• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Қыркүйек, 2017

Ғылым мен технологияның әліпбиі

395 рет
көрсетілді

Қазақ қоғамын жаңғыртуға бастаған бірінші, екінші жаңғыру еліміздің экономикалық әлеуеті мен халқымыздың жасампаздығын әлемге паш етті. Елбасының “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты еңбегінде атап көрсетілгендей экономикалық және саяси реформаны қоғамды рухани жаңғырту арқылы ғана баянды етуге болады. Сондықтан да қоғамдық сананы өзгерту – Қазақстандық үшінші жаңғырудың қуатты қайнар көзі болып табылады.

Тұңғыш Президентіміздің  көреген  саясатының арқасында еліміздегі аса зор өмірлік мәні бар тіл саясатының күрделі де, нәзік мәселелері, әрқашанда мемлекеттік тұрғыдан үйлесімді шешімін тауып келеді. Қазақ қоғамының саналық жаңғыру кезеңінде қазақ тілін іштей түлетіп, жаңа деңгейге көтеру мақсатында,  қазақ жазуының латын графикасына негізделген жаңа нұсқасын жасау жөніндегі бастаманы қоғамдық орта, әсіресе, жастар қауымы дер кезінде көтерілген, маңызды мемлекеттік деңгейдегі мәселе деп қабылдап отыр.

Сөз жоқ, ғаламдық дамудың жаңа дәуірінде латын әліпбиіне көшу мәселесі тарихи қажеттілік болып табылады және тіл саясатында халықаралық ақпараттық-коммуникациялық құралдарды пайдалану бүкіләлемдік трендтер талабына толық сәйкес келеді. Қазір дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының  70 пайызы латын графикасымен беріледі. Әлемдегі барлық IT сала өздерінің бағдарламалар базасы мен техникалық шешімдерін латын таңбасында жасайды. Біздің жастардың латыншаға әлдеқашан бауыр басып алғанын атап айтқан жөн, қазір Қазақстан жастары гаджеттерді белсенді қолданады, еліміздің басым бөлігі латын әліпбиін жақсы меңгерген. Демек, қазақ тілін латын қарпіне көшіру бүгінгі өмірдің шынайы талабы болып табылады. Ол, ана тіліміздің әлемдік өркениет кеңістігіне сәтті қосылуына, оның жаңа геосаяси әлемдегі қарым-қатынастық мәртебесінің артуы мен ғылыми-техникалық прогрестің қалың ортасында болуына мүмкіндік туғызады.

Латын әліпбиіндегі қазақ жазуын қалыптастыру - ұлттық сананы  азат етіп, жаңғыртуға аса үлкен қозғау салатын, қазақстандық бірегейлік  пен ұлттық бірлікті одан әрі нығайтуға ықпал ететін маңызды қадам.

Біз латын графикасына негізделген жаңа әліпбидің ұлтымыздың ғаламдық бәсекелестіктегі әлеуетін арттырып, Қазақстанның жаңа тарихында Елбасы бастамаларының әлденеше рет өз шешімін тапқанындай толық іске асатынына сенімдіміз.

Ғалым Мұтанов,

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық

университетінің ректоры, академик