«Уақыт – әр адамның еншісіне бұйырған әрі зая кетіре алмайтын жалғыз капитал», дейді Томас Эдиссон.
«Барлық үнемдеулер ақыр аяғында уақытты үнемдеуге келіп ұласады», дейді Карл Маркс.
Осы сөздердің дұрыстығына біздің бүгінгі тұрмыс-салтымыз, біз өмір сүріп жатқан заман дәлел бола алады. Өйткені біз уақыттың ерекше шиыршық атқан кезеңінде өмір сүрудеміз. Уақыттың қадірі алтыннан да асып түсуге айналғандығын көзіміз көріп отыр. Ендеше, Карл Маркстың осыдан 150 жылдай бұрын айтылған жоғарыдағы сөзінің қандай міні бар?!
Жуықта Астанадан 1050 шақырым жердегі Өскемен қаласына жүрдек Тальго пойызымен 16 сағат 43 минутта жеттік. Ал осыдан бір ғасыр бұрын ата-бабаларымыз осы аралыққа атпен жүріп өту үшін 10-15 күнін шығын қылатын. Тіпті осыдан бірер жыл бұрын ғана Астана мен Өскеменнің арасына Тальго пойызы қатынамайтын. Баяу жүрісті қарапайым пойызға мінетінбіз. Онымен Астанадан Өскеменге жету үшін 27 сағат 44 минут қажет. Ал егер ұшаққа мінсеңіз Астанадан Өскеменге бар болғаны 1-1,5 сағаттың ішінде жетесіз.
Адамдар уақытты осыншама үнемдеу үшін қаншама оқиғаларды бастан кешті. Жылдамдықты үдете түсу үшін автокөліктер, пойыз жасауға қажетті бу машинасы ойлап табылды. Оларға қажетті жолдар салынды. Мануфактуралық өндірістің орнына жаңа зауыт, фабрикалар ашылып, миллиондаған адамдар жұмысқа тартылды. Жұмысшыларға төленетін жалақыны үнемдеу және әр жұмысшының еңбек өнімділігін арттыру үшін конвейерлі өндіріс дүниеге келді, оның арты зауыттар мен фабрикаларды автоматтандыруға әкеліп соқты. Сөйтіп қазір бұрын мыңдаған адам жұмыс істейтін зауыттарда енді жүздеген адамдар ғана қалды. Олардың саны ондаған есе азайғанымен еңбек өнімділігі жаңа технологиялардың арқасында бұрын жұмысшылардан ондаған, жүздеген есе жоғары. Міне, осылардың барлығы ұдайы үнемдеулердің арқасы. Енді осы қадамның барлығы ақыр аяғында уақытты үнемдеуге келіп ұласып отыр. Ал уақыт болса, үнемделген сайын құнды бола түсуде. Бұрын Өскеменге атпен жету үшін 10-15 күнін қаза қылатын қазақ қазір темір жол вокзалы мен әуежайда көлік тосып бір сағат артық отырып қалса, шу шығаратын болды. Неге? Өйткені уақыт қымбат. Бір сағаттың ішінде қазір интернет арқылы бүкіл әлеммен байланыс жасап үлгеруге болады.
Біз осыған тәуелсіздіктің арқасында қол жеткізіп отырған халықпыз. Тәуелсіздіктің арқасында әлемдегі небір жаңа технологияларға, оларды ойлап табатын білім мен ғылымға қолымыз жете түсті. Ал тәуелсіздік дегеніміз – еліміздің жаңа тарихының басталуы, ғасырға бергісіз ұлы өзгерістер кезеңі, бірнеше ғасырлардан кейін барып басымыздан кешіріп отырған ғажайып шақ. Қоғамдық формациялардың қалыптасуы мен дамуы, жалпы уақыт пен кеңістік ұғымдары тұрғысынан алғанда қас-қағым сәтке бағаланатын осы 26 жылдың ішінде ұлан-ғайыр істер тындырылып, ата-бабаларымыздың егемен ел болсақ деген ежелгі арманы мен соны нақты өмір шындығына айналдырған тарихи оқиғалардың легі астасып, жымдасып кетті. Әр күні жылға бергісіз деп бағаланатын осы уақыт ағыны ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті, ХІ Қысқы Азия ойындары, ақырында кеше ғана аяқталған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі сынды үлкенді-кішілі оқиғалардың сапырылысқан толқындарын тудырды. Егер тәуелсіздік болмаса, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында қарыштап дамымаса, біз бұларды түсімізде де көрмес едік.
Елімізде болып жатқан осындай үлкен-кішілі оқиғалардың молдығы, бүгінгі өмірдің өзгерісі сондай, олардың барлығы қосыла келіп, қашан да болсын өзгермейтін мәңгілік категория – уақыттың өзіне қысым жасап, оның жүрісін барынша ширата түскендей. «Уақыттың жылдамдығына көз ілеспейтін болды», деп шағынады қазір көптеген адамдар. Негізінде өзгеріп отырған уақыт емес, заман мен біздің өзіміз ғой. Біз шын мәнінде уақыттың қаншалықты қадірлі екендігін, оның неге алтынға бағаланатындығын енді ғана түсіне бастағандаймыз. Өйткені біздің барлығымыз да өмірдің ширақтығын, адам іс-әрекетінің алымдылығын әкелген осы дәуірдің куәгерлері, ондағы үлкенді-кішілі оқиғалардың қатысушыларымыз ғой. Осыны ұмытпайық, ағайын! Тәуелсіздіктің қадірін түсінейік.