаным шық­памен мәрені әрең қиғанын көрді. Қан сорпасы шығып, текірекпен көз алды­нан өткен қос жүйрікке жүрегі тас адам­ның ғана жаны ашымаған шығар. Үшінші болып өткен тұлпар тұяғы төңкеріліп құлап түспесе екен деп қу жанын шүберекке түйіп отырған­дардың қарасы да мол болды...

Әлбетте, аламан бәйге десе ішер асын жерге қоятын ағайынның да айтары болуы әбден мүмкін. Дей тұрғанмен, қазақтың аламанына қайткенде де бір өзгерістің керектігін осы жолғы қалыптасқан жағдай көзге шұқып көрсетті. Мүмкін, атты қинамайтындай қашықтықтықты қысқарту керек пе? Әлде, Англиядағыдай, мына Ресей­дегідей ат жарыстарының озық үлгі­лерімен бәйге жарысының маз­мұнын байыта отырып, барша қазақтың бабын табатын сәйгүліктер сайысын сұрыптап шығару керек пе? 

Иә, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Сол тұрғыдан келгенде, аламан бәйгенің ішкі әлеміне тереңірек үңіліп, бүгінгі көрерменнің тілегін, заманның талабын ескере отырып, есті дүниені өмірге келтіру керектігі күн тәртібінде өткір тұрғандай. Қазақтың жылқысы ертеден қара кешке дейін талмай шаба береді дегенді қоя тұрып, бір уақ Қамбар Ата тұқымына да қамқор көзбен қарасақ. Елу шақырым еңку-еңку жер шапқан жұдырықтай баланың болашақтағы денсаулығын да ескерген жөн шығар. Мұны айтып жатқан себебіміз, балалар­дың, қала берді жануарлардың құқығын қыз­ғыш­тай қоритын, қорғайтын халық­аралық ұйым­дардың барлығын естен шығар­маған абзал. Бүгін болмаса, ертең бұл әңгіменің жоғары деңгейде, биік мінберлерде қозғалмасына кім кепіл?

Тегі, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатқанға» не жетсін?! Әйтсе де, асыл мұра – аламан бәйгенің жүлдесі бар, жүйрігі жоқ бүгінгі тағдыры бізді алаңдатпай қоймайды. Демек, толғағы жеткен бұл мәселені кешенді түрде талқыға салатын кез жеткен сияқты.