Бүгін Ташкентке мемлекеттік сапармен келген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев шағын және кеңейтілген құрамда келіссөздер өткізді.
Келіссөздердің қорытындысында екі елдің мемлекет басшылары бірлескен мәлімдемеге қол қойды. Мұнан бөлек, су қатынастары саласындағы ынтымақтастық мәселелері жөніндегі жол картасын Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары А.Мамин мен Өзбекстан премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Раматов рәсімдеді. Сонымен қатар олар қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктерін, автомобиль жолдарын қайта құру, жаңғырту және іргелес аумақтарды абаттандыру жөніндегі жол картасын бекітті. Ал еліміздің Қаржы министрлігі мен Өзбекстанның Мемлекеттік кеден комитеті арасындағы контрабандамен және кеден заңнамасын бұзумен күрестегі ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Қаржы министрі Б.Сұлтанов пен ӨР Мемлекеттік кеден комитетінің төрағасы М.Тохири, Қазақтан Үкіметі мен Өзбекстан Үкіметі арасындағы әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық туралы келісімге ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б.Атамқұлов пен ӨР Қорғаныс министрі А.Азизов, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ пен «Өзбекстан темір жолдары» АҚ арасындағы стратегиялық ынтымақтастық туралы келісімге «ҚТЖ» президенті Қ.Алпысбаев пен «ӨТЖ» басқармасы бастығының бірінші орынбасары А.Шукуров қол қойды. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Қ.Бозымбаев және Өзбекстан Республикасы премьер-министрінің бірінші орынбасары А.Раматов Энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімге қол қойды.
Сонымен қатар екі елдің өңіраралық ынтымақтастығын дамытуға бағытталған құжаттарда рәсімделді. Атап айтқанда, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы Қызылорда облысы мен Новои облысы, Оңтүстік Қазақтан облысы мен Ташкент, Оңтүстік Қазақтан облысы мен Сырдария облысы арасындағы меморандумдарға аталған өңірлердің әкімдері қол қойды.
Динара БІТІК, "Егемен Қазақстан" Ташкенттен