• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
21 Қазан, 2011

Жерұйық – Жетісу!

778 рет
көрсетілді

26-27 қазанда Астанада Алматы облысының күндері өтеді

Бастағы бақты  бағалаудан ұтарымыз көп

– Аңсар Тұрсынханұлы, Ал­­маты облысы аграрлық салаға мейлінше арқа сүйей­тін өңір. Демек, әңгіменің әуел­гі желісін осыдан бастасаңыз. – Иә, бізге Тәңірдің өзі Жетісу өлкесін зор ықыласпен сый­ға тартқан деп білеміз. Өйт­кені, тау десе тауы, бау десе бауы бар, шөлі де, көлі де жеткілікті. Сулы, нулы Алакөл мен Бал­қаш­тың атырабында гео­гра­фия­лық жер бедерінің барлық си­патты әсем көрінісін кездестіреміз. Киелі атамекеніміз ауыл шаруашылығын өріс­те­туге әб­ден қолайлы. Тамыл­жы­ған та­би­ғаты береке бас­тауы. Сон­дық­тан да биылғы жыл­дың қаңтар-қыркүйек ай­ларын­да ауыл ша­руа­шылығы өнімінің жалпы кө­лемі 202 млрд. теңгені құрады. Жалпы егін шаруашылығы са­ласын қол­дауға мемлекеттен 2,7 млрд. теңге қаражат жұ­мыл­дырылды. Қысқа әзірлік те ерте бас­талды. Биыл 1 млн. 550 мың тонна шөп, 77 мың тонна пішендеме жинау жоспарланса, қазір нақты 2 млн. 16 мың тонна шөп және 77,0 мың тонна пішендеме мал қыстауларына тасымалданды. Азық-түлік молшылығын жасау басты шарт десек, жеміс-жидек өсірумен 800-ден астам шаруашылық құрылым­дары айналысады. Көпжыл­дық екпе ағаштарының көле­мін арттырып, интенсивті үлгі­дегі бақ отырғызу үшін мемлекет тарапынан 225,0 млн. тең­ге қолдау көрсетілді. Соның нәтижесінде шаруа қожа­лық­тары 317 бақ пен 7 гектар жү­зім­дік отырғызса, бүгінде 35 гектарлық 459 жылыжай жұ­мыс істеп тұр. Осы мақсаттағы жұмыстарға жыл басынан бері 1622,1 млн. теңгеге 462 дана ауыл шаруашылығы техника­лары алынды. Өткен мерзімде сүт өндіру 537 мың тоннаны құрады, 197,2 мың тонна ет өндірілді. Қазір облыс көлемінде 1003,0 мың бас мүйізді ірі қара, 3734,6 мың бас қой мен ешкі, 272,3 мың бас жылқы, 6,5 мың бас түйе және 10201,6 мың бас құс өсірілуде. «Мүйізді ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы шеңберінде оған қаты­су­шы шаруашылықтарға 878 асыл тұқымды, етті бағыттағы бұқалар сатылды. Жаңадан 7308 бас ірі қара өсіретін 83 фермерлік шаруашылық құ­рыл­­ды. Мал шаруашылығын дамытуға бағытталған мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы жүзеге асырыла бастады. Се­лекциялық-асылдандыру жұ­мы­сының көрсеткіштері жақ­сар­ды. Әр аналық бастан орташа 5000 килограмнан артық сүт сауатын Еңбекшіқазақ ау­данының «Адал» Агроө­нер­кә­сіп­тік кешені» АҚ, Алакөл ау­данының «Тау Самалы ЛТД» және Талғар ауданының «Байсерке Агро» ЖШС-нің тауар­лы-сүт фермаларына жаңғырту жүргізілді. Балқаш ауданын­дағы қуаттылығы 5 мың басқа арналған бордақылау алаңы­ның құрылысы аяқталуда. Малдәрігерлік алдын-алу ша­ралары да мерзіміне сай жүргізілуде. Облыста 144 мал сою нысандары жұмыс жа­сай­ды. Жыл басынан бері 19 қай­та өңдеу кәсіпорындары іске қосылып, 2 өндіріске кеңейту жүргізілді. Жалпы ауыл ша­руашылығы өнімдерін қайта өңдеумен 935 кәсіпорын айна­лы­сады. Өңірлік индустрия­лан­дыру картасы аясында Қап­шағай қаласындағы сыйымды­лы­ғы 13 мың тонна көкөніс сақтау қоймасы тәуелсіздік мерейіне орай іске қосылатын нысандар қатарында. – Әрине, Жетісу елінің тұр­мыс-тынысы ауыл ша­руа­­шылығымен шектелмейтіні анық. Соңғы жыл­дары Ел­басы Жолдауына сай үдемелі қарқынмен ал­ға басқан өнер­кә­сі­п­­тің, индус­трия­лық-инно­ва­ция­лық даму бағ­дар­­ла­ма­сының жүзеге асыры­луы­ның жайы қалай? – Бұл саладағы жалпы көрсет­кіш­тердің қалыптасуына өңдеу өнеркәсібі елеулі ықпал етіп, оның үлес салмағы 81,6 пайызды құ­рады. 2010-2014 жылдарға ба­ғыт­­талған үдемелі индустрия­лық-инновациялық дамудың мем­ле­кет­тік бағдарламасы аясында 4746,7 млрд. теңгені құрайтын 33 инвестициялық жобалар іске асы­рылуда. Индустрияландыру кар­та­сы шеңберінде облыс әкімдігі тарапынан жалпы 73,9 млрд.тең­гелік 27 инвестициялық жобалар бекітілгені белгілі. Биылғы жылдың бірінші жар­ты­­сында 5 жоба жүзеге асты. Олар­­дың қатарында Іле ауда­нында қуат­тылығы 10 мың тонналық тікбұ­рышты құбырлар шығаратын «Ком­пания SONIK» зауыт құры­лы­сының жобасы Мемлекет бас­шы­сының қатысуымен 4 шілдеде өткізілген телекөпір аясында тұ­сауы кесіліп, іске қосылды. Және осы ауданда қуаттылығы бойынша 400 тонна премикс жем қоспасы мен концентраттар шығаратын «Кор­мовик-Евротехнология» ЖШС жобасы, «ЮрИнвестСтрой» ЖШС-нің асфальт шыға­ратын зауы­ты, Талғар ауданында 1200 тонна сүт өнімдерін шыға­ра­тын «Бай­серке Агро» ЖШС-і зауы­тының құрылыс жобасы мен «Хундай Авто Транс» ЖШС-нің «Hyundai» жүк көліктері мен авто­бустарын ірі тораптық жинау жо­ба­сының бірінші кезектегі құры­лы­сы да іске қосылды. Ал, екінші жарты жылдықта индустрия­лан­ды­ру картасымен 3 жоба, атап айт­қанда Текелідегі «Green House-Зеленый дом» ЖШС-нің 3,65 гектар жерді алатын жылыжайы, Қайнар АКБ серіктестігінің бұ­рын-соңды Қазақстанда өндіріл­ме­ген қорғасынды-қышқылды аккумуляторлар батареяларын шығару өнді­ріс орындары мен қосымша тағы 2 жобаны индустрияландыру карта­сы­на енгізу ұсынылып, жү­зе­ге асыру көзделуде. – Әр жылдың өзіндік ерекшелігі бар ғой. Ағымдағы жыл­ғы ерекше оқиғалар санатына қайсысын жатқызуға болады? – Иә, ерекше демекші, облыс ау­­мағында республикалық индус­т­рия­­ландыру картасы аясында ми­нистрліктердің және мемлекеттік холдингтердің жауапкершілігіне бекітілген жалпы сомасы 7674,3 млрд. теңгені құрайтын жеті жоба іске асырылуда. Соның ішінде қуаты 300 мегаватт «Мойнақ» су электр стансасының орны бөлек. Мұны шын мәніндегі ел тәуел­сіз­дігінің зор жетістігі деген жөн. Ол Швейцария мен Қытайдан кейін жер астын ұңғылау әдісімен са­лын­ған үшінші станса. Осы ны­сан­ды іске қосу арқылы елі­міз­дің оңтүстік өңірі жарық көзі­мен жеткілікті қамтамасыз етіледі. Электр қуатының жылдық орташа шы­ға­рылымы 1 млрд. квт.сағат. Бүгінде Шарын өзенінің ағы­ны­мен Бестөбе су қоймасы тол­ты­рылып жатыр. Бұйырса, 11 жел­тоқсанда бірінші кезеңі, ал 28 жел­­тоқсанда екінші кезеңі іске қосыла­ды деп жоспарланған. Осы тұста және бір қуанар­лық оқиға қатарына Балқаш жылу электр стансасының құры­лысын корейлік инвесторлармен бірлесе салу мәселесінің оң шешім тапқанын да айтқан жөн. Баршаға белгілі, Елбасы жуырда Корей Республикасының делега­ция­сын қабылдағанда осы мәсе­ле­нің күрмеуі шешілгені зор жетістіктер қатарында екенін риза­шы­лықпен айтамыз. – Жұрт игілігі үшін жарқын жобалардың жүзеге асқаны зор мерей. Ал енді облыс халқы­ның қазанын күнделікті қай­на­туға қарымды үлесі бар шағын және орта кәсіпкерліктің жағ­дайына тоқтала кетсеңіз, ар­тық болмас. – Бұл салада 267 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтитын 92,8 мың субъекті бар екенін және олар­дың шығарған өнімі мен көр­сеткен қызметінің көлемі 348,1 млрд. теңгені құрағанын айтуға бо­ла­ды. «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында кә­сіп­керлікке қолдау көрсету ла­йық­ты жалғасын табуда. Биыл бағ­дарлама бойынша 908,2 млн.теңгеге мемлекеттік қолдау көр­се­тілді. Пайыздық мөлшерлемеге субсидия беру үшін 25 жоба, банк несиелерін жартылай кепілдендіруде бір және индустриалды инфрақұрылымды дамытуда 4 жоба мақұлданды. – Халықтың бақуатты тұр­мы­сының тірегі – тұрғын үй, содан соң әртүрлі коммуникациялар екенін ескерсек, осы жә­не әл-ауқаттың артуы бағы­тын­да атқарылған жұмыс­тар­дың барысы туралы да оқыр­мандарымызды хабардар етіп өтсеңіз. – Иә, биыл облыс бойынша өткен мерзімде мемлекеттік тұр­ғын үй бағдарламасымен 519,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, құрылыс жұ­мыстарының көлемі 108,5 млрд. теңгені құрады. «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасы аясында 49 су жүйесі нысандарының құрылысы және қайта құрылымдау жұмыс­тары жос­парланып, оған 6,1 млрд. теңге жұмсалды. Электр­мен жаб­дық­тау, елді мекендерді газдан­дыру, жол салу мен жөндеу жұ­мыс­тары да ойдағыдай жүзеге асты. Айталық, биыл барлығы 198,8 шақырым және 495 мың шаршы метр автомобиль жол­дары жөнделіп, жергілікті маңы­зы бар Сарыөзек – Қорғас – Қо­ға­лы – Көксу – Қарабұлақ авто­жол­дары, Алматы-1 – Шамалған – Ұзынағаш, Алматы – Өскемен, Есік – Қырбалтабай – Жетіген, та­ғы басқа жол телімдеріне күр­де­лі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Экономиканың оң қарқынмен дамуы әлеуметтік дамуға да өз ықпалын тигізді. Жан басына шақ­қандағы орташа номиналдық табыс 6,4 пайызға артып, орташа айлық ақы 65 мың теңгеден асты. – Шәкірттерге бәсекеге қабі­летті білім беру аса маңызды. Облыс бюджетінің қомақты мөл­шері білім беру саласына жұмсалатыны сондықтан. Осы­ның қайтарымы, саланың алға басуы қаншалықты деңгейде? – Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жыл­дарға арналған мемлекеттік бағ­дарламасын іске асыру­дың та­быс­­тылығы ең алдымен Елбасы­ның осы саланы жаң­ғыр­ту мақ­са­тын­да қойған міндеттері мен тап­сырмаларын атқаруға ба­ғытталған. Оған жұмсалатын бюд­жет қазір 73 миллиардтан астам теңгені құрап, өткен жылғы­дан 23,6 пайызға артты. – Халқымыз «әуелгі байлық» деп есептейтін денсаулық сақтау саласының маңыздылығы тіпті ерекше. Ол туралы не дер едіңіз? – Бұл салаға 2011 жылы 41,3 млрд. теңге бөлінді. Дәрігерлер мен орта буын медицина маман­дары­ның қатары жыл сайын өсіп келе жатқанына қарамастан, еңбек етіп жүрген дәрігерлердің 35-40 пайызы зейнеткерлер мен зейнет жасына жа­қын­дағандар. Сондық­тан кадр мә­селесін шешу толғақ­ты пробле­ма­ның біріне ай­налып отыр. Десек те,­ жаңадан са­лынып жатқан емдеу мекеме­лерінің са­ны арта түскенін, дәрі-дәрмек­тер­мен қамтамасыз ету­дің жақсар­ға­нын, сапалы медици­на­­лық көмек көрсету үшін әлемдік стандарт­тар­ға сай жаңа құрал-жаб­дық­тар­дың барынша келе бас­таға­нын ауыз толтырып айтуға болады. Қазір облыста 16 теле-мобильдік медицина орталығы, екі санитарлық авиация бөлімшесі, Талдықорған қаласындағы об­лыс­тық ауруханада амбулатор­лық-мобильдік кешен, науқас­тар­дың әртүрлі ауруларын тексеру үшін қазіргі заманғы компьютерлік 3 томограф, 8 маммограф, жа­ңа туған нәрестелер үшін 30 СИПАП аппараты, 73 кювез және өкпені жасанды жолмен демал­ды­ратын 30 аппарат жұмыс істейді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» бағдар­ла­масын іске асыру үшін облыс өзінің стратегиялық бағдарла­ма­сын қабылдаған. Оның негізгі міндеттері қатарында адамның орташа өмір сүруін 70 жасқа жеткізу, туберкулез ауруының көр­сет­кішін мейлінше азайту, тұр­ғын­дарды тегін дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз ету деңгейін көтеру, сала­матты өмір салтын қалып­тас­тыру және басқа да аса маңыз­ды мақ­сат­тар басшылыққа алынған. – Облыс спортшыларының өрелі табыстарынан республика жұртшылығы жақсы хабардар. Енді осы жетістіктер мен мәдениет саласындағы мәнерлі мәселелер туралы айтсаңыз. – Ол рас. Біздің зілтемір көте­ре­тін спортшыларымыз ел намы­сын қорғауда әрдайым жеңіс туын желбіретіп жүр. Ерлер мен әйелдер командасындағы чем­пион­дарымыздың есімін қазір әлем таныды. «Жетісу» футбол ко­мандасының биылғы аяқ алыс­ы­нан да зор үміт күтеміз. Жуырда Талдықорған қала­сын­дағы Қаратал шағын ауда­нын­да тағы бір жаңа нысан – теннис корты ашылды. Бұл жас­тардың жарыс өткізуіне, шыңда­лып, шынығуы­на жақсы мүм­кін­дік туды деген сөз. Алакөл ау­да­нында спорт ба­за­сының, Іле және Талғар аудан­дарында стадион­дар­дың құрылы­сы жүргізілуде. Мәдениетке де зор көңіл бө­лініп отыр. Райымбек ауданында Саты, Кербұлақта Басши, Көксу­да Ақтекше және Балқаш ауда­ны­ның Ақкөл ауылында 4 мәдениет үйі ашылды. Мәдениет мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 946,5 млн.теңге, мате­риал­дық-техникалық базасын нығай­ту­ға 168,5 млн.теңге бөлінді. Қосымша 21 кітапхана ашылып, кітап қорын толықтыру үшін 14,4 млн. теңге бағытталды. Сонымен қатар, ақиық ақын Мұқағалидың 80 жылдық мерей­тойы да салтанатты түрде аталып өтілді. Оған 50 мыңнан астам адам­ның қатысқаны оның қандай дәрежеде ұйымдастырылғанын көрсетсе керек. Бұған қосымша аудандар мен қалалардың мәдени күндерінің жылдағы дәстүрге сай табысты өткізілуі облыс мәде­ниетінің шырайын кіргізіп отыр­ғанын айтқан дұрыс. – Аңсар Тұрсынханұлы, биыл­ғы жылы тәуелсіздіктің 20 жылдық мерейі аталып, өтілгелі отыр. Бұл жайлы өз толғанысыңыз бен сөз соңында оқырмандарға жеткізсем деген жеке ойыңыз бар шығар. – Тәуелсіздік туралы биыл көп айтылды. Одан асырып, жа­ңа­лық ашам деу әбестік шығар. Алайда, сұрақ қойылған соң жеке пікір айналасында толғансақ, Тә­ңірдің сыйымен тоқсан бірінші жылы ешбір кикілжіңсіз келе салғандай болған тәуелсіздіктің шынайы мәнін біздің адамдар енді-енді сезіне бастағандай көріне­ді маған. Бастағы бақты бағалай білгеннен ұтарымыз көп және оның өзі бір өнер болса керек. Сондықтан да, қандас­тары­мыз­дың кейбір бейқамдығы мен жайбасарлығына, ысырапшыл­ды­ғына қарап, кейде «Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөз рас па деп қалам. Айылымызды тарта түсетін жерлеріміздің көп екені көрініп жататыны сондық­тан. Әрдайым ағайын осыны естен шығармаса, қашанда «ақы­рын жүріп, анық басқан» дұрыс қой. Данышпан Абай солай деген. Біздің одан асырып айта алмасымыз және хақ. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген даналық бекер ай­тыл­маған. Қазір ұрпақ тәрбиесіне қай кездегіден де ерекше мән берген дұрыс. Өсемін деген ел осыны өсиет етеді. Былайша тар­қат­сақ, от­басы мен бала бақша­лар­дан бас­тап, мектепте, одан кейін жо­ғары оқу орындарында осы мәсе­ле мемлекеттік деңгейде қолға алы­нып жатыр. Біз соған үн­де­сетін өзіндік іс-әрекет­тері­міз­дің ауқымын ке­ңейтіп, бағдар­лай түспесек бол­май­ды. Аға ұрпақтың батыр­лы­ғын, өршіл, өміршең рухын, отан­сүйгіштік өнегелерін ешқашан ұмыт­пауы­мыз керек. Соған ұм­тылып, содан өзімізге лайық үлгі алсақ, келешекте талай табыс­тар­ға жетеріміз анық.  – Әңгімеңізге рахмет.   Дерек пен дәйек • Өнеркәсіп. 2011 жылдың қаң­тар-қыркүйек айларында облыста өнеркәсіп өндірісінің көлемі 308,3 млрд. теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібінде  253,7 млрд. теңгеге өнім шығарылды. Азық-түлік өндірісінің үлесі 62,4 млрд. теңге болды. • Индустрияландыру картасы аясын­да ағымдағы жылдың екінші жарты­сында ірі 5 жоба іске қосылады. Соның ішінде Текелі қаласындағы «Green House – Жасыл үй» ЖШС-нің, Талдықорған қаласындағы «Қайнар-АКБ» ЖШС-нің, Талғар ауданын­дағы «Байсерке Агро» ЖШС-нің, Қапша­ғай қаласындағы «Агрофирма «НұрАгро» көкөніс сақтау қой­масының, Жамбыл ауданындағы «Же­ңіс-2006» Компаниясы» ЖШС-нің «Ба­лық өңдеу бойынша зауыт құрылысы» жобалары бар. • Ауыл шаруашылығы. Биыл барлы­ғы 1 млн. 169 мың тонна астық жина­лады деп күтілуде. Оның ішінде қамба­лар­ға 410,3 мың тонна бидай, 359,2 мың тонна арпа, 335,5 мың тонна дәндік жүгері, 56,5 мың тонна күріш құйылмақ. • Жыл басынан бері 1622 млн. теңгеге 462 дана ауыл шаруашылығы техника­лары алынды. Қаңтар-қыркүйек айларын­да 537,0 мың тонна сүт, 683,9 млн. дана жұмыртқа, 197,2 мың тонна ет өндірілді. • Мүйізді ірі қара саны 1003,0 мың басты құрады, қой мен ешкі – 3734,6 мың,  жылқы – 272,3 мың, түйе 6,5 мың және құстар 10201,6 мың басқа жетті. • Шағын кәсіпкерлік.  Шағын және орта кәсіпкерлік саласында 92,3 мың белсенді субъект жұмыс істейді. Онда 266,7 мың адам қамтылған. Бұл облыстағы экономикалық белсенді тұрғындардың 29,3 пайызы. Олардың шығарған өнімдері мен көрсеткен қызметінің көлемі 430,8 млрд.теңгені құрайды. • Инвестиция саласы. Облыс эконо­микасына 249,1 млрд. теңге инвестиция тартылды, бұл 2010 жылдың қаңтар-қыр­күйек айларымен салыстырғанда, 104,5 пайызды құрады.Инвестицияның негізгі көлемі – кәсіпорындар мен ұйым­дардың өз қаражаттары есебінен – 149649,6  млн. теңге  немесе  60,2 пайыз,  жер­гілікті бюджеттен – 17141,9  млн. теңге  немесе 6,9 пайыз, республикалық бюджеттен – 25255,3 млн. теңге немесе  10,1  пайыз,  шетел инвестициялары – 24860,1 млн. теңге  немесе  9,9  пайыз  және басқа да несие  қаражаттары – 32224,8  млн. теңге  немесе 12,9 пайыз. • Тұрғын үй құрылысы. Биыл 578,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 125,4 млрд.теңге немесе өткен жылмен салыстырғанда 121,5 пайызды құрады. • Сыртқы сауда. Облыстың сыртқы тауар айналымы 810,0 млн. Оның ішінде экспорт – 135,6, импорт – 674,5 млн. АҚШ долларын құрады. Экспорттың басым бөлігі Ресей, Қырғызстан, Өзбек­стан, Қытай және Германияға тиесілі. Негізінен ұн, балық, аккумуляторлар, темекі және қара металл қалдықтары экспортталады. • Салық-бюджет саласы. 2011 жыл­дың 1 қазанына  мемлекеттік бюджетке түскен түсімдер 110,4  млрд. теңгені құрап, болжам 113,6 пайызға орын­дал­ды.  Республикалық бюджетке – 59,9 млрд. теңге түсіп, болжам 111,3 пайыз­ға орындалды, жергілікті бюджетке 50,5 млрд. теңге түсті (116,5 пайыз). 2011 жылға облыс бюджеті 215,4 млрд.теңгені құрап отыр, оның ішінде: республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер - 48,7 млрд.теңге, субвенция – 94,1 млрд.теңге, республикалық бюджет несиелері – 2,1 млрд.теңге. • Халықты әлеуметтік қорғау. 2011 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында облыс бойынша 14401 жаңа жұмыс орындары құрылды. Жұмыспен қамту органдары арқылы 16394 адам жұмысқа орналастырылды. Ақылы қоғамдық жұмыстарға - 8127 адам, кәсіби даяр­лауға – 3127 адам жіберілді. Әр түрлі әлеуметтік көмекті 119,8 мыңнан астам адам 1316,1 млн. теңге көлемінде алды. • Жұмыспен қамту. «Жұ­мыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 1 млрд. 167 млн. теңге қарастырылған. 4512 адам білім алады, оның ішінде 3343 адам кәсіби даярлықтан, 910 адам қайта даярлықтан өтіп, 259 адам біліктілігін арттыруда. 356 адам еңбекақысыз субсидияланған жұ­мыс орындарына орналас­ты­рылды. • Халықтың табысы. Жан басына шаққандағы номинал­дық табыс 17,5 пайызға артып, орташа айлықақы 12,1 пайызға өсті немесе 65688 теңгеге жетті. • Демография. 2011 жылғы тамыздың 1-дегі мәлімет бойынша, облыста халық саны – 1 миллион 887,7 мың адам. Оның ішінде қала халқы – 439,9 мың, ауыл халқы – 1447,8 мың адам. 1000 адамға шаққанда халық санының табиғи өсімі 2005 жылғы 7,7-ден 2011 жылы 11,4-ке дейін көбейді. Жер аумағы 223,9 мың шаршы километр. • Денсаулық сақтау. Елбасы­ның «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы бойынша Еңбекші­қазақ аудандық орталық ауруха­насы, Алакөл ауданының Достық кентінде ауылдық аурухана салы­нып, пайдалануға берілді. • Сондай-ақ, биыл Талғар аудандық орталық ауруханасы мен Іле ауданының Өтеген батыр кентінде Алматы аймақ­тық балалар ауруханасы іске қосылмақ. • Денсаулық сақтау саласына 2011 жылы 41,3 млрд. теңге бөлін­ді. Қазір облыста 16 теле-мобильдік медицина орталығы, екі сани­тарлық авиация бөлім­шесі, Талды­қорған қаласындағы об­лыстық ауруханада амбула­тор­лық-мобильдік кешен жұмыс істейді. • Білім беру. Саланың бюджеті 73 миллиардтан астам тең­гені құрап, өткен жылғыдан 23,7 пайызға артты. Жергілікті бюджет есебінен 5 млрд. теңге бө­лі­ніп, 2811 орындық 15 орта мек­теп салу, 2 білім беру нысанын қайта жаңғырту жұмыс­тары жүргізілді. 15173 оқушы тест тап­сырып, ҰБТ қорытындылары бойынша  облыстың орташа көрсеткіші 82,1 балл болды. Бұл орайда, Қарасай, Жамбыл, Панфилов аудандары мен Қапшағай және Талдықорған қаласының түлектері табыс­ты нәтижелер көрсетті. «Алтын белгіден» үміткер 526 түлектің 332-сі өз білімдерін дәлелдеді. • Бүгінде облыс халқының үштен бір бөлігін жастар құрайды. Олардың қа­тарын­да 540 048 жас бар. Биыл жастар саясатын жүргізуге жергілікті бюджеттен 61 млн. теңге, әлеуметтік жобаларға 15 млн. теңге қарастырылған. Қоғамдық көлікте тегін жүру мәселесі өңірде 2007 жылдан бері шешімін тапса, биыл бұл мақсатқа 140 млн. 636 мың теңге бөлініп, тиімді жұмсалуда. • Жастардың білім алу мәсе­лесіне де басты назар аудары­лып, жағдайы төмен отбасынан шыққан және жетім 354 бала жоғары оқу орындарында облыс әкімінің грантымен білім алса, оған 80,6 млн. теңге қаржы бөлінген. • «Дипломмен ауылға» бағдар­ла­масымен жұмыс істеуге келген 275 жас маманға 29 млн. тең­геден астам көтерме ақы мен басқа да коммуналдық жеңіл­діктер берілді. • Облыста 37088 баланы тәр­­биелейтін 159 балабақша және мектеп жанындағы 445 шағын орталықтар жұмыс істейді. • Мәдениет. Райымбек ауда­нында Саты, Кербұлақта Басши, Көксуда Ақ­текше және Бал­қаш ауданының Ақ­көл ауы­лын­да 4 мәдениет үйі ашылды. Мә­дениет мекемелерін күрделі жөндеуден өткізу үшін 946,5 млн.теңге, ма­териалдық тех­ни­ка­лық база­сын нығай­туға 168,5 млн. теңге бөлінді. Қо­сым­ша 21 кітапхана ашылып, кітап қорын то­лықтыру үшін 14,4 млн.  теңге бағыт­талды. • Спорт. Талдықорған қала­сын­дағы Қаратал шағын ау­данында теннис корты ашыл­ды. Алакөл ауданында спорт базасының, Іле және Талғар аудандарында стадиондардың құрылысы жүргізілуде. Жалпы, 2011 жылы спорттың бюджеті 40 пайызға өсіп, 5 млрд. теңгені құрады. • Экологиялық реттеу және бақылау. Табиғатты қорғау бағдарламасы бойынша 2011 жылы 655,9 млн. теңге бөлінді.   Атамекен Бабалардың бабасы, Қарт әжемнің анасы, Елдің небір данасы, Ғұмыр кешкен Жетісу!   Батырлардың Отаны, Ақындардың Отаны! Ырыс толған ошағы – Жер жаннаты – Жетісу!   Ұрпағының ырысы, Ел-жұртының тынысы, Бесік болған Жетісу! Өз ұлты мен ұлысқа – Несіп болған Жетісу!   Жеті өзені желкілдеп, Мөлдіреген Жетісу! Алғаш теңдік байрағы, Желбіреген Жетісу! Жерұйығым – Жетісу: Сүйінбай мен Жамбылдай, Ақын Сара, Ілияс, Мұқағали секілді Ақындардың мекені!   Ер Қарасай, Қабанбай, Шапырашты Наурызбай, Райымбек секілді Батырлардың мекені! Жер жаннаты – Жетісу! Батырлардың Отаны, Ақындардың Отаны. Ырыс қонған ошағы, Киелі жер – Жетісу. Жолаушы ма, қосшы ма, Кең құшағын тосады. Жер жаннаты – Жетісу! Айтақын ӘБДІҚАЛ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.   Елім деп елжіреп, жұртым деп жадыраған талдықорғандықтардың ырыс, ынтымағы әрдайым  шалқи  түскен Жоңғар Алатауының бау­райын­да теңіз деңгейінен 630-650 метр биіктікте орналасқан Талдықорған 1869 жылы «Тал-Қорған» атты қыстаудың орнын­да бой көтеріпті. Кезінде Гавриловка делінген осынау құтты мекен 1920 жылдың басында Тал­ды­қорған аталып, 1944-1997 жылдар аралығында және 2001 жылдан бастап облыс орталығы мәртебесіне лайық гүлдене түсті десек те болады. Шаһардың республика көлеміндегі геосаяси рөлі өте зор. Ол – Жетісу өңірінің жүрегі, киелі тал бесігі. Әуе, темір жол, республикалық және облыстық маңызы бар автокөлік жолдарының жан-жақты желілері арқылы Алматы, Өскемен қала­лары­мен қоса, Ресейге, Қытайға және Орта Азия мемлекеттеріне шығуға болады. Еркін айналма жолынан Тал­ды­қорған – Үштөбе айналма жолына дейін жалғасатын Тәуел­сіздік көшесінің ұзындығы 6 ша­қы­рым. Осы көше бойындағы «Үш ата» және даңқты Қаракерей Қабанбай батыр мен ақын Ғали Ормановтың ескерткіштері де бү­кіл қала келбетіне сән беріп тұр. Біріккен Ұлттар Ұйымының 2010 жылды «Халықаралық биоло­гия­лық түрлендіру жылы» деп атауы­на байланысты қала аума­ғын қар­қынды түрде абаттандыру қолға алынды. Көшеде өзіндік архитек­туралық ерекшелігімен айшық­та­латын үш шағын гүлбақ­ша ашы­лып, ұлттық нақышпен безендірілді. Гүл дестелерімен өрнектел­ген ол қазір тұрғын­дар­дың сүйік­ті демалыс орнына айналған. Тәуелсіздік көшесінің аума­ғындағы 8 гектарды құрайтын орталық алаңда мерекелік шаралар өткізіледі. Оған күн сайын мыңдаған қала тұрғындары мен қонақтары келіп жатады. Көше бойына орналасқан Ө.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясында, заң кол­лед­жінде, сондай-ақ № 4, № 5 орта мектептерде барлығы 2 мыңға жуық студенттер мен оқушылар білім алуда. Қаланың әсем безендірілген көрнекілігі де өзінше көз тарта­ды. Мысалы, «Қазақстан – 2030», «Жол картасы – 2020» және өзге де мемлекеттік бағдар­ламаларға, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейіне арналған, саламатты өмір салтына, білімнің маңыздылығын бағалауға, ұлтаралық татулықты қастерлеуге үндейтін, өзге де әлеу­меттік тақырыптарды ай­шық­таған билбордтар мен  аспа­лы қон­дырғылар да осы көшенің сәні. Қазір Тәуелсіздік көшесі то­лық күрделі жөндеуден өткізіліп, жаңадан асфальт төселді. Орта­лық алаңның күрделі жөн­деу жұмыс­тары да аяқталуға шақ. Көше тұр­ғыны, көп балалы ана, еңбек ардагері Шәкен Нұрға­лиева­ның әңгі­месі де назар ау­дарарлық. – Мен өмірлік серігім Сан­сызбай екеуміз 10 бала тәрбиелеп өсірдік. Қазір еңбек демалы­сын­дамын. Дегенмен, қарап отыр­ғаны­мыз жоқ. Өмір талабына сай отбасымызбен бизнеске арала­сып, жеке дүкен, шаштараз аш­тық. Арасында 13 немере, 4 шөбереміздің қызығына бөленіп, қарттық шақтың зейнетін көріп жүріп жатқан жайымыз бар. Өткен жыл мен үшін ерекше қуа­нышты болды. Елбасының Жар­лығымен «Алтын алқа» тағын­дым. Отау көтергеніміздің 50 жылдығына орай алтын тойымыз өтті. Биылғы жылдың басы да жақсылықпен басталып, шаңы­раққа келін түсірдік. Осындай бейбіт өмір сыйлаған Елбасына деген алғысымыз шексіз, әрине. Иә, қазақ елі еркіндікке Тұң­ғыш Президентіміз Нұрсұл­тан Әбішұлы Назарбаевтың бас­шы­лығымен қол жеткізді. Тәуелсіз­діктің туын бейбіт жолмен желбіреттік. Елбасы халықты қиын-қыстау кезеңнен қайсарлықпен алып шығып, іргесін нығайту жо­лында аянбай еңбек етіп келеді. Сол сара саясат ар­қа­сында өз қо­лы­мыз өз аузым­ыз­ға жетті. Өз тілімізде сөйлеп, өз дінімізді дәріптеп отырмыз. Осының бәрі­не мың да бір шүкірлік етеміз. Шаһар көркі жаңа түрге енді. Бірліктен асқан бақыт пен байлық қане, дейді. Сонымен бір­ге көше тұрғыны Бейбіт Дәулетов те пікір қосты. – Облыс орталығы Талды­қорған қаласы да күннен күнге гүлденіп, өркендеудің жаңа белестеріне құлаш сермеді. Жүз жылдан жаңа асқан тарихы бар жас қала. Жас та болса, Жеті­судағы бас қала деп білеміз. Бас-аяғы бірер жылдың өзінде Қараталдың бойында көптеген жаңа үйлер бой көтерді. Сөй­тіп, қаланың сәулетті де сәнді ауданының бірі пайда болды. Осы жұмыстар ары қарай жал­ғаса берсе екен, еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен дей­міз. Тәуелсіздік көше­сі­нің тұр­ғыны ретінде ай­тарым, ел тәуелсіздігі баянды болсын, – деді ол. Міне, ырысты, ынтымақты халық  мекен еткен тал бесіктей Талдықорған қаласының тәуел­сіздік мерейі алдындағы көңіл- күйі осындай. Ел Аста­насынан 1500 шақырым шал­ғай­дағы құтты өңірдегі Тәуел­сіздік кө­ше­сінің тұрғындары елім деп елжіреп, жұртым деп жады­ра­ған, жүрегі нұрлы жандар екенін әрбір ақ ниетті іс-әрекеті­мен дәлелдеп келеді. Суретте: Тәуелсіздік кө­ше­сінің тұрғыны, «Ал­тын алқа» иегері Шәкен Нұр­ғалиеваның шаңы­ра­ғында.   Өрісіміз малға толды Жолсейіт МОЛДАСАНОВ, Еңбек Ері. Әр ұлттың өзіне тән ата кәсібі болады. Біз бол­сақ, ғасырлар бойы мал шаруашылығымен шұғылданған халықпыз. Кешегі кеңестік кезең Қазақстанның атағы мыңғырған қойымен, та­бын-табын сиырымен, үйірлі жылқысымен дүр­кіреп тұрды. Сол тұста бағымындағы биелердің әр жү­зі­­нен жүз құлыннан алған Сусынбай Қал­мақ­баев, Жұмахан Қорғанбаев, Мұқа Жарқын­баев, Жақ­­сы­лық Байбарақов, Құрманәлі Төле­баев сияқ­ты жыл­қышылар, бағымындағы саулықтың әр жүзінен 160-тан қозы алған Ыдырыс Әбдіғұлов, 128-ден қозы алған Сейдахмет Қорғасбаев сияқты шопандар Еңбек Ері атанды. Сол қатарда мен де әр жүз саулықтан 175-тен қозы алып, еңбегіммен атақ-даңққа ие болдым. Шаруашылықтардың таратылып, жекешеленіп кетуіне бай­ланысты бір мезгіл өрісіміздің бос қалғаны да жасырын емес. Десе де, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқа­сында құлазып қалған жайылымдарға жан бітіп, өрісіміз қайтадан малға толды. Ел еңсесі көтеріліп, шат-шадыман күн көретін дәрежеге жеттік. Шет елдерден асыл тұқымды мал әкелініп, табысымыз еселене түсті. Биылдан бастап Президенттің бастамасымен қолға алынған «Сыбаға» бағдарламасының аясында облыс әкімінің басшылығымен және қатысуымен «Шопандар тойы» әр ауданда дүркіреп өтті. Бұл бізді жаңа табыстарға жетелеуде. Әлбетте, бүгінгі дәуір – ғылым мен техниканың заманы. Осыған орай, Елбасының жыл сайынғы халыққа Жолдауында малды асыл­дандыру мәселесі жиі айтылып, бұл бағытта жүйелі жұмыстар атқарыла бастады. Ендеше, алдағы уақытта осы бағытты мықтап қолға алсақ, экономикамыз қарыштай түсіп, тұрғындар берекелі тірлікке көшсе, бірлік пен ынтымағымыз нығая түседі.   Бақыттың бағасы Бәтима САҚАУОВА, Алматы облысының құрметті азаматы. Құдайдың бергеніне мың шүкір. Қазақ елі өз алдына шаңырақ құрып, ықылым замандардан бері іргесін бекіткен мемлекеттермен иық теңестірді. Осыдан ширек ғасыр  бұрын ата-бабаларымыз аңсап өткен азаттықтың таңы атып, абыройымыз аспандайды десе, бәлкім, сенер ме едік, сенбес пе едік... Қазақ халқының санғасырлық тарихы тіршілік үшін күреске толы болды десек, біздің аға буын өкілдеріне де оңай бол­ма­ғаны белгілі. Ер-азамат қан майданға аттанып, елдегі бар қаракет ең­кей­ген қарт,  еңбектеген бала мен әйелдердің иығына түскен кез еді. Одан кейін күйреген экономиканы қалпына келтіру үшін уақытпен санаспай еңбек еттік. Сол қиындықтар мен сияқты қазақтың қаршадай қыз­дарын от пен суға кезек сала жүріп шыңдап, ерте  бастан ел тізгінін ұстатты. Күндіз-түні уақытпен санаспай еңбек ете жүріп, зейнет жасына қалай  жеткенімізді де аңғармаппыз. Сонда да жүрегіміздің   түк­пірінде елімнің азаттығы жайлы арман жатушы еді. Жаратушы бізге сол арманның орындалғанын көру бақытын жазыпты. Биыл Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейі тойланбақшы. Осындай қуаныш үстінде халқыма аналық ақ жүрегімнен шыққан ізгі тілектерімді жеткізсем деймін. Мемлекетіміздің іргесі шайқалмай, ұл-қыздарымыз шаттықтың бесігінде тербеле берсін.   Киелі ұғым Елеусіз СҰЛТАНҒАЗИЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты. Елбасы еліміздегі қазіргі заманғы технология мен экономиканы қарқынды дамытуды, орта және шағын кәсіпкерлікке жан-жақты қолдау көрсетуді алға қойып келеді. Әр ауылға таза су, сенімді бай­ланыс, қуатты электр жүйесі, жақсы жол бола­тынына, тұрақтылық пен ұлтаралық келісім қам­та­масыз етілетіндігіне, қабылданған заңдары­мыз­дың қатаң сақталуы­на, баршаның назарын аударған. Осыны еске алғанда Райымбек бабамыздың «Үлкендерге айтарым: Адалынан болсын ұрпағың, қыз-бозбалаң желкілдеп, желбіресін туларың, Жастарға айтарым: Әкең-анаң ардақтың, ардақтыңды аяла. Туған жерің – топырағың, топырағыңды тоздырма. Сұқ қолды создырма» деген өсиеті еске түседі. Міне, ата-бабамыз аңсаған егемендікке жеттік. Көк байрағымыз желбіреп, шекарамызды бекітіп, экономикасы өскен, өнген, білімді халқымыз бар екенін паш етіп, әлемге танылдық. Осы жеңіс Мемлекет басшысының қайраткерлігін, данышпан­ды­ғын, білімділігін, іскерлігін көрсетті. Жетісудағы өндірістің қай түрін алсақ та ілгерілеушілік, кәсіби білімділік, әлеуметтік өрлеу байқалады. Өзім облыс депутаты болып сайланған Еңбекшіқазақ ауданында ағымдағы жылдың өткен мерзімінде экономика қарқынды өсті. Ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім көлемі 20 млрд. теңгеге жетті. Инвестиция тартуда өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2 есеге өсіп, 35 млрд. теңгені құрады. Әрине, бұған көп әсерін тигізген «Жетіген - Қорғас» темір жолының құрылысы. Біз аға ұрпақ жастардың саналылығын, жастарымыздың кәсіпті, іскер болуын қалаймыз. Киелі өңір халқы еліміздің көр­кеюіне, болашағына үн қосамыз. Елдің бірлігі сөгілмесін. Отаны­мыздың келешегі үшін еселі еңбек етіп, өз үлесімізді қосамыз дегім келеді. Беттердегі материалдарды дайындаған «Егемен Қазақстанның» Алматы облысын­дағы меншікті тілшісі Күмісжан БАЙЖАН.