«...Кез келген қаламгер кітапты шексіз сүйеді, бұл – табиғи құбылыс. Өзінің жеке кітапханасын қалдырмаған жазушыны тарихтан іздеп табу мүмкін емес шығар. Әдетте мұндай кітапханалардың тағдыры өте қайғылы жағдайда аяқталып жатады. Егер ұрпағына арнайы тапсырумен үлкен кітап қорларына қосылмаса, оны сараң, бейғам «мұрагерлері» талан-таражға түсіреді. Бағалы жәдігерлер шатырларда шашылып, я әрбір букинистерде саудаға түсіп, кітапқа жаны ашымайтындардың қолдарында тоз-тозы шығады. Әдебиет зерттеушілері оларды сарсаңға түсіп іздеп тауып, кітап жиегіндегі қаламгердің ескертпелеріне жолыққанда, жазушы шығармашылығына жаңа мағына үстейтін құнды пікірлерді тауып та жатады.
Петрарканың жеке кітапханасының тағдыры белгілі ғой. 1374 жылы ақын өмірден озғанда Еуропадағы ең бай кітапхана болатын. Соғыс кезінде Италия мен Францияның қалаларына алма-кезек көшіп, бір билеушінің қолынан екіншісіне ауысып жүрді. Пьер де Ноляк мұқият каталогын құрастырып, ұлы гуманистің ойына жолығу үмітімен әр кітапты парақтаумен болған. Осыған ұқсас Биркенмайер Коперниктің кітапханасын жіті зерттеумен айналысты. Бұл ісі өте сәтті болып, әр кітаптың қолға түскен мерзімін тауып, оны ғалымның мұрасын зерттеуде ұтымды пайдаланды. Сент-Бев туралы монографияның авторы Боннеро, тіпті әріге кетіп, Париж кітапханаларының архивін ақтарып, Сент-Бев тапсырыс берген бүкіл кітаптарды тауып, оның жұмыс күндерінің дәлме-дәл күнтізбесін жасаған».
Ян Парандовскийдің «Сөз алхимиясынан».
* * * Анау бір жылы соғыс ардагері Бибінұр Тынысбекқызымен әңгімелесуге барған едім. М.Төлебаев көшесіндегі үйіне кіріп барғанымда, ең алдымен ескі кітап сөресіндегі байлыққа көзім түскен. Әлем әдебиетінің классиктері серия бойынша қаз-қатар тұр екен. Кітап біткен серия бойынша, біркелкі түспен тұрғанда, тіпті көздің жауын алады. Драйзер мен Толстойдың, Достоевский мен Лондонның көптомдықтары қанша ынтықтырғанмен менің қолыма түспейді ғой. Өздеріне адам қолы тимегеніне біраз уақыт болғандай әсер қалдырған. Бақанастағы бір досымның үйіндегі жетпіс шақты әлем, қазақ жазушыларының кітаптары да мені дәл осылай арбап еді. Кітаппен достығы жараспаған жолдасыма қолқа салып едім анасы жинаған әдебиеттер екен. Бергісі келмеді.
Бұрын кітап оқу мәдениеттіліктің белгісі саналған дейді үлкендер. Әрбір қойшының үйінде кітап болған заманнан алыстап кеттік. Қазір небір зәулім үйдің иелері салтанатымен мақтанғанымен, сонша дүниенің ішінде шын байлық – кітапқа орын табыла бермейді. Қазір қазақтың үйінде кітапхана жоқ. Өткен заманда мыңдаған таралыммен шыққан, бірақ қалада біз қолымызға түсіре алмай жүрген классиктердің кітабы қай ауылда, қай қазақтың шатырында жатыр деп ойлаудың өзі – азап. Оны іздейтін біреу бар ма?
P.S. Жазушы Нұрғали Ораз «бала-шағасы кітапқа қызықпайтын жазушылардың ұрпақтары: «әкеміздің кітапханасын алсаңдаршы, үйге сыймайды» деп өтінген кездер болды», деп еді. Сол кезде Петрарканың кітапханасы мен өзім қызығуға ғана дәрменім жеткен классиктер есіме түскен.
Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»