Осы жылдың басты жекпе-жегіне де санаулы күндер қалды. Алдымыздағы жексенбіде отандасымыз Геннадий Головкин көптен күткен қарсыласы мексикалық Сауль Альвареспен жұдырықтасады. Бұл кездесу жайлы әйгілі спортшылар да түрлі пікірлерін айтып, кімнің жеңіске жету ықтималдығы көбірек екеніне болжам жасады. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Майк Тайсон, америкалық боксшы, аса ауыр салмақтағы абсолютті әлем чемпионы:
«Головкин мен Альварестің айқасын асыға күтіп жүрмін. Бұл Мэйуезер-МакГрегор кездесуіне қарағанда әлдеқайда қызығырақ. Кімнің жеңіске жететінін дөп басып айту оңай емес. Бірақ басымдықты «Канелоға» берер едім. Ол қазір өз бабында», деді аты аңызға айналған боксшы Globo Esporte басылымына берген сұхбатында.«Канело» 27 жаста, Головкин 35-те. Оның үстіне Мексикалық боксшы жас та болса, отандасымызға қарағанда көбірек жекпе-жек өткізіп үлгерді. Майк Тайсон бәлкім осы жағын қаперінде ұстап, әрі Геннадийдің соңғы айқасына қарап осылай деген болар. Қызық мәлімет. Майк Тайсон ең алғашқы жеңілісіне дейін 37 жекпе-жек өткізіп, 33-ін нокаутпен жеңген екен. Отандасымыз Геннадий Головкин де осыған дейін 37 мәрте рингке көтеріліп, 33-інде қарсыласын есінен тандырған. Әрине, Генаға Тайсонның жолын қайталамауын тілейміз.
Карл Фроч, британ боксшысы, екінші орта салмақтағы әлемнің экс-чемпионы:
«Мен Головкиннің үздік жылдары артта қалды деп ойлаймын. Ол қартайып барады, сондықтан Альварес жеңіске жетеді деп санаймын. Бірақ Головкин де осал емес, «Канелоны» нокаутқа түсіруі әбден мүмкін. Қанша дегенмен бұл бокс емес пе?! Егер кімнің жеңетініне болжам жасауым керек болса, Альваресті таңдаймын. Мексикалықтың нокаутпен жеңетініне күмәнім бар. Сондықтан ұпай бойынша басым түсуі ғажап емес. Головкин қазір бұрынғыдай емес. GGG мені таң қалдыра алмай жүр. Себебі, көп соққылар жіберетін болды», деді Карл Фроч IFL TV-ға берген сұхбатында.Дэнниэл Джейкобсқа қарсы кездесуінен кейін бірқатар сарапшылар қазақстандық боксшының 35 жасқа келуін алға тартып, жасы келгенін мәлімдеді. Ал Головкиннің бапкері Абель Санчес мұндай пікірмен мүлдем келіспейді. Ол қайта Джейкобсты орта салмақтағы GGG-дан кейінгі екінші боксшы екенін, шәкіртінің оған қарсы лайықты деңгейде жұдырықтасқанын айтты.
Роберто Дюран, панамалық боксшы, төрт салмақ дәрежесінде әлемнің экс-чемпионы:
«Меніңше, екеуінің қайсысы жекпе-жек күні өз деңгейінде болса, сол жеңіске жетеді. Өз басым Альвареске басымдық берер едім. Себебі, Гена Джейкобсқа қарсы өткізген айқасында әлсіз тұстарын көрсетіп қойды. Дегенмен, Головкин де нокаутпен жеңуі мүмкін. «Канело» оның соққыларына шыдас берер ме екен?! Бізге осы жағы белгісіз болып отыр. GGG-ді соққыға жығу үшін оны барлық бұрышынан ұру керек. Егер ол саған тіке келер болса, нокаутқа түсіруден тайынбайды. Онымен жұдырықтасқанда жылдам қозғалып, шыр көбелек айналып жүріп қарсы соққы беру керек», деді Роберто Дюран La Prensa басылымына берген сұхбатында.Геннадий Головкин соңғы кездесуінде Дэниел Джейкобсты нокаутпен жеңбеуінің бір құпиясы болуы мүмкін. Ол Сауль Альвареспен кездесу өткізгісі келетінін осыдан бірнеше жыл бұрын ашық айтқан еді. Өз кезегінде «Канело» бұл айқастан қашпайтынын бірнеше рет мәлімдеген, алайда, келіссөздерге келмей жүрді. Тіпті, WBC бойынша Головкинмен міндетті жекпе-жектен де бас тартты. Аталған белбеуді еш қарсылықсыз қазақстандық боксшыға қалдырып, өзі басқа салмаққа ауысып кетті. Ал Джейкобсқа қарсы айқасынан кейін Головкиннің осал тұстарын байқап, жеңетініне де сенімі артқан болуы мүмкін. Қысқасын айтқанда 18 наурыздағы кездесу Головкиннің «Канелоға» құрған қақпаны болуы ғажап емес.
Мэнни Пакьяо, сегіз салмақ дәрежесі бойынша әлем чемпионы атанған жалғыз боксшы (59 жекпе-жек, 6 тең, 2 жеңіліс, 38 нокаут):
«Боксшылар үшін де, көрермендер үшін де үлкен айқас болары сөзсіз. Сондықтан нақты бір болжам айту да оңай емес. Головкин де, Альварес те мықты боксшы. Бірақ меніңше, GGG сәл ірілеу болғандықтан аздаған басымдыққа ие», деді Вoxingscene.com басылымына берген сұхбатында.Әрине, бокста салмақ дәрежесі үлкен рөл атқарады. Дегенмен, қос спортшының да бір салмақта жұдырықтасатынын естен шығармаған жөн.
Кіші Флойд Мэйуезер, америкалық боксшы, бес салмақ дәрежесінде әлемнің экс-чемпионы:
«Головкиннің соққылары жойқын екеніне күмәнім жоқ. Бірақ ол баяу қозғалады, сондай-ақ қателіктері де көп. Оның Альваресті жеңетініне күмәнім бар. «Канело» қазіргі уақытта үздік боксшылардың бірі. Оны қатты сыйлаймын әрі GGG-дан айласын асырарына сенімдімін. Бұл жекпе-жек 12 раундқа дейін созылады деп ойлаймын», деп жазды оның сөзін Boxingnews24.com басылымы.Мэйуезер Головкиннің әйгілі қарсыластарының бірі. Қазақстандық боксшы туралы жағымсыз пікір айтқанды ұнатады деп те айтуға болады. Ал өз кезегінде отандасымыз оны бірнеше рет шаршы алаңда күш сынасып көруге шақырған болатын. Мэйуезермен жұдырықтасу үшін тіпті, салмағын азайтуға дейін келісетінін айтқан еді. Алайда, Флойд осыған дейін бірқатар атақты боксшыларды жеңгенін алға тартып, Генаның ұсынысынан үзілді-кесілді бас тартқан болатын.
Андре Уорд, америкалық боксшы, жартылай ауыр салмақта WBA (Super), WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы:
«Егер сырттай қарайтын болсақ, Головкиннің «Канелодан» ірілеу екені анық көрініп тұр. Бірақ бұл Головкинге басымдық бере қояр ма екен?! Альварес оның жойқын соққыларына төтеп бере ала ма?! Міне, осы екі жайт маған да қызық болып тұр. Кімнің жеңіске жететінін нақты айту қиын. Бір ғана жойқын соққы кездесудің тағдырын ғана емес боксшының да карьерасын күрт өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл жекпе-жекте не боларын, кімнің жеңіске жетерін өзім де білмеймін. Бір айтарым, бұл нағыз бокс болмақ. Мұнда барлығы бар. Жанкүйерлер ұзаққа дейін осы кездесуді талқылайтынына сенімдімін», деді ол. Уордтың бұл пікірін ESPN басылымы хабарлады.Айта кетер тағы бір жайт, бокста белбеуді қорғағаннан, қайта оған үміткер болған жеңілірек. Себебі, Головкин жеңілетін болса, бүкіл атағынан айырылып, бәрін басынан бастауына тура келеді. Ал Альварес есе жіберсе жоғалтатын түгі жоқ деп айтуға болады.
Кіші Хулио Сезар Чавес, мексикалық боксшы, WBC нұсқасы бойынша әлемнің экс-чемпионы:
«Бұл өте жақсы жекпе-жек болмақ. Бұл жерде бір мәселе бар, «Канело» GGG-дің әдісіне қарсы тұрып, өз өнерін көрсете ала ма? Менің ойымша Альварес қарсылық таныта алмайды. Жекпе-жектің басында «Канело» Головкинге сес көрсете алар ма екен? Өз басым соңғы раундтарда GGG-дің нокаутпен жеңетініне бәс қоямын», деп жазды кіші Чавес өз инстаграмында.Сауль Альварес соңғы кездесуін дәл осы отандасы кіші Чавеске қарсы өткізген. Нәтижесінде, төрешілердің бірауыз шешімімен «Канело» жеңіске жеткен болатын. Сондықтан, Альварестің басым әрі осал тұстарын осы боксшы жақсы біледі деп айтуға болады. Дәл осы бокс кешінің соңында Альварес келесі айқасын Головкинге қарсы өткізетінін ресми түрде мәлімдеді.
Кіші Крис Юбенк, британ боксшысы, екінші орта салмақтағы IBO белбеуінің иегері:
«Егер «Канело» рингке сенімді түрде шығар болса, жеңіске жетеді. Меніңше, өткен жылы Головкиннің күшінен сескенгендіктен белінде тұрған белбеуін еш қарсылықсыз берді. Бұл оның осындай қадамға баруының жалғыз себебі. Ал егер Альварес GGG-дің шама-шарқын ойлап, іштей жүрексініп шығар болса, жеңістен дәметпесе де болады», деді кіші Юбенк boxingnewstoday.net басылымына берген сұхбатында.Әрине, қандай боксшы болмасын шаршы алаңға психологиялық дайындықпен шығуы керек. Егер әрбір спортшы рингке қарсыласынан сескеніп шығар болса, қанша жерден күшті болғанмен, жеңіске жетуі екіталай.
Дэниэл Джейкобс, америкалық боксшы, Головкиннің соңғы қарсыласы:
«Головкиннің осал тұстарын мен ашып көрсеттім. Дәл осы кездесудегідей Генаның қолдарын төмен түсіріп жұдырықтасқанын көрмегендеріңізге сенімдімін. Шыны керек, бұл жекпе-жекте кімнің жеңетіні маған бәрі-бір. Бірақ GGG сәл ірілеу болғандықтан жеңіске жетуі мүмкін. Осы айқастың жеңімпазымен күш сынасуға дайынмын», деді Boxingnews24.com тілшісіне берген сұхбатында.Сырттай қараған адам «жеңілген күреске тоймайды» деген осы болар деген пікірде қалуы мүмкін. Әрине, Джейкобстың аса қатерлі аурудан жазылып шығып, Головкиндей боксшымен лайықты деңгейде жұдырықтасып шығуы ерлікке пара-пар. Бірақ жоғарыда айтылғандай бұл отандасымыздың Альвареске арнайы әзірлеген жоспары болуы әбден мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, Геннадий Головкин мен Сауль Альварес арасындағы кездесу 16 қыркүйек күні, яғни осы сенбіде (Астана уақытымен 17 қыркүйек, жексенбі) Лас-Вегастағы T-Mobile аренасында өтеді. Бұл кездесуге GGG еншісіндегі барлық белбеуін (WBA (Super), IBO, WBC және IBF) қойса, «Канело» The Ring атағын сарапқа салмақ.
Айта кетерлік тағы бір жайт, Геннадий осыған дейін 37 кездесу өткізіп, бәрінде жеңіске жетті. Оның 33-ін нокаутпен аяқтады. Ал Сауль Альварес 49 айқастың 34-інде қарсыласын нокаутқа жіберсе, біреуінде жеңіліп, тағы бірінде тең түсті.
Дайындаған Аян ӘБДУӘЛИ, «Егемен Қазақстан»