Канадалық журналист Малкольм Гладуэлл «Елден ерекшеленгендер. Жетістік оқиғасы» («Outliers. The Story of Success») атты кітабында табысқа кенелген жандар туралы тұжырым жасайды.
Әдетте мансабы өсіп, кәсіби тұрғыда шыңдалып, танымалдығы артып, байығандар осының бәріне өз күшімізбен, адал еңбегімізбен жеттік дегенді жиі айтады. Гладуэлл айтпақшы, ондайлар жасырын артықшылықтар мен мүмкіндіктер бар екенін ескере бермейтін көрінеді. Басқалай айтқанда, қайда туып, қайда өскенінің де оның өмірінде маңызы жоғары. Автордың мұндай ойға келуіне Канададағы хоккей лигасы түрткі болған көрінеді. Гладуэлл кезекті финал ойынын тамашалай отырып, ойыншылардың туған жылы мен айынан бір заңдылықты байқайды. Сөйтсе ойыншылардың басым көпшілігі қаңтар, ақпан және наурыз айларында дүниеге келгендер болып шығады. Гладуэлл мұның себебін астрологиядан емес, хоккей лигасына іріктелу жүйесінен іздейді.
Канадада хоккей спорты өте жақсы дамыған, халықтың ең сүйікті ойыны. Оған балабақшадан бастап баулиды. Мектеп жасына келгенде түрлі хоккей лигалары басталады. Кәсіби спортшылардың белгілі бір айларда дүниеге келуі дәл осы кездегі өзгерістерден пайда болады.
Зерттей келе, мектептің алғашқы сыныптарында баланың қай айда туғаны рөл ойнайтыны анықталады. 1 қаңтар мен 31 желтоқсанда туған екі бала күнтізбе бойынша бір жылда туғанымен, олардың арасында 1 жас бар. 7 жасар бала 6 жасар баладан қабілеті жоғары болғаннан емес, денесі ірі және жетілгендіктен ғана шебер ойнайды. Бірақ жаттықтырушылар әлгі айы үлкен баланы қабілетті деп ойлап, жақсы топқа қосады да, көбірек жаттығу жасатқызады. Осылайша, айы үлкен ойыншылар іріктеліп, мықтырақ топқа түсіп, біліктілігі жоғары жаттықтырушымен жұмыс істейді. Нәтижесінде ол балаларда жаттығу сағаты сандық және сапалық жағынан жоғары болады. Осының арқасында олар әрдайым алда болып, кәсіби спортқа ауысқанда бастапқы сыныптастарынан әлдеқайда үздік ойын өрнегін көрсетеді.
Мұны әлеуметтанушылар жинақталатын артықшылық деп атайды. Жинақталатын артықшылық ұғымын мектептегі оқушыларға да қолдануға болады. Басында біліміндегі сәл ғана артықшылықпен көзге түскен оқушыға мұғалім көбірек көңіл бөле бастайды. Оған қосымша тапсырмалар береді, оның сұрақтары мен жазбаларына мұқият көңіл бөледі. Қажет болса өзі оқытатын пәннен олимпиадаға дайындайды. Сөйтіп 7-8 сыныптарға барғанда әлгі бала өте зерек, алғыр болып шығады да, қалғандары оның көлеңкесінде қалып қояды. Сабақты жақсы оқыған соң әлгі бала мектеп атынан жарысқа, лагерьге және түрлі жиындарға барады, қосымша марапаттарға ие болады. Жарысқа қатысу бәсекеге қабілеттілігін арттырса, лагерьдегі демалыс адамдармен тығыз қарым-қатынас орнатуға үйретеді. Ал марапаттар – материалдық ынталандыру. Осылайша, кезінде сыныптастарымен қатарлас болған бала 11-сыныпта өзінің құрбыларынан қатты ерекшеленіп тұрады.
Гладуэлл адамның қажетті уақытта дүниеге келуі тағдырына әсер ететінін дәлелдеу үшін адамзат тарихындағы ең бай 75 адамның тізімін құрастырады. Ол тізімде Египет ханшайымы Клеопатрадан бастап бүгінде ең танымал миллиардер Билл Гейтске дейін бар. Бір қызығы, тізімдегі 14 адам шамамен бір уақытта, 1932-1939 жылдар аралығында дүниеге келген. Мұның себебі 1860-1870 жылдары Америка тарихындағы ең үлкен экономикалық өзгерістердің болуында еді. Тізімдегі 14 адамның есейіп, ер жеткен шағы дәл сол кезеңге тұспа-тұс келеді. Егер 1840 жылдардан кейін дүниеге келсе экономикалық мүмкіндікті пайдалануға тым жас болып шығады. Егер 1820 жылдары туса жасы тым үлкен, олардың өмірлік ұстанымдары қалыптасып, жаңашылдықты оңай қабылдай алмайды. Әлгі 14 ер мен әйел сол аралықта дүние есігін ашып, өздеріне берілген мүмкіндікті өте жақсы пайдаланған көрінеді.
АҚШ-тағы Кремний алқабының танымал тұлғаларын қарастырсаңыз да осындай қорытындыға келуге болады. 1975 жылды сондағы ардагер мамандар жеке «компьютер тарихындағы революциялық жыл» деп атайды. Дәл сол жылы құны 397 АҚШ долларын құрайтын «Альтаир» 8800 электроникалық машинасы сатылымға шықты. Оған дейін мұндай құралдар үлкен бір бөлмені алатындай көлемде болатын және оның құны миллиондаған долларды құрады. Жаңа компьютердің пайда болуымен университеттер мен мектептерде компьютер бөлмелері пайда бола бастады.
Егер 1975 жылға қарай жасыңыз тым үлкен болса, сіз сол кездің өзінде-ақ IBM компаниясында жұмыс істеп жүрер едіңіз және компьютер саласындағы жаңалыққа көңіл бөлмес те едіңіз. Егер 1975 жылға дейін университет бітіргеніңізге бірнеше жыл болса, сіз ескі қалыппен үй алып, үйленіп, балалы-шағалы болып жұмысыңыздан айырылып қалмас үшін барыңызды салып жұмыс істей беретін едіңіз. Сол себепті 1952 жылға дейін туғандарды сызып тастауға тура келеді.
Тым жас болмау да маңызды. 1975 жылы балабақшада немесе мектепте жүрсеңіз жаңа туған мүмкіндікті пайдалануға үлгермей қаласыз. Демек, 1958 жылдан кейін туғандар да бұл санатқа кіре алмайды.
1975 жылғы революциялық мүмкіндікті пайдалану үшін 1954 немесе 1955 жылы дүниеге келу қажет еді. Бұл теорияны тексеру үшін Малкольм Гладуэлл Кремний алқабындағы бірқатар танымал тұлғалардың туған жылдарына жүгінеді.
Айталық, Microsoft компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс – 1955 жыл, 28 қазан, Microsoft компаниясының тең құрылтайшысы Пол Аллен – 1953 жыл, 21 қаңтар, 2000-2014 жылдары Microsoft компаниясының бас директоры болған Стив Балмер – 1956 жыл, 24 наурыз, Apple компаниясының негізін қалаушы Стив Джобс – 1955 жыл, 24 ақпан, 2001 жылдан бері Google компаниясына жетекшілік етіп келе жатқан Эрик Шмидт – 1955 жыл, 27 сәуір, Sun Mircosystems компаниясының негізін қалаушы Билл Джой 1954 жылы, 8 қарашада туған.
Аталғандардың бәрі – компьютер және бағдарламалау саласындағы жолы болған адамдар және түгелдей миллиардер атанған. Канадалық журналист Малкольм Гладуэлл жасаған тұжырым осындай.
Енді отандық тәжірибеге көз жіберіп көрелік. 1990 жылдары КСРО тарап, еліміз тәуелсіздік алғанда 10 жылға жуық экономикалық тұрақсыздық болды. Осы кезде әлеуметтік жағдайы бұрынғы саяси жүйеде төмен болған, бірақ саудаға икемі бар адамдар үшін жақсы жағдай туды. Осылайша, 90-жылдардың басында жоқтан бар жасап, бастапқы салымсыз кенет байып кеткендер аз болған жоқ. Олардың дені аумалы-төкпелі кезеңге 20 мен 30 жас аралығында енді. 40 пен 50 жастағылар жаңа нарықтық жүйеге бейімделмеген болып шықты, ал 10-15 жастағылар мектепте еді.
Енді қай жерде дүниеге келудің маңызына тоқталайық. Атақты Стив Джобс Американың өзге түкпірінде дүниеге келгенде тағдыры мүлдем басқа болуы мүмкін еді. Бағына орай, ол Сан-Францисконың оңтүстігіндегі Маунтин-Вью қалашығында дүниеге келді. Бұл қалашық Кремний алқабының эпицентрі саналады. Оның көршілері электроника бойынша әлемнің ең қуатты компаниясына айналған Hewlett-Packard инженерлері болды. Революциялық деп бағаланған 1975 жылы ол 20 жаста болды және оның қаласында әлі нарыққа ене қоймаған жаңа бизнестің идеясы ауада қалқып жүрді. Гладуэлл өз кітабында осыған қатысты Джобстың биографтарының естелігін келтіреді. Яғни, Стив Джобс Hewlett-Packard ғалымдарының кешкі лекцияларына қатысып, электроникадағы ең соңғы жаңалықтардан хабардар болып отырған. Бір күні ол тіпті Hewlett-Packard негізін қалаушыларының бірі Билл Хьюлеттке телефон соғып, электроника бөлшегін сұрайды. Нәтижесінде, өзі сұраған бөлшегін алып қана қоймай, компанияға жұмысқа орналасады. Компьютер құрастыру ісіне қатты қызыққан Джобс осылайша өз компьютерін жасауға құлшына кіріседі.
Дегенмен, әртүрлі факторларды тіземін деп, ізденімпаздықтың, тапқырлықтың, табандылықтың және дарынның рөлін еш төмендетуге болмайды. Жеткісі келетін адам міндетті түрде тер төгуі тиіс, бұл – шарт. Жоғарыда айтылған факторлардың бәрі сіздің өміріңізде орын алғанымен де, қол қусырып отырсаңыз жетістікке жете алмайтыныңыз анық.
Дархан ӨМІРБЕК, «Егемен Қазақстан»