Жастар арасындағы Еуропа чемпионатында қызмет еткен төреші «Астананың» ойынында төрелік етпек.
Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі 1-турда «Астана» сырт алаңда Испанияның «Вильярреал» командасымен күш сынасады. Бұл матчқа сербиялық Срджан Йованович төреші болады.
Ол биыл жастар арасындағы Еуропа чемпионатында Грузия-Швеция және Голландия-Болгария ойындарына басшылық еткен болатын.
Сонымен қатар, Срджан Йованович осы маусымдағы еурокубоктық ойындарға да төреші болды. Чемпиондар лигасында «Сартмедия» - «Карабах» және Еуропа лигасында «Маритиму» - «Ботев» матчтарын жүргізді.
«Вильярреал» - «Астана» кездесуінде сербиялық рефериге Урош Стойкович пен Милан Михайлович көмектесетін болады.
Айта кетейік, матч 14 қыркүйек күні Вильярреал қаласында 23:00-де (Астана уақыты бойынша) басталады.
Тікелей эфирде «Qazsport» телеарнасы көрсетеді.