Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев кеше Түрікменстан астанасы Ашғабатқа жұмыс сапарымен барып, жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысты.
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қазақстан Президентін Ашғабатта өтіп жатқан Азия ойындарының ашылу салтанатына құрметті қонақ ретінде қатысуға арнайы шақырған болатын. Қазақстан Президенті Өзбекстандағы мемлекеттік сапары аяқталысымен бірден Түрікменстанға аттанды.
Бөріктінің намысы бір...
Нұрсұлтан Назарбаевты Гурбангулы Бердімұхамедов әуежайдан өзі қарсы алды. Азия ойындарының ашылу салтанаты басталғанға дейін Түрікменстан Президенті мен Қазақстан Президенті екіжақты кездесу өткізіп, елдер арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. «Бөріктінің намысы бір» демекші, бауырлас елдердің халықаралық деңгейдегі осындай ауқымды шараларды өткізу кезіндегі бірін-бірі қолдап-қолпаштауы өте маңызды екендігін әңгімеледі.
Жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындары – спорт әлеміндегі беделі биік, байрақты бәсекелердің бірі.
Мұндай халықаралық жарыс бұрын екі жылда бір өткізілетін, тек 2013 жылдан бері оны 4 жылда бір рет өткізу туралы шешім қабылданды. Сол жылы шара Оңтүстік Кореяда өткен болатын. Оған дейін мұндай Азия ойындарының жалауы Вьетнам (2005 жылы), Қытай (2007 жылы), Таиланд (2009 жылы) сияқты Азияның алпауыт елдерінде желбіреді.
«Осындай кезде қолдау көрсету біздің көршілік, бауырластық парызымыз деп білемін. Сізді жабық кешенде өтетін Азия ойындарының ашылуымен құттықтаймын. Осы шара қарсаңында көптеген спорттық нысандар салынды. Олардың бәрі ертеңгі күні халық игілігіне қалады. Сонымен қатар, мұндай шаралар Түрікменстанды, оның астанасын жақын тани түсуге, мемлекеттің тәуелсіздік жылдары ішіндегі жетістіктерін әлемге кеңінен паш етуге мүмкіндік береді», деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ елі қысқы Азия ойындары, Бүкіләлемдік студенттер универсиадасы сынды әлемдік деңгейдегі ауқымды спорттық шараларды лайықты деңгейде өткізгенін атап өтті.
«Таяуда ғана ЭКСПО аяқталды. Біздің өңірімізде мұндай оқиғалардың өтуі өте маңызды. Ал бүгін Азия ойындарының ашылуына зор ризашылықпен қатысатын боламыз. Біздің қарым-қатынастарымызға қатысты айтар болсам, сіздің сапарыңыздан кейін көп шаруа жасалды. Меніңше, экономикалық ықтымақтастығымыз артады», деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев сөз арасында Өзбекстанға мемлекеттік сапармен барып келе жатқандығын, жүргізілген келіссөздер барысында көптеген мәселелердің шешілгендігін де атап өтті.
Түрікменстан Президенті өз кезегінде шақыру ұсынысын қабыл алғаны үшін Елбасына ризашылығын білдірді. «Бұл біздің ортақ мерекеміз саналады. Түрікмендер мен қазақтар, тәжіктер спорттық өңір саналады. Меніңше, баршамызға ортақ осынау мерекеде саламатты өмір салтын қалай қадірлеп, халықты қалай ұйыстыру керектігін бүкіл әлемге паш ететін боламыз», деді өз кезегінде Гурбангулы Бердімұхамедов. Айтуынша, Азия ойындарына әлемнің 64 мемлекетінен спортшылар келген. Бұған қоса, БҰҰ өтінішімен босқындар да бұл жарысқа арнайы команда құрып, сынға түспек. Осы қадамы арқылы түрікмен халқы өңірдегі тұрақтылықты, қауіпсіздікті сақтауға мүдделі екендігін көрсетуге ұмтылуда.
«Сіз ЭКСПО-2017 көрмесін өткіздіңіз. Осынау өңір үшін бұрын-соңды болмаған ауқымды шараны ең жоғары деңгейде ұйымдастыра алдыңыздар. Бүгінде Сіз бен біз осындай биік шыңдарды бағындырудамыз», деді Түрікменстан басшысы.
Спорт саңлақтарына сенім зор
Елбасы екіжақты кездесуден соң Ашғабаттағы жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық кешенде өтетін V Азия ойындарына келген Қазақстанның ұлттық құрамасымен және спортшылар делегациясымен кездесті.
Кездесу барысында Елбасы ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашғабатқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.
«Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар», деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев алғыс білдірді. «Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біздер – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашғабатта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз», деді Қазақстан құрамасының капитаны.
Президент мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, саламатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол саламатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек», деді Елбасы.
Танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы және Бейжің мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты. «Жұмыс кестеңіздің тығыз екеніне қарамастан, бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз», деді Ольга Рыпакова.
Соңында Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллиондаған жанкүйерлер спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенімді екенін айтып, олардың жарысты сәтті бастап, айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.
Динара БІТІК, «Егемен Қазақстан» – Ашғабаттан
Суреттер Президенттің баспасөз қызметінен алынды