Мәжілістің жаңа сессиясындағы алғашқы жалпы отырысында Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасында қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы шартты ратификациялау туралы заң жобасы қаралды.
Бұл шартқа Елбасы Н.Назарбаевтың 2016 жылғы тамызда Сербияға барған ресми сапарында екі мемлекеттің басшылары қол қойған болатын. Еуропа елдерімен осындай екіжақты шарттар жасау өте маңызды. Өйткені біз әлі Еуропалық кеңестің конвенциясына қосылған жоқпыз. Ал енді мынадай екіжақты шарттар арқылы біз Еуропа құрлығын қамтып, нәтижесінде аталған конвенцияға қосылуға мүмкіндік аламыз.
Қазір Қазақстан мен Сербия арасында ерекше достық қарым-қатынастар орнап келеді. Сербия Қазақстанның барлық әлемдік бастамаларын қолдап отыр. ЭКСПО халықаралық көрмесіне де белсенді түрде қатысты. Экономика саласындағы екіжақты ынтымақтастық та нығайып келеді. Бүгінгі таңда Қазақстанның құрылыс және сауда саласында Сербияның 24 компаниясы жұмыс істейді. Сондай-ақ қазақстандық кәсіпкерлер де Сербия экономикасына инвестиция құюда. Көші-қонның белсенділігіне екі ел арасындағы визасыз тәртіп оң ықпалды әсер жасап отыр.
Қазіргі заманда құқық бұзушылық барлық елдердің дамуында экономикалық кедергілердің бірі болып табылады. Кез келген ел халықаралық ынтымақтастық жасамай бұл істе нәтижелі күрес жүргізе алмайды. Тек қана мемлекеттердің бірлескен күш-жігерімен трансұлттық қылмыстарға қарсы тиімді күрес жүргізуге болады. Қылмысқа қарсы күрес туралы заңнаманы жетілдіру де өзара бірлескен іс-қимылдарды талап етеді. Бір сөзбен айтқанда, барлық экономикалық және мәдени байланыстарды кеңейтуде де осы заң жобасын қабылдау өзектілігін көрсетіп отыр.
Қаралған заң жобасы Қазақстан Республикасы мен Сербия Республикасы арасындағы қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсетуге тікелей бағытталған. Заң жобасы осы мәселені реттейді. Мұнда халықаралық тәжірибені ескере отырып, көрсетілген көмектің нақты нысандары мен қылмыстың түрлеріне қарай ынтымақтастықтың қалыптасқан рәсімі көзделген. Осы шаралар мемлекеттің қылмысқа қарсы күресін жетілдіре түсіп, тұтастай алғанда қылмысты азайтуға және оның алдын алу шараларын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді деп ойлаймын.
Қабиболла ЖАҚЫПОВ, Мәжіліс депутаты