• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
18 Қыркүйек, 2017

Айдындағы айғыздар

473 рет
көрсетілді

Соңғы кезде әлдеқашан марқұм болып кеткен майталман тұлғалар, тарихи есімдер туралы әлеуметтік желіде түрлі дақпырт сөздерді желше гулетіп, қадірлі, сыйлы зиялы­лары­мыздың өмір-өзегінен кір-кілти­пан іздеу, сенсация қуу, т.с.с. жат әдет­тердің жапан түзде жалғыз жортқан саршұнақша ара-тұра төбесі қылтиып көрініп қалып жүр. 

Ондайлардың көксеген мақсаты біреу-ақ. «Жаңа­лықты жұртқа бірінші болып мен жеткізейін, шындықты шімірікпей айтып салатын бұл неткен ғажап батыл жан еді десін мені, ақиқатты ашқанның айыбы жоқ, біз тарихта болған оқиға­ның бәрін бүкпесіз ашық жаза беруіміз керек, өйткені демократиялық қоғамда өмір сүріп жатқан жоқпыз ба?» дейді. 

Баяғыда атам қазақ «Құдайдан қорық­пағаннан қорық» деп өсер ұрпағын әуелі иманға бас июге үйрететін. О дүниелік болған кісінің сыртынан ғайбат сөз айтқызбай, тыйып тастап отыратын. Әруаққа тіл тигізу имансыздықтың белгісі болып саналатын. Ал қазір кей пенде­лерге, тіпті рухани құнарымыз – Абайға ауыз салу, бүлдіріп тұрып бүлк етпеу түк болмай қалды. Белгілі жазушы, драматург Роза Мұқанова «Өзектегі өкініштер» атты еңбегінде: «Әлі есімде, Жазушылар одағында қызмет істейтін кезім болатын. 

– Мен қазіргі Абаймын! – деп даурықты дүр-ақын. 

– Қазаққа бір Абай жетеді, сіз тарихта өзіңіз болып қалмайсыз ба.., – дедік біздер. Қитыққан түрі ме: «Мен Абайың­нан да мықтымын, менің жанымда Абай­ларың жай, әншейін!» – деді ол қолын көкке сілтеп. Сенбесең, мынау Абай­дың өлеңі, тыңда! Ал мынау менің өлеңім! Ол өз өлеңін қоқилана оқыды да, Абай­ға келгенде шабандап, салғырт оқыды.

Алланың құзырына бағынудан бас тартқан Ібілістің өркөкірек, тәкаппар сиқы осындай болған шығар, сірә», деп жазды. Әлі де қазақтың қасиетін, қазынасын көзге ілмейтін дөңайбат ойлар, ісіп-кеуіп ірілік­тен ірігендер аяғыңа шырмауықша ора­тылып, алға бастырмай тұрғаны анық.  Содан соң, әлеуметтік желідегі ұлардай шулаған тобырға көзің түсіп, «Апыр-ай, ақын Сәкеннің әруағында не ақылары бар екен соншама?» дейсіз. Өткен тағдырын қазбалап, ақынның айнадай таза айдынын батпақ балақпен айғыздағанда, өмірлері содан гүл-гүл жайнап шыға келсе мейлі-ау шіркіндердің. Енді бір жазбаға құлақ ассақ, «Қасым Қайсенов ағамыз әнші Роза Бағланованы сынап тастапты-мыс». Қазақтың аңызға айналған қос тұлғасын, халықтың сүйіспеншілігіне ие жандардың бірін көкке самғатып, екіншісін жермен жексен еткенде, кім қандай абырой табады екен-ай дейсіз ғой баяғы. Мұқым Қазақ елі аялаған есімдерге деген әз құрмет өмірде аттары беймәлім жандардың бірлі-жарым осындай жазбаларымен өзгеріп сала береді дегенге кім сене қояды дейсіз, әрине? Алайда қайсар ағамыз бен әнші апамыздың ерлігі мен өнерінен бейхабар, көрмей өскен кейінгі ұрпақтың көзіне шалынған кез келген мұндай дерек келешекте жас сананы шатастырмай қоймасы тағы анық-ау...

Біз өзімізді ешуақытта өзге өрке­ниет­тердің дәлме-дәл көшірмесі бола алмайтын, салт-дәстүрі сақталған, руха­ни қалыбы бапталған халықпыз деп санай­мыз. Жеке бастың хикаяларын, тағдырын көпшілікпен бөлісу, отбасылық сырды баяндау – қазақтың менталитетінде жоқ, ал батыста ол – қалыпты жағдай. Онда белгілі өнер жұлдызының, тұлғаның баспалдақтан сүрініп кеткеніне дейін тәптіштеп жария ету – бар үрдіс. Мысалы, ағылшындар: «Ұлыбританияның премьер-министрі Уинстон Черчилль есепті мүлде қақпапты, атақты мультимиллионер Ричард Брэнсон сөйлегенде тілі күрмеліп, оқығанын миында сақтап тұра алмайтын нағыз ақпа құлақтың өзі болған деседі», деп, орыстар: «Ғалым, конструктор Сергей Королев мектепті кіл үшке бітір­ген... Антон Чехов гимназияда ор­нын­да екi рет қалып қойған, ақын Алек­сандр Пушкин есепке шорқақ болған, химик Дмитрий Менделеевтің де сабағы аса мәз болмаған, студент кезінде Лев Толстой емтиханнан «бiр» деген баға алған, Владимир Маяковский үлгерімі нашар оқушы болған, бірақ кеңестік идеологияның сойылын соғатын жырлар жазған ақынның бала күнгі мұндай кемшіліктерін Кеңес Одағы жария етуге рұқсат етпеген, Ресейдің бiрiншi президентi Борис Ельцин тәртiбi үшiн мектептен қуылған» деп, ал еуропалықтар: «Исаак Ньютон мектепті өте нашар оқы­ған, физика пәнiнен үлгерімі өте төмен болған, атақты композитор Бетховеннің жазғандарында қате өріп жүреді екен, жай қарапайым сандарды қосу мен көбейтуді білмепті, Альберт Эйнштейн сабақты нашар оқығаны сонша, баласының келешегінен күдер үзген байғұс ата-анасы оның ертеңгі тағдырына алаңдап, қатты қайғырыпты» деп емін-еркін жаза береді. Және бұлар құлаққа соншалық түрпідей тимейді. Тарихи тұлғалар өмірінің қызық беттері ретінде ғана қабылданады. Бір сәт асықпай мән берсек, әлеуметтік желідегі көңіл жабырқатар әлгіндей дүмбілез пайымдар мен дөрекі тұжырымдар бір жағы осыларға еліктеп-солықтаудан туып жүрген жоқ па екен деген ой да жоқ емес... Естелік дегеніміз ең алдымен, естілік емес пе? Олай болмаған күнде жүректер жараланбай ма?!